“Чудо чемоданы” бар ағай
Дүйсенбі, 31 желтоқсан 2012 0:48
“Советский спорт” газетінің тігінділерін ақтарып отырып, 1986 жылы жарық көрген “В тени вершин” атты мақалаға көзім түсті. Онда газет тілшісі Валерий Поваляев былай деп жазған екен: “Осыдан бірер жыл бұрын Ленинград облысының альпинистері Шымбұлақтағы Аманкелді шыңын бағындыруға тәуекел етті. Бұл команданы еліміздің үздік альпинистерінің бірі Валерий Н. бастап келді. Кең байтақ Отанымыздың барлық биіктеріне табаны тиген сақа спортшының өз-өзіне сенімді болғаны соншалық, бұл жолы еш қауіпсіздік шараларын сақтамай, топтың алдында жүрді.
Дүйсенбі, 31 желтоқсан 2012 0:48
“Советский спорт” газетінің тігінділерін ақтарып отырып, 1986 жылы жарық көрген “В тени вершин” атты мақалаға көзім түсті. Онда газет тілшісі Валерий Поваляев былай деп жазған екен: “Осыдан бірер жыл бұрын Ленинград облысының альпинистері Шымбұлақтағы Аманкелді шыңын бағындыруға тәуекел етті. Бұл команданы еліміздің үздік альпинистерінің бірі Валерий Н. бастап келді. Кең байтақ Отанымыздың барлық биіктеріне табаны тиген сақа спортшының өз-өзіне сенімді болғаны соншалық, бұл жолы еш қауіпсіздік шараларын сақтамай, топтың алдында жүрді. Діттеген жерге санаулы қадамдар қалғанда қолы тайып кеткен ол құлдилап, төмен қарай ұшып кетті. 50 метрдей биіктіктен құлаған Валерий тау-тасқа, мұзға соғылып, омбы қардың үстіне түсті. Бірер минөт ол өмір мен өлімнің арасында жатты. Алайда, бағына орай сол мезетте оның қасынан табылған жергілікті дәрігер Жеңіс Аязбаев әйгілі альпинисті ажал тырнағынан аман алып қалды…”.
Кезінде төрткүл дүниенің алтыдан бір бөлігін бауырына басқан Кеңес Одағының бүкіл спорттық идеологиясын жүргізген белді басылымның басты кейіпкеріне айналған ол азамат кім? Қазір не істейді? Қайда тұрады? Міне, осындай сауалдар мазалаған біз оны іздеп табуға тәуекел еттік.
Жеңіс Аязбаев 1946 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауылында дүниеге келді. Жастайыннан спортқа бейім болған бала Алматыдағы медицина институтында оқып жүрген кезде бокспен айналысты. Спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындағаннан кейін былғары қолғабын шегеге іліп, дәрігерлік мамандыққа ден қойды. Еңбек жолын аталмыш облыстың Жаркент ауданындағы “Көктал-Арасан” шипажайында бастаған Аязбаевтың кезінде спортпен айналысқанын ескеріп, 1976 жылы Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы базасына қызметке шақыртады. Сол аралықта ол жарақат, психология, инетерапия мамандықтарына бейімделіп, Мәскеуде білімін жетілдірді. Өз ісінің білгірі 1976 жылдан бастап, Одақ тарағанға дейін табаны күректей 15 жыл бойы тау шаңғысынан КСРО құрамасының дәрігері болып қызмет істеді.
– Мен қызметке орналасқан жылдары Шымбұлақтағы шаңғы базасының атағы дүркіреп тұрған, – деп бастады өз әңгімесін Жеңіс Рақымбекұлы. – КСРО-ның ығай мен сығайларының барлығы сол жерге келіп жаттығатын. Жыл сайын қараша айынан бастап, наурызға дейін Одақтың ересектер, әйелдер, жастар, қыздар, жасөспірімдер құрама командалары оқу-жаттығу жиынын Шымбұлақта өткізеді. Үлкен спортта жарақаттардың жиі болатынын өздеріңіздер де білесіздер. Тау шаңғысында, әсіресе, аяқ пен қолдың сынуы, бас-сүйектің зақымдану фактілері көп кездеседі. Күніне қырыққа жуық адам түрлі жарақат алады. Соларға алғашқы медициналық көмек көрсету менің міндетім.
– Жеңіс аға, Қазақстанда медицина саласы бойынша білікті мамандар аз емес. Алайда, білдей бір құраманың дәрігерлігіне сізді неге тағайындады деп ойлайсыз?
– Оған кезінде спортпен айналысқаным өз септігін тигізді. Спортшының психологиясын спортпен етене таныс адам ғана түсінеді. Оның үстіне, КСРО-да тауда шаңғы тебе алатын екі-ақ дәрігер болды. Соның бірі – мен, екіншісі – мәскеулік Геннадий Мотыгин. Сол себептен де таңдау маған түскен болар. Өйткені, тау шаңғышыларының жаттығулары мен жарыстары 4-5 шақырым биіктікте, тау-тастардың арасында өтеді. Сол жерде біреуі ауыр жарақат алса, көлік жете алмайды. Жаяу барғанша адам өліп қалуы немесе сырқаты асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан да құрамаға шаңғы тебе алатын дәрігерлер қажет болды.
– Кезінде “Советский спорт” газетінің назарына ілігу қатардағы қарапайым дәрігер тұрмақ, ел спортына еңбек сіңірген саңлақтар үшін де зор абырой еді ғой. Сіз жайында аталмыш басылым көлемді мақала беріпті. Сол оқиға қалай өрбігені жөнінде өз аузыңыздан естісек деп едік?
– Мен Тұйықсудан шаңғы теуіп келе жатқанмын. Қарасам, ат шаптырым жерде бір топ адам тұр. Не болып қалды екен деп, қастарына жетсем, жерде бет-аузы қанға боялған біреу жатыр. Сұрастыра келе бұл жігіт Аманкелді шыңын бағындыруға келген Ленинград облысы альпинистерінің жетекшісі екенін анықтадым. 50 метрдей биіктіктен құлапты. Бір уақытта ол қорылдай бастады. Ал адам қорылдаса, бір минөттің ішінде жан тәсілім ететіні медицинада әлдеқашан дәлелденген. Қасында не істерін білмей, есі шығып команданың дәрігері Кусикянц тұр. Мен белбеуімдегі шокқа қарсы дәріні алып, жүрегіне укол салдым да, “қолдан демалдыру” (исскуственное дыхание) жасадым. Бірер минөттен кейін тамыр соғысы қайта пайда болды. Содан тірілтіп алып, медпунктке алып келдім. Бетін 18 жерден тіктім. Бірер аптадан соң альпинист жігіт сауығып кетті. Ал араға екі-үш жыл салып, “Советский спорттың” тілшісі Алматыға арнайы келіп, мені іздеп тауып, газетке көлемді мақала берді.
– Бұныңыз нағыз ерлік екен! Содан кейін ол кісімен қайта жолықтыңыз ба?
– Иә, екеуміз екі мәрте жолықтық. Алғаш рет 1983 жылы, екінші рет 1991 жылы кездестік. Қазір Валера Санкт-Петербургте тұрады, ірі бизнесмен. Үйінде қонақта болдым. Обалы не, көрген жерде жаны қалмай тұрады. Туған-туыстары, достарына: “Бұл менің құтқарушым, екінші құдайым”, – деп таныстырады.
– Бір кездері ғарышкерлердің Шымбұлаққа жиі келіп, шаңғы теуіп, таудың саф таза ауасымен тыныстап қайтатын өзіндік бір дәстүрлері болатын. Солармен бірге жұмыс істегеніңіз жайында да құлағдармыз…
– Таулы жерлерде шаңғы тебу ғарышкерлер үшін аса қажет. Содан 1982 жылдан бастап, 1992 жылға дейін наурыз айында олар екі аптаға жуық уақытты Шымбұлақта өткізуді әдетке айналдырды. Бір күні Кеңес Одағының екі мәрте батыры, Бүкілодақтық тау шаңғысы федерациясының төрағасы Георгий Гречко мені шақырып алып, ғарышкерлерге шаңғы тебуді үйретіңіз деді. Мен қуана-қуана келістім. Осылайша 10 жыл ішінде аты аңызға айналған азаматтармен танысып, кейіннен солардың көбімен достасып та кеттік.
– Ғарышкерлердің арасында да сіздің көмегіңізге жүгінгендер болды ма?
