Бұл бастама аясында Астанада Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты «Қазақстан инжиниринг» ҰҚ» АҚ, «№405 Авиажөндеу зауыты» мен «Ростех» корпорациясына қарасты «Вертолеты России» АҚ арасында Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтарын ірі тораптық құрастыруды Қазақстанда ұйымдастыру туралы келісімшартқа қол қойылды.
Отандық кәсіпорын Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтарын жөндеу, жетілдіру және техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін қазақстандық және халықаралық органдардың сертификаттарын иеленген. Оның үстіне аталған зауыт тікұшақтардың осы түрін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге біліктілігі сай келетін Қазақстандағы бірден-бір кәсіпорын болып отыр.
Сонымен қатар елімізде ауыр тікұшақтарды құрастыру технологиясы тұңғыш рет енгізілетіндігі және оның бюджеттік инвестицияларды тартпай ұйымдастырылатыны – жобаның негізгі басымдығы. Тікұшақтарды құрастыру өндірісі отандық қорғаныс өнеркәсібін, азаматтық тікұшақ индустриясын және оқу-жаттығу базаларын едәуір дамытуға мұрындық болады.
Қазір Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтарына негізінен мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық әуе компаниялары тарапынан тапсырыс берілуде.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»