Аймақтар • 18 Қаңтар, 2019

Шымкентте салықтан жалтарғандармен күрес күшейтіледі

488 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкент қаласы бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша кеңейтілген жиында кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырған нысандарға бақылау күшейтіліп, көлеңкелі экономикамен күресті белсенді жүргізу тапсырылды. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін алдағы үш жылда дотациялық аймақтан донорлы аймаққа айналуы қажет» деп айтып өтті.

Шымкентте салықтан жалтарғандармен күрес күшейтіледі

Жиында Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров 2018 жылдың қорытындысымен және салық салу базасын ұлғайту мәселелері бойынша баяндама жасады. Департамент басшысының айтуынша, өткен жылға салықтық төлемдер бойынша бекітілген жоспар 73 млрд теңге болса, нақты 78 млрд теңге түскен. 2017 жылмен салыстырғанда түсімдер 9,7 млрд теңге артығымен түскен.

Келелі кездесуде көлеңкелі экономикамен күресіп, салық түсімін арттыру, барлық кәсіпкерлердің жалдамалы жұмысшыларын тіркетіп, олардың табыстарын шынайылыққа келтіру мәселесі әңгіме болды. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылары үшін төленетін әлеуметтік, жеке табыс салықтарын ұлғайту, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырған нысандардың бағалау құндарына қайта бағалау жұмыстарын ұйымдастырып, мүлік салығының түсімін арттыруға баса назар аударылды.

Қазіргі таңда қалада 68 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Осы кәсіпкерлік субъектілерінен 2018 жылға мемлекеттік бюджетке 22,6 млрд тг түскен немесе жалпы түсімнің көрсеткіші – 15,8 пайыз ғана болған. Сондай-ақ, мүлік салығынан жалтару үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын ғимараттардың құны айтарлықтай аз көрсетілген. Осы орайда Департамент  басшысы кәсіпкерлерді бір ай мерзім ішінде нақты табыстарын көрсетіп, қосымша салық есептіліктерін тапсыруға үндеді.

Өз кезегінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов салықтар мен мемлекеттік бюджетке төленетін міндетті төлемдердің уақытылы түсімі мемлекеттің экономикалық дамуын, халықтың әлеуметтік жағдайын және қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін тілге тиек етті.

Жиынның соңында қала әкімі мәжілісте айтылған мәселелер бірлескен жағдайда шешімін табатынын еске салып, уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар берді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»