– Болғанда қандай! Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Владимир Аксенов шаңғы теуіп жүріп, иығын шығарып алған екен. Жарақат алған жеріне дер кезінде жетіп, иығын салып бердім. Сөйтіп, дәрігерлер арасында беделім бір өсіп қалған. Әйгілі ғарышкерлер Анатолий Левченко, Николай Руковищниковты емдедім. 1984 жылы дайындық тобында жүрген Тоқтар Әубәкіровпен танысып, кейіннен отбасымызбен араластық. Атақты ақын Олжас Сүлейменовке шаңғы тебуді үйреттім. Ол кісі әлі күнге дейін: “Менің жеке бапкерім әрі дәрігерім”, – деп әзілдейді. Міне, осындай адамдармен тағдыр мені Шымбұлақта табыстырды.
– Одақ тарағаннан кейін ең керемет мұз айдыны Медеудің де, көркіне көз тоймайтын Шымбұлақтың да басынан бағы тайды емес пе. Баяғы дүркіреген жарыстар өтпейтін болды, кіл мықтылардың бас қосатын ежелгі дәстүрі күрт үзілді. Сол қиын-қыстау кезеңде талай майталман мамандар жұмыссыз қалды. Ал сіздің тағдырыңыз қалай болды?
– Біздің де біраз қиналып қалған кезіміз болды. Бірақ, адам болғаннан соң тіршілік ету керек. 1996 жылға дейін сол Шымбұлақта жұмыс істедім. Содан кейін Алматыда жеке кабинетімді ашып, өз ісімді жалғастырдым.
– Жәке, сізді боксшылар бәсекесінде жиі кезіктіріп жүрміз. Бұл өзіңіздің шаршы алаңда өнер көрсеткен жылдарыңызды сағынғандықтан ба, әлде құраманың бапкерлері сізді дәрігер ретінде жарыстарға арнайы шақыра ма?
– Мен өзімді Қазақстан боксының шынайы жанкүйерімін деп есептеймін. 1996 жылдан бері біздің жігіттерге көмектесіп келемін. Өз қаражатыммен бірнеше жарыстарды көріп қайттым. Боксшылар өздері келіп: “Аға, мына жерім ауырып тұр, көмектесіңізші”, – деп өтініш жасайды. Қолдан келген көмегімді аяған емеспін. Және де еңбегім үшін еш ақы алмаймын. Бәрін де қоғамдық негізде, өз еркіммен атқарып жүрмін.
– Нақты қай боксшыға, қандай жағдайда көмек көрсеттіңіз. Енді соған тоқталсақ?
– Көп адамға көмегім тиді. Мәселен, 1998 жылы бапкерлер Бекзат Саттархановты жастар арасындағы әлем біріншілігіне апармаймыз деген. Өйткені, мұрнынан түртіп кетсең, қан саулап ағады. Ал бокста екі соққының бірі тұмсыққа тиетінін білесіздер. Бекзаттың бапкері Анатолий Визирякин Алматыда дәрігерге барса: “Оған бокспен айналысуға болмайды, қан тамырлары нәзік”, деп шығарып салыпты. Төрт күннің ішінде мұрнынан қан кетпейтіндей етіп, емдеп бердім. Бекзат әлем біріншілігінде екінші орын алды. Кейіннен Сиднейден оралғанда біздер халық болып спортшыларымызды әуежайда қарсы алдық. Сонда Бекзат анасына: “Мені чемпион еткен Жеңіс ағам”, – деп таныстырып жатты. Сол сәтте төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды. Сондай-ақ, Ермаханның оң иығы кейде көтертпей қалатын. 1999 жылы Ташкентте емдеп берген едім, сол жарыста жеңімпаз атанып қана қоймай, құрлықтың ең үздік боксшысы деген арнайы сыйлықты иеленді. 2001 жылы Белфастағы әлем чемпионаты қарсаңында Галиб Жафаровтың оң қолының қан тамырлары жарылып кетіпті, соны қалпына келтірдім. Галиб елге күміс медальмен оралды. Ұмытпасам, сол жылы Будапеште жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Жарысқа кешігіп жетсем, 1/8 финалдық бәсекелер өтіп жатыр екен. Таныс кімдер бар екен деп жан-жағыма қарасам, бір бұрышта Геннадий Головкин отыр. Жүзі қатулы, көңіл-күйі жоқ. “Гена, жағдай қалай?”, – деп қасына жақындадым. Ол: “Аға, ауырып отырмын. Мына түріммен жарысты жалғастыра алмаймын”, деп терең күрсінді. Сөйтсек, Гена салмақ қуғаннан кейін, мұздай бассейнге сүңгіген. Ертесіне ұйқыдан тұрса, желкесін суық ұстап, мойнын бұра алмай қалыпты. Мен дереу іске кірістім. Екі-үш сағаттай мойнын уқалап, басқа да ем-домын жасадым. Кешке дейін ауыруынан айығып кеткен Головкин сол жарыстан әлем чемпионы атанып оралды.
