Қазақстан • 18 Қаңтар, 2019

Петропавлда автотұрақ тапшы

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл мәселе көптен бері айтылып келе жатса да, әлі күнге дейін нақты шешімін таппай отыр.

Петропавлда автотұрақ тапшы

Әсіресе, демалыс күндері сауда орындары маңайында көліктердің кептелісін жиі кездестіруге болады. Мәселен, ауылдан келген ағайындар «Арман» орталық базарына жету үшін көліктерін алысқа тастап кетуге мәжбүр. Сөйтіп, сатып алған заттарын жаяу-жалпылап тасуларына тура келеді. 

Жергілікті билікке деген өкпесі қара қазандай кәсіпкерлердің бірі – Сергей Крупенич. Ол Жамбыл ауданының орталығы Пресновкада тұрады. Онда орналасқан дүкенге тауарлар алу үшін облыс орталығына аптасына 2-3 мәрте қатынайды. Әр келген сайын осындай қиындықтарға тап болады.      

«Күндіз базар аумағына кіру мүлдем мүмкін емес. Басты машақат жақын жерлерде автотұрақ қарастырылмаған. Сондықтан елден түнделетіп шығып, ертерек келуге тырысамыз» дейді С. Крупенич.

Арнайы автотұрақтар көпқабатты үйлерде де жеткіліксіз. Мектеп аулаларына да қажет. Шетін мәселені қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері шаһар басшылығына жеткізіпті. Александр Казанцевтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар нысандарда автотұрақтың аздығына қатысты ескертулер мен ұсыныстар жинақталып, әкімдік қарауына ұсынылыпты. 

«Заңда 1 метр жер үшін 5,79 теңге салық төлеу көрсетілген. Оны 10 есеге дейін өсіруге болады. Осыны алға тартып, жергілікті билік салықты арттырғысы келді. Біз бұған жол бермедік. Қазынаға түсетін ақшаның мөлшерін сол күйінде қалдырдық. Неге десеңіздер, сауда орындарының иелеріне паркинг салу, автотұрақтарын кеңейту мүмкіндігін беру қажет. Кәсіпкерлер еселеп салық төлегенше осындай пайдалы іспен айналысқандары дұрыс деген шешімге келдік» дейді қалалық мәслихаттың депутаты.

Береке ықшам ауданындағы Малая және 5-ші Сенная көшелерін кеңейту арқылы автұрақтар салу туралы жоспар 2017 жылы әзірленгенімен, жоба әлі күнге дейін қолдау таппапты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы