Қазақстан • 18 Қаңтар, 2019

Шекарада тауар ағыны тексерілуде

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен мем­лекет­тік шекарасындағы 37 автомобиль өткізу пунктіне мемлекеттік кіріс­тер орган­дарының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуге кірісті.

Шекарада тауар ағыны тексерілуде

Осы мақсатта Ресей Федерация­сымен және Қырғызстанмен арадағы шекараның барлық автобекеттеріне 300-ге жуық қызметкер жіберілді. Олар экспортқа шығатын және импортпен келетін тауарларды тексеріп отырады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің жауапты тұлғалары өткізген брифингте айтылды. 

Комитеттің экспорттық бақылау басқармасының жетекшісі Әнуар Мәдиевтің айтуынша, биыл 16 қаңтардан бері 37 автобекетте 277 адам жұмыс істеуде. Оларға бірнеше міндет жүктелген. Біріншіден, комитет қызметкерлері экспорттық бақылауға жататын тауарларды қадағалайды. Екіншіден, баждың төмен­детілген мөлшерлемесіне кіре­тін тауарларды тексереді. Ондай тауар­ларға 3 мыңға жуық өнім кіреді. Үшіншіден, Еуразиялық эконо­микалық одақ аясында тауарларды сату, жұмыстарды орындау және қызмет көрсету кезінде импортқа қосылған құн салығының толық түсуін бақылайды. 

Бұл мониторинг тиісті лауа­зым­ды тұлғаларға берілетін құ­жат­тар­ды сканерлеу арқылы жүргізіледі. 

Осылайша, мемлекеттік кірістер органдары лауазымды тұлғаларының тасымалдаушылармен байланысы жойылады.

Мемлекеттік кірістер орган­дары­ның лауазымды тұлғалары мін­дет­терін орындау кезінде жүкті тек­серіп қарауды дербес жүргіз­бейді. Бақы­лаудың бұл түрі аталған тұлға­лар­дың қызметтік міндетте­мелеріне кірмейді. 

«Бүгінде еліміздің аумағынан қара және түсті металдардың сыны­ғы мен қалдықтарын әкетуге ты­йым салынған. Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері осы мә­селені де жіті қадағалап отыра­ды. Бұған дейін біз Батыс Қазақ­стан облысындағы «Сырым» авто­бекетінде қанатқақты режімде жұмыс істеп көрдік. Сол кезде жүк та­сы­мал­даушылар тарапынан нара­зы­лық болды. Сондықтан алдағы уақытта түсініспеушіліктер болмасын деп, барлық импорттаушылар мен экспорттаушыларға алдын ала xабар бергіміз келіп отыр», деді Ә.Мәдиев баспасөз мәслиxатында.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»