– Сізді атағы жер жарған Стивенсонды да емдеді дейді ғой. Сол рас па?
– Еш өтірігі жоқ, дәл солай. 1999 жылы Куба боксшылары Қазақстан командасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Алматыға келді. Арасында атақты Теофило Стивенсон да бар. Байқасам, оң аяғын сылтып басады. Алпамсадай азаматқа ақсап жүру жараспайды екен. Қасындағы аудармашыны жеке шақырып алып, не болғанын сұрашы дедім. Ол бейсбол ойнап жүріп, тізесіне абайсызда таяқша тиіп кеткенін айтты. Куба дәрігерлеріне көрсетсе, олар дұрыс емдей алмаған екен. Содан Теофило екеуміз 10 минөттей сөйлестік те, мен оны емдеуге кірістім. Тізесіне зақым келіп, сүйектері шытынаған екен. Небәрі 22 күннің ішінде Стивенсонның аяғын зыр жүгіруге жарайтындай етіп емдеп бердім.
– Бокс секілді аса күрделі спорт түрінде небір ауыр жарақаттар болады. Алайда, “Жаным арымның садағасы” деген қағиданы ту еткен отты жігіттеріміз жарыс барысында жарақат алғандарына қарамастан, жекпе-жектерін жалғастырып жататыны жасырын емес. Сондай жағдайға сіздің кезіккен кезіңіз болды ма?
– Қандай жарақат болса да, оның асқынып кету қаупі бар. Сондықтан да дәрігердің міндеті оны қажетті деген адамдарға айту. Бірақ, кейде спортшыға жаның ашиды. Мысалы, боксшы қолының сүйегін шытынатып алды делік. Ондай жағдайда олар жарақатын жасырып, дәрігерлерге көрсетпейді. Өйткені, дәрігер білсе, боксшыны жарысқа жібермей қояды. Содан кейде олар жасырынып маған келеді. “Аға, ешкімге айтпай-ақ қойыңызшы”, деп өтінеді. “Бауырым, мына қолмен қалай жұдырықтаспақсың, асқынып кетсе қайтесің”, деп ақыл айтсам, “Жеңіс аға, бағымды байламаңыз, ертеңгі күн мен үшін ең жауапты күн. Бәлкім, үлкен спорттағы соңғы мүмкіндігім шығар”, деп жыларман болады. Тепсе темір үзетін жігіттер алдыңа келіп, өлердегі сөзін айтып тұрса, қалай бетін қайтарасың. Қолымнан келген емімді жасап, өзгелерге тіс жармай жарысқа қосып жіберемін.
– Жасыңыз үлкен болса да, боксшылар сізбен әзілдескенді жақсы көреді екен. Бәлкім, мінезіңіз жайлы, көңіліңіз ашық, жүзіңізден жылулық шашып тұрғандықтан шығар. Мысалы, сізді анадайдан көрген жігіттер: “Қолында чудо-чемоданы бар ағай келе жатыр ”, деп әзілдейді…
– Қытайлар: “Әр адамның денесінде көптеген арна бар. Соның бірі жабылып қалса, ол ауруға шалдығады”, дейді. Менің қолымдағы аппарат соны ашу үшін қажет. Бұл кезінде әскери зауытта, арнайы тапсырыспен, ғарышкерлер үшін жасалған құрал. Осы іспеттес құрал ТМД аумағында тек үш-ақ жерде бар. Бірі – Қазанда, екіншісі – Ижевскіде, үшіншісі – Алматыда, яғни менде. Оны кезінде ғарышкерлермен жұмыс істеп жүргенде “Медико-биологиялық проблемалар институты” деп аталатын жасырын ғылыми-зерттеу институтының директоры, “Саяхатшылар клубы” бағдарламасының жүргізушісі Юрий Сенкеевичтің өзі маған сыйға тартқан. Осымен талай адамды емдедім. Боксшылардың “чудо-чемодан” деп шығарып жүргендері сол ғой.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
журналист.
25 ақпан, 2004 жыл.