Жақында Талдықорған қаласын көгілдір отынмен қамту ісінің баяу жүріп жатқаны жайлы облыстық мәслихат депутаттары мәселе көтерген болатын. Бұл жердегі сындарлы жағдай қала ішіндегі газ желілері құрылысын жүргізіп жатқан компанияларға қатысты орын алған-ды. Осыған орай, облыс орталығындағы газ жүйесіне қосу жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялар арасындағы көшбасшы ұйым – «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жетісу өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішев журналистермен кездесіп, Алматы облысы аумағындағы көгілдір отынмен қамту жайына тоқталған еді.
– Біздің негізгі міндетіміз облыс тұрғындарына табиғи отынды қауіпсіз әрі үздіксіз жеткізу екенін түсіндіріп жату артық болар. Қазіргі таңда Талдықорған қаласы бойынша тұрғын үйлерге газ тарту ісін одан әрі жандандырып отырмыз. Бірінші кезек бойынша тарату желілеріне қосылған үйлер мен ғимараттарға, яғни көгілдір отын тұтынушы абоненттерге газ жеткізілді, – дейді Жайық Әлішев.
Мәлім болған дерек бойынша, дәл қазір Талдықорған қаласында 2157 абонент газ желісіне қосылған. Ал 300 үйге желі құбыры жетіп тұрғанымен, қазандық пен газ жағуға арналған жабдықтардың дайын болмауынан көгілдір отынды тұтына алмай отыр. Бұл қаланы газдандырудың бірінші кезеңі бойынша анықталған мәлімет. Жалпы, облыс орталығы бойынша 5447 жеке тұрғын үй секторы мен көпқабатты үйлердің 9958 тұрғыны табиғи отынмен қамтамасыз етілуі тиіс. Ол алдағы уақытта іске қосылатын газбен қамтудың екінші және үшінші кезеңдерінде орындалатын болады.
– Қаланы көгілдір отынмен қамту ісінде «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жетісу өндірістік филиалын монополист ретінде көрсетуге тырысатындар бар. Бірақ біз бәсекелестік заңына бағынамыз. Яғни, газ желілерінің құрылысына басқа да компаниялар қатысуға құқылы және олар қатысып та жүр. Жалпы бұл нарықта бізден басқа 45 компания бар. Бірақ жекеменшік компаниялардың жұмыс сапасынан туындаған мәселе біздің жұмысымызға да сын болып отыр, – дейді филиал директоры.
Осыдан барып тұрғындар арасында түсінбеушілік туындаған. Нақты айтқанда, көшелерге тартылатын газ құбырының құрылысын жүргізу мерзімі ұзаққа созылу мен дайын желі арқылы жіберілген көгілдір отынның сапасына қатысты шағым жиілеген. Әдетте, өңірге газ күйіндегі отынды тасымалдаушы «ҚазТрансГаз Аймақ» болғандықтан негізгі жауапкершілікті мойнына алады. Бірақ тұрғындар тарапынан айтылған сын қала ішілік желіні тартқан басқа компанияның әрекетіне қатысты болып шығады екен. Мысалға, құбыр жүргізген жекеменшік иесі желіні неғұрлым жылдам аяқтауды мақсат ете ме, әлде кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі төмен жұмысшыларды жалдай ма, жұмыс сапасына мән бермейтін көрінеді. Арзан бағаға газ кіргіземіз деп, бұрын қолданыста болған, ескі құбырларды пайдаланған теріс әрекеттер де кездескен. Талдықорған қаласы бойынша бірнеше бағытта газ жүретін құбырлардың бойынан су мен топырақ шығып, ол көгілдір отынның ағынына кедергі келтірген. Нәтижесінде, кедергі мен апатты жою үшін Жетісу өндірістік филиалы қосымша шығынданған. Яғни, құбырға жиналған судың кесірінен газды 1576 рет өшіріп, ақауды түзетуге күш жұмсалды. Есесіне, жылыту маусымы кезінде газдың сөніп қалуына байланысты тұрғындардан 88 шағым түскен. Филиал жұмысына қатысы жоқ осындай себептерден кейін көгілдір отынның қолжетімділігіне сенімсіздік туып, қала бойынша 500 шамасындағы абонент желіге қосылудан бас тартып отырған көрінеді.
Талдықорғандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да табиғи газдан дәмелі еді. Алайда олардың үміті ақталмай отыр. Әлі күнге дейін облыс орталығындағы көпқабатты үйлерді табиғи газға ауыстыру мәселесі шешімін тапқан жоқ. Газ мамандарының жазған хаттарына жергілікті билік тиісті назар аудармай келеді. Ал тұрғындар баяғыша ауладағы газгольдерге құйылатын сығымдалған газды пайдалануға мәжбүр.
Айтпақшы, Алматы облысы бойынша көгілдір отынмен қамту мақсатында өткен жылы бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлініп, 36 млрд теңге жеке инвестиция тартылған екен. Яғни, бұл істе мемлекет- жекешелік әріптестігі нақты жолға қойылған. Инвестиция есебі бойынша, жұмсалған бюджет қаржысының 1 теңгесіне жеке қаражаттың 3 теңгесі сәйкес келеді дейді мамандар. Ал осы жылдың алғашқы айында газдандырылған елді мекендердің саны 142-ге жетіп, қамту үлесі 30 пайыздан асуы тиіс.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы