Облыстық әкімдік соңғы үш жылда облыс пен аудан ауруханаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 18,8 миллиард теңге қаржы бөлгені белгілі. Іске асырылған бағдарлама аясында өңірдің денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала, қанайналым жүйесінің аурулары, онкология, травмотология мен ортопедия бағытында тәжірибелі сарапшыларды тарта отырып, кешенді аудит шаралар жүргізген. Нәтижесінде 2018 жылы Өскемен қаласында еліміздегі тұңғыш роботты хирургия және трансплантолгия орталығы, Алтай мен Аягөз аудандарында инсульт орталықтары, Семей қаласында ортопедия және политравма орталығы мен жедел медициналық көмек ауруханасының негізінде нейрохирургияға арналған гибридтік ота жасау бөлмесі құрылып, халыққа пайдасын тигізе бастады. Мұнымен қоса, медициналық қызметкерлерді ел іші мен шетелде оқыту бойынша нақты шаралар қабылданып, арнайы бағдарлама іске асырылуда. Оның мақсаты 2020 жылға дейін мультипәндік бригадалар принципімен кемінде 300 маманның құзіреттілігін арттырып, біліктіліктерін жетілдіру. Соңғы екі жылдың өзінде 153 маман Ұлыбритания, Германия, Жапония және Польша елдерінің жетекші клиникаларында оқудан өкен.
Білім мен денсаулық сақтау салаларына қомақты қаржы бағытталып отырғанын тілге тиек еткен аймақ басшысы Астананың жетекші орталықтарына облыстың ауруханаларында филиалдар ашуды, стратегиялық әрекеттестіктің өзге де жолдарын қарауды ұсынды. Мұндағы басты мақсат – шығысқазақстандық клиникалардың еліміздегі жетекші орталықтармен жан-жақты серіктестігін нығайту арқылы заманауи медицинаның оң тәжірибелерін басшылыққа ала отырып, өңірлік деңгейде жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.
Өңірдің медициналық орталықтары Астана деңгейінен еш кем еместігін ерекше атап өткен еліміздің жетекші орталықтарының басшылары облыста қолға алынған нақты шаралардың өзге өңірлерге үлгі болатындығын, соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысымен жоспарлы түрде жемісті қызмет жасап отырғандарын баяндады. Атап айтқанда, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басқарма төрағасы Ю.Пя республикалық орталықтардың Шығыс Қазақстанның жетекші клиникаларымен өзара стратегиялық әрекеттестігі сапа деңгейін арттырып, өңір жұртшылығына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететіндігіне тоқталса, Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы С.Ақшолақов инсульт орталықтарын құру жөніндегі өңірлік жол картасының тиімділігін атап өтті. Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының директоры Н.Батпенов Семей қаласында ортопедия және политравма орталығының жабдықталу деңгейін жоғары бағалап, 2018 жылғы желтоқсан айында орталық мамандарымен буындарды эндопротездеу және тізе буынының байланыстырушы аппаратын қалпына келтіру бойынша ота жасап, шеберлік-сағаттарын өткізгендігін айтты.
Кездесу соңында Өскемен қаласында қорытынды кеңес өткізу, клиникалар арасындағы стратегиялық әрекеттестікті нығайту жөнінде Денсаулық сақтау басқармасына тапсырма беріліп, танысу үшін астаналық орталықтарға жолданған тиісті шарттарды рәсімдеу туралы шешім қабылданды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН