Бұл бір керемет ойын болды. Бәсекенің 29 секундында ҚХЛ-дың ең бойшаң ойыншысы Виктор Сведберг (бойы 204 сантиметр) «Спартактың» қақпасын дәл көздеп, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастаса, бас-аяғы жеті-сегіз минут аралығында астаналықтар тағы екі мәрте мергендік танытты. Бұл голдардың авторлары – Мэтт Фрэттин мен Андре Петерссон. Алайда бұл жағдай қонақтардың сағын сындыра алған жоқ. Үзіліске дейін олар екі шайба соғып, есеп айырмашылығын қысқартты. Екінші таймда да шиеленісті тартыс өз жалғасын тапты. Бірақ бұл жолы басымдық «Спартак» жағында болды. Қарсыластар командасы соққан үш шайбаға айдын иелері бір ғана голмен жауап қайтарды. Үшінші кезеңде қос команданың алма-кезек шабуылы еш нәтиже берген жоқ. Қорытынды есеп – 4:5.
Қазіргі кезде «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 8 орында келеді. Жерлестеріміз 48 кездесу өткізіп, 67 ұпайды олжалауда. Енді өзінің келесі бәсекесін астаналықтар өз айдынында өткізеді. Бүгін біздің жігіттер Уфаның «Салават Юлаевына» қарсы ойнайды.
Дайындаған Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»