Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты бұған дейін қалыптаса бастаған кемшін көзқарастың пайымды жолға бет бұруына әсер еткен жайт − олардың өмірге деген құштарлығы. Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі. Ең бастысы, елінің бір кәдесіне жарасам деген өршіл мақсат-мұраттары деуге болады. Екіншіден, мемлекет тарапынан олардың осындай өршіл қадамдарын қолдауға қатысты қабылданған бағдарламалар мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігін кеңейтуге, масыл жандар емес, асыл жандар атануына даңғыл жол ашқаны шындық.
Ойды ой қозғайды. Егемен еліміздің арғы-бергі кезеңіндегі аса маңызды тарихи оқиға – тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдың 16 желтоқсаны болғаны белгілі. Содан бері Мемлекет басшысы тарапынан еліміздің өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне мол үлес қосқан адамдарға мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімі орнықты. Бұл рәсім Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп жүр. Мұндай марапаттар ең үздіктерге, кәсіби тұрғыдан биік белесті бағындырған және қоғам тарапынан мойындалған тұлғаларға тапсырылатыны да отандастарымызға жақсы мәлім. Айтайын дегеніміз, тәуелсіздіктің 27 жылдық мерекесі тұсында елі үшін айрықша қызмет ете білген, отаншылдықтың жарқын өнегесін көрсете білген тұлғалар еліміздің ең жоғары наградасы − «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Олардың бірі − Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова. 34 жасында автокөлік апаты салдарынан сал ауруына ұшыраған Құралай Базарбайқызының бұдан кейінгі ғұмыры – қиындыққа төтеп бере білу мен оны жеңудің таптырмас үлгісіне айналды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсыру сәтінде оның өмір қиындықтарына мойымай, тағдыр тауқыметін тартқан адамдарға өлшеусіз көмек көрсетіп жүргенін атап өткені мәлім.
Бүгінде Құралай Бәйменованың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету жөніндегі жобалары республикалық ауқымда қолдау тауып келеді. Ал ерік-жігері мол, рухы асқақ қазақ қызының өзі секілді жүздеген, мыңдаған мүмкіндігі шектеулі жанның жүрегіне от жаққаны, жұлдызын жарқыратқаны, шапағаты мен мейірім-шуағын төккені Мемлекет басшысы тарапынан бағаланғаны қандай ғанибет.
Бұл оқиға еліміздегі мыңдаған мүгедек және мүмкіндігі шектеулі жандардың ертеңіне деген сенімі мен үкілеген үмітін одан әрі орнықтыра түсті деуге толық негіз бар. Иә, бүгінде олардың кәдімгі он екі мүшесі сау адамдардай алаңсыз еңбек етуі, отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешуі, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере сүюі қалыпты құбылысқа айналып келеді.
Ата Заңымызда атап көрсетілгендей, ізгілікті қоғам құруға апаратын жолдың басы бірлік болып қала бермек. Ата-бабаларымыз «бірлік бар жерде тірлік бар», «барлық берекенің бастауы – бірлік» деген аталы да баталы сөздерді тектен-тек айтпаса керек. Осы халықтық қағиданы алға ұстай отырып, Құралай «Біз – біргеміз!» атты аса ауқымды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға бастамашы бола білді. «Егер менің іс-жоспарыма жергілікті атқарушы билік өкілдері мен ел-жұрт, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қолдау көрсетпесе, бұл жоба басы бар да аяғы жоқ жартыкеш күйінде қалып қояр еді. Бір сүйсінерлігі, бұлай болмады. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білуіміздің арқасында атап айтуға тұрарлықтай табыстарға қол жеткізе білдік» деп толғанады Қ.Бәйменова.
Сондай-ақ ол Елбасы Жарлығымен өңір басшысы болып тағайындалғандар бірі бастаған әлеуметтік жобаны кейінгісі жалғастырып, сабақтастырып алып кеткеніне ұдайы ризашылық сезімін білдіріп жүреді. Айталық, Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Елеусін Сағындықов Қ.Бәйменованың ұсыныс-жобасына сәйкес республикада тұңғыш рет мүгедектерге арналған тұрғын үй салуды іске асырса, өңірдің бүгінгі басшысы Бердібек Сапарбаев «Біз – біргеміз!» атты ортақ жобаның аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтарын ашуға, елімізде баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру-инклюзивті лагері мен «Нектар» коррекциялық балабақшасын құруға септігін тигізді. Облыс аумағында әлеуметтік қолдау мен көмекке зәру 27 мыңдай мүгедек мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Соның елеулі бөлігі Қ.Бәйменова жетекшілік ететін қоғамдық бірлестіктің есебінде тұрады. Аталған орталық техникалық-гигиеналық құралдар мен протезді-ортопедиалық бұйымдармен және тиісті емдеу кабинеттерімен қамтылған. Өмірде Қ.Бәйменова секілді қайырымдылық қағидаттарын жанының жалауы, көңілінің қалауы ете білген өзі секілді мүгедек жандарға жанашырлықпен қолдау көрсетіп жүрген қоғамдық-әлеуметтік құрылымдардың жетекшілері жеткілікті. Олардың қатарында өңірде еңбекте үздік жетістіктері арқылы ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене білген Гүлмейрам Сыражаева мен Зинаида Төлеуішева және Виктория Кваша мен Шахан Жолдасбаевтың есімдерін атай кеткеннің артықшылығы жоқ.
Құралай Бәйменованың «Біз − біргеміз!» деген батыл да байыпты бастамасы мен қоғамға пайда келтіре білу жөніндегі мақсатты ой-тұжырымын олардың бәрі де бір кісідей қолдайтынын сезінудің өзі бір мерей. Алға биік мақсаттар қоя біліп, оны жүзеге асыру жолында үздіксіз талпыну мен еңбектену – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Құралай Базарбайқызы осындай ой, жігер және мақсат тұтастығын бойына жинақтай білген биік парасат иесі.
Сөз соңында кейіпкеріміздің тағы бір мәрттігі мен жанының жомарттығы жөніндегі деректі оқырмандар назарына ұсына кеткенді жөн көреміз. Яғни ол жергілікті билік тарапынан өзіне сыйға берілген көтергіштері бар арнайы шетелдік су жаңа автокөлікті «Ғажап» атты мүгедек балалардың қоғамына тарту етті. Ерлікті еңселендіре білуге өз үлесін қосып жүрген Құралайдың еңбегі – айрықша да ажарлы, өршіл де өнегелі еңбек. Ол Мемлекет басшысының қолдауын, өзіне «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуін еліміздегі барша мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілген құрмет пен қамқорлық, аялы алақанның жылуы деп түсінеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