Қазақстан • 18 Қаңтар, 2019

Әліпби де, еміле-ереже де сараптаудан өте түсуі керек - Әлімхан Жүнісбек

1547 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Латын әліпбиінің еміле-ережесін көпшілік асыға күтіп отыр еді. Тіптен асығыстық жасап мекеме маңдайшаларын латын таңбаларымен жазып үлгеріп те жатыр. Және оның бәрін үйреншікті кирилл емілесімен жазып жүр. Енді, міне, мақұлданған еміле қолға тиді, мұның өзі латын графикасын пайдалануды біршама ретке түсіретін болады.

Әліпби де, еміле-ереже де сараптаудан өте түсуі керек - Әлімхан Жүнісбек

Алайда, еміле-ережені дайындау және талқылау үстінде айтылған кейбір пікрлер ескерусіз қалған тәрізді. Біз кирилл әліпбиіміздің құрамындағы и, у таңбаларының жайын айтып отырмыз.

Қазақ тілінде сөз басында кездеспейтін бес дауыссыз дыбыстың екеуі - осы й[y] мен у[w]. Ендеше дыбыс атауына, өзге дыбыстардай бы, ды болып дауысты соңынан қосылмай, дауысты алдынан қосылып, ый/ій (йы/йі емес), ұу/үу (уұ/уү емес) түрінде айтылады. Сондықтан ый/ій және ұу/үу дауыссыз дыбыс атаулары орыс тілінің ы/и және у дауысты дыбыстарының естіліміне ұқсап кетеді. Қазақ тілі мамандарын да, өзге зерттеушілерді де шатастырып жүрген осы жайт. Бүлдіршіндер мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу-құралдарынан бастап «иық, ине  т.б. сөздер и дауысты дыбысынан, уық, уыс т.б. сөздер у дауысты дыбысынан басталады» деп жалған түсінік береміз. Орыстақы и және у таңбасының машақаты бір мұнымен бітіп жатқан жоқ. Сөздіктер тізбегіндегі ы, і, ұ, ү әріптерінің құрамында тұратын ондаған-жүздеген сөздер «адасып» и, у әріптерінің соңында жүр. Әзірге тек сөз басындағы буынға қатысты «адасуларды» ғана көріп отырмыз. Ішкі әліпби тізбегіне қатысты «адасуларды» компьютер бағдарламасының көмегі болмаса,  көзбен көріп, қолмен түгендеу мүмкін емес. Сондықтан и, у таңбаларының латын үлгісін белгілегенде әріптің дыбыс мәніне (артикуляциясына) сүйену керек еді. Еміледе и дыбысы ɪ, у дыбысы ý болып дауыссыз дыбыс деп белгіленген. Мысалы, oqý, sý деген сөздердегі дыбыс тіркестері оқу-әдістемелік тұрғыдан бейрет шешім, өйткені сөз тек қана екі дауыссыз дыбыстан тұрмайды. Алдымен дауыссыз деп алып, дауыстының орнына жазғанымызды бала да түсінбейді, мұғалім де түсіндіре алмайды. Бұл кирилл жазуының емілесін қайталағанымыз болып отыр.

Ендеше латын әліпбиіне қазіргі кирил орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз. Әріптестеріміз и мен у дыбыс мәнін таратып жазсақ, көпішілікке түсіндіру қиын дейді. Сөз жоқ «қиын болады», реформаның оңайы болмайды. Алайда қиындық қазақ тілінің фонетика-грамматикалық табиғатынан туындап жатқан жоқ, бұзып-жарып, шашып-төгіп бүлдіріп алып, енді жөндеудің амалынан қашып отырғандығымызда болып отыр. «Орфография» деп бұзып жазып, «орфоэпия» деп түзетіп әлек болып жатқан өзіміз. Тілі қазақша шыққан ұрпақ үшін еш қиындық жоқ, ал тілі күрмеліп отырған ұрпақтың жайы басқа. Екі нәрсенің басын шатастырмау керек.

Қазақ тілін үндесім (сингармонизм) тіл етіп тұрған осы төрт дыбыс: Iɪ, İi,

Uu, Üü. Қазіргі әліпби мен оның еміле-ережесімен кететін болсақ, онда ұрпақ ауыса келе ы мен і орнына и, ұ мен ү орнына у келеді. Сонда бізге керегі осы болғаны ма? Өкінішке орай, бұл дыбыстардың ақиқат [y], [w] таңбаларына латын негізіндегі жаңа акут ӘЛІПБИімізден де орын табылмады.

Дегенмен еміленің негізгі тұрқы дайын болды, бұл да үлкен жетістік. Алдағы уақытта көпшілік сараптамасынан өтіп барып дұрыс жүйесіне түседі ғой деген үміттеміз.

Біз арнайы мәселе етіп көтеріп отырған «Әліпби жаңғыруды» Елбасымыз ұсынып, көпшілік қолдап отырған кең көлемдегі «Ұлттық сана жаңғыру» аясындағы шара деп қарайтын болсақ, үлкен жауапкершілік алдында тұрғанымызды ұмытпау керек болады.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор

АЛМАТЫ