Қазақстан • 18 Қаңтар, 2019

Суармалы жер көлемін қалай арттыруға болады

492 реткөрсетілді

«Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген атам қазақ. Мұның өзі қазақ халқының суармалы жер қасиетін ертеден танығандығын білдіреді. Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстан үшін суармалы жердің маңызы өте зор. Суармалы жерсіз құнарлы да сенімді жемшөп базасын жасау мүмкін емес. Ал мұнсыз еліміздің мал шаруашылығы заман талаптарына сәйкес дами алмайды. Суармалы жерлер көкөніс, бақша дақылдарын өсірудің, жеміс-жидек өндірісін дамытудың негізгі көзі болып есептеледі.

Қазіргідей егіншілік технологиялары, жылыжай өнеркәсібі қауырт дамып келе жат­қан заманда көкөніс өсіру ісімен әр өңірде шұғылдануға болар еді. Тек бұл үшін суармалы жерлердің болуы қажет. Суар­малы жерлердің тағы бір үлкен артық­­шы­лығы, суарылмайтын жерлерге қара­ғанда өнімді бірнеше есе артық бере алады. Яғни экономикалық тиімділігі де орасан зор.

Міне, осындай қасиеттеріне байланыс­ты суармалы жерге инвестиция салу да сенім­дірек. Өйткені ондай жерден алына­тын өнім көлемін, өзіңіздің кіріс-шығысыңыздың мөлшерін алдын ала жоспарлай аласыз. Яғни жауын-шашынға қараған жердегі секілді аспанға қарап алақаныңызды жайып отырмай сенімді түрде іске кірісе аласыз.

Елбасы Н.Назарбаев ауыл шаруашы­лы­ғын­дағы маңызды міндеттердің бірі ретін­де суармалы жер көлемін таяудағы уақыт­тың ішінде 600 мың гектарға арттыру мін­детін алға қойып, Үкіметке нақты тап­сырма берген болатын. Бұл тапсырма қалай орындалмақ?

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің Су ресурстары коми­тетінің төрағасы Ис­лам Әбі­шевтің айтуынша, Елбасы тапсыр­­масына сәйкес Суармалы жер­лерді дамыту­дың 2028 жылға дейінгі жоспары әзірленді. Оны министрлік пен Үкімет мақұлдап отыр.

Бағдарламаның басты мақ­саты – еліміз­дегі суармалы жер көлемін 3,5 миллион гектарға жет­кізіп, ол жерлерді тұрақты су көз­дерімен қамтамасыз ету. Бүгін­гі таңда суарылатын жер­лер­дің аумағы 1,4 миллион гек­тарды құрайды. Бұл орайда, ай­налымнан алынып тасталған, бірақ қажетті суармалы жер­лердің 600 мың гектары қайта қал­пына келтіріледі және жаңа 1,5 миллион гектар жер суармалы жерлер қатарына жаңадан енгізілмек.

«Бұл бізге не береді? Біз бір адамға шаққандағы еңбек өнім­ділігін 2,3 млн теңгеден 5,9 млн теңгеге дейін арттыра аламыз. Со­нымен қатар 300 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп жос­парлап отырмыз. Бұл ретте 2028 жылға қарай суарылатын жер­­лердің жалпы түсімінің өсімі 3 триллион 727 миллиард тең­ге­ні құрайтын болады», дейді И.Әбішев.

Егер бүгінде суарылатын жерлер бүкіл егіс аумағының 7 пайызын ғана құрап отырса және ауыл шаруашылығы дақыл­дарының жалпы өнімінің 40 па­йызы осы суармалы жерлерде өндірілетін болса, суармалы жерлердің аумағын 3,5 миллион гектарға дейін арттырған жағдайда, жалпы егіс аумағындағы суармалы жерлердің үлесі 15 пайызға дейін жетеді, ал ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімінің 80 па­йызын суарылатын жерлер беретін болады. Сонымен қатар суармалы жерлер өнімінің 70 пайызы шетелге экспортталады деп жоспарланып отыр.

Бұған қоса И.Әбішев суармалы жер­лер­ді суаратын сумен қамтамасыз ету тетігі туралы айтып берді.

«Су шаруашылығы инфра­құ­ры­лымын қалпына келтіруге соңғы 5 жылда жылына орта есеп­пен 7 миллиард теңге ба­ғыт­­талды. 3,5 миллион гектар аумақтағы суармалы жерді сумен қамтамасыз ету үшін 1,2 трил­лион теңге қажет. Егер бұл соманы 7-ге бөлсек, онда мақ­сатқа қол жет­кізу үшін бізге 100 жылдан астам уақыт керек болады. Бірақ мұны уақыт күт­пейді. Сондықтан мұндай үл­кен мақсатқа қол жеткізу үшін мем­лекет-жекешелік әріп­тес­тігі қағидатын қолдану қажет. Жаңа бағдар­ламаның мәні де осында» дейді комитет төрағасы.

Мемлекет-жекешелік әріп­тес­тігі теті­гін пайдалану тә­жі­рибесі әлемде кеңі­нен пайдаланылады. Мұны халық­аралық қаржы орталықтары, бизнес қауым­дас­тығы мен агросектор өкілдері де қолдайды.

Әрине суармалы жер тұ­рақ­ты су көзін қажет етеді. Осы­ған орай су қой­ма­ларының жағдайы да ретке келті­рілуде. Мәселен, елімізде 41 су қой­масын жаңғырту қажет болса, соның 7-сі алдыңғы жылы, 8-і былтыр жөн­делді. 26-сының жұмысы 2021 жылы аяқта­ла­тын болады. Мұның сыртында қосымша 23 су қоймасы жаңадан салынбақ. 

Енді осыған қосымша кіші су қойма­ларын жаңарту және жаңғырту жұмыстары жергілікті деңгейде де жүріп жатыр. Мәсе­лен, облыс әкімдіктері 48 кіші су қоймасын салмақшы.

Міне, осылайша елімізде су қор­ларын ны­ғайту және реттеу жұмыс­тары жүзеге асырылатын болады. Су инфра­құ­ры­лымдарын қайта қалыптастыру мәселесі тәуелсіз еліміздің мақсат-мұраттарына сәйкес іске асады. Су қоймаларының са­лынуы бір есептен қыстағы қар мен көктемде жауған жаңбыр суларын ұстап қалуға, оны тиімді пайдалануға және еліміздің су қорларын нығайта түсуге де қызмет ететін болады.

«Әрине Еуразия секілді алып құр­лықтың ортасында орналасқан, аума­ғының үлкен бөлігін шөл және шөлейт­ті жерлер алып жатқан ел болған­дық­тан табиғи факторлардың ықпалы алда­ғы уақытта да мығым қалпында қала бере­тіндігі анық. Бірақ біз өз тәуелсіздігіміз өз қо­лымызға тиіп, дамудың бүкіл жүйелі жос­парларын өз тарихымызда бірінші рет осылайша ұйымдастырып жатқан­дықтан, алдағы уақытта су тапшылы­ғына жол бермеудің барлық мүмкін­дігін қарастыратын боламыз. Ендігі мәсе­ле бар суды тиімді және үнемді пай­да­лануға келіп тіреледі. Ал бұл бүкіл ха­лық болып бірігіп атқаратын жұмыс» дейді И.Әбішев.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Тіл тұғыры биіктей бермек

Қоғам • Бүгін, 18:22

Сырдағы достық мерекесі

Аймақтар • Бүгін, 12:37

Күлкі керуені № 19

Руханият • Бүгін, 10:15

Жас буын жаңғыру жолында

Руханият • Бүгін, 08:39

ҚХЛ үздіктері қатарына енді

Хоккей • Бүгін, 08:10

Аргентиналық «Цунамимен» айқасады

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 08:09

УЕФА рейтингінде жоғарылады

Футбол • Бүгін, 08:07

Ұқсас жаңалықтар