Өткен жылы 75 заң бұзушылық әшкереленген. Оның 25-і пара алу болса, 16-сы – алаяқтық. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған 35 лауазымды тұлғаның 14-і – әкімдік, 7-і - ішкі істер органдарының қызметкерлері. «Бармақ басты, көз қыстылықтың» көшін әкімдіктегілер бастап тұр. Олардан құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құқық қорғау саласының қызметкерлері де қалысар емес.
«Былтыр 63 іс сотқа жіберілді. Оның бірі облыстық Мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бұрынғы басшысы Мұрат Абылаевқа қатысты. Ол қылмыстық жоспар құрып, «көрсетілген» әр қызметі үшін 700–1500 доллар аралығында пара алып келген. Экс-шенеунік «аузын майлағандарды» тиісті емтиханнан сүрінбей өткізіп, техникалық құжаттарды еш кедергісіз жасап беріп отырған. Тіпті, Астана, Ақтау, Шымкент қалаларында аттестациядан өте алмай жүргендер осында келіп, «майшелпекке батқан». Абыройы айрандай төгілген мемлекеттік қызметші 8 жылға бас бостандығынан айырылыпты.
Департамент басшысы Елена Степатенконың айтуынша, Тайынша ауданының әкімі Владимир Дудовтың қызмет бабын жеке басына пайдалану әрекеті Әдеп жөніндегі кеңесте талқыланып, қызметінен босату туралы ұсыныс айтылып, шешім орындалған. Лауазымды тұлға иесі екі мәрте аппелляциялық шағым түсіргенімен, қанағаттандырылмаған.
Жиында Мамлют ауданының бұрынғы әкімі Жастілек Сыздықовтың кәсіпкерден185 мың рубль пара бопсалағаны үшін қызметтен босатылғаны, 22 миллион теңге айыппұл салынғаны да айтылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы