Аймақтар • 18 Қаңтар, 2019

Шымкент қоғамдық көліктерінде жолақыны SMS-пен төлейді

676 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнан былай Шымкент тұрғындары қоғамдық көліктегі жолақысын SMS немесе QR-код арқылы төлейтін болады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында үшінші мегаполисте электронды құжат айналым жүйесінің жаңа жобасы бастау алды.

Шымкент қоғамдық көліктерінде жолақыны SMS-пен төлейді

Кондукторсыз жобаны қала әкімдігі мен Beeline Қазақстан компаниясы және «SMSBUS» ЖШС бірлесіп жүзеге асырады.

«SMSBUS» жобасы қала ішіндегі №141, 147, 147 «А», 148 және 148 «Б» бағыттарда пилоттық жүйеде енгізілген. Алдағы уақытта қоғамдық көліктегі электронды билет жобасын барлық бағыттарда енгізу жоспарланып отыр» дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.

Салалық басқарма басшысының айтуынша, әр автобуста бірегей код туралы ақпарат жазылған. Жолақысын төлеу үшін осы кодты 2505 қысқа нөміріне SMS арқылы жіберу керек. Оған жауап ретінде жолаушыға SMS-түбіртек және электронды билет келеді. Ал QR-код арқылы төлеу үшін смартфоннан «Мой Beeline» қосымшасын ашып, автобустың QR-кодын сканерлеу қажет. Жауап ретінде жолаушы түбіртек және электронды билет ала алады.

«Қаладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біз тұрғындарға жолақысын төлеудің оңай әрі тиімді әдісін ұсынып отырмыз. Бұл жүйені қолдану үшін жолаушы Beeline абоненті және онда смартфон болуы тиіс. Бұл жоба қазіргі таңда 8 қалада сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жолаушылар жаңа әдісті жақсы бағалап, жаппай қолданысқа ендіретініне сенімдімін» дейді Beeline Қазақстан компаниясының цифрлық бизнес бойынша бас директоры Олег Алдошин.

Алайда бұл қызмет түрімен тек Шымкент қаласы аумағында жолақы төленеді.Аталған әдіс Beeline операторының авансты есептегі клиенттеріне ғана қолжетімді.