«Мерседес» автокөлігімен желдей жүйткіген жүргізуші жол-патруль полицейлерінің тоқтау туралы белгісіне мойынұсынбаған. Күштеп тоқтатылған бұзақы көлік салонынан шығудан бас тартып, оның ақыры полиция автокөлігін соғып, зақымдауға әкелген.
«Мас жүргізушіні құрықтау үшін тәртіп сақшылары күш қолдануға мәжбүр болды» делінген Полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Тексеру барысында 1978 жылы туған Петропавл қаласы тұрғынының бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғаны, сол сияқты жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Оның жол тәртібі ережелерін өрескел бұзу және заң тәртібіне бағынбау әрекеттеріне байланысты құқық бұзушылық әкімшілік хаттама толтырылып, жедел-тергеу тобына тапсырылды. Оқиға бойынша Қылмыстық Кодекстің «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізілді.
Петропавл қаласы 1-ші полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Балабек Жахиннің айтуынша, биыл сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне полиция қызметкерлеріне бағынбаудың екінші фактісі тіркеліп отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы