Аймақтар • 18 Қаңтар, 2019

Сәбит Мұқанов атындағы кітапхана тың туындылармен толықты

1367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың оқырмандары кітап қорына түскен тың туындылармен танысуға мүмкіндік алды.

Сәбит Мұқанов атындағы кітапхана тың туындылармен толықты

Олардың қатарында әдеби, тарихи, бизнесті жүргізу, менеджмент, психология салаларына арналған құнды дүниелер көп. Көпшілік назарына 300-ден аса еңбек ұсынылса,  басым бөлігі мемлекеттік тапсырыспен келген. Кейбірі тарту етіліпті.

«Көрмеге қойылған кітаптар арасынан Қазақ хандығы мен Цинь патшалығы арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастар жайлы еңбекті ерекше атауға болады. Қызықты деректер Қытай мұрағатынан алынған. Бұдан басқа да тартымды шығармалар  баршылық. Оның бірі  Қазақстан мен Корея мемлекеттері бірлесіп шығарған «Қазақ даласы әміршілерінің алтыны» деп аталады. Онда еліміздегі мәдени ескерткіштер жайлы кеңінен қамтылған. Мұстафа Шоқай шығармаларының 12 томдық жинағы ұлт қайраткерінің 130 жылдық мерейтойына орай сыйға берілген. Балаларға арналған базарлықтар да аз емес. Жануарлар жайлы деректер де жеткілікті» дейді  кітапханашы Нәзира Ысқақова.

Кітапхана есігін алғашқылардың бірі болып ашқан Данаш Жукенова «Менеджмент негіздері» атты туынды жайлы әсерлерімен бөлісті. Болашақ менеджер пайдалы ақпараттарды молынан кездестіргенін, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған әдебиет, бизнесті жүргізу, психология салаларына арналған құнды дүниелердің молдығын айтады. 

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры жыл сайын 8-9 мың туындымен толығып отырады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы