− Бұл күндері біздің мектепте бір мыңнан астам бала жаттығады, – деп бастады әңгімесін спорт мектебінің басшысы. – Тек балалар емес, қала тұрғындары да бассейнге келіп, суға жүзеді, денсаулықтарын түзейді. Қазір мектепте су добы, суға секіру, жүзу, байдарка және каноэ есу, байдарка және каноэден ағынды тау суында жүзу бөлімдері бар. Қаланың сыртындағы «Эллинг» байдарка, каноэ есу базасында көктем шыға күзге дейін жаттығу бір сәтке де тынбайды. Білімді де білікті 30 бапкер шәкірттерге сабақ береді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушылар Любовь Красавина, Мария Григорьеваны ерекше атап өткен орынды. Олар баптаған шәкірттер халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда топ басынан көрінуде. Байдарка, каноэ есуден Лариса Лукичева деген тәжірибелі жаттықтырушымыз бар. Оның қызы әрі шәкірті Екатерина Смирнова (тегін өзгерткен) Бейжіңдегі Жазғы Олимпия ойындарына қатысып, алғашқы ондықтан көрінген. Қазір ол Екатеринаны 2020 жылғы Олимпиадаға дайындауда. Сонымен бірге В.Афанасенков, М.Филимонов, Қ.Мұқамеджанов та жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Суға секіру, су добынан, жүзуден Қарағанды, Теміртау қалаларынан тәжірибелі бапкерлер Е.Сизинцев, А.Рейманды шақырып, оларға жағдай жасадық.
− Шәкірттеріңіз арасынан Азия және ел чемпионаттарында топ жарған саңлақтар бар ма?
− Биылғы жылдың қыркүйегінде Испанияда су спорты түрлерінен 2020 жылы Токиода өтетін Олимпия ойындарына жолдама үлестіретін лицензиялық Әлем чемпионаты өтеді. Оған бізден бес бірдей спортшы қатысады. Джакартадағы Азия ойындарына қатысып, қола медаль иеленген талантты спортшы Александр Куликов, төртінші орынды қанағат тұтқан Камилла Сафина, Қуаныш Еренғайыпов, Петр Волков, Екатерина Смирнова бақтарын сынап көрмек. Егер қажетті ұпайды жинаса, олар Олимпиадаға қатысады.
− Соңғы жылдары Өскеменде суға жүзуден 14-15 жастағы, одан да кішірек балалар арасында «Алтай жұлдызы» атты республикалық турнир өтіп келеді. Оны өткізуге өзіңіз бастама көтеріпсіз. Бұл сайыс дәстүрлі өте бере ме?
− Сиқыры мол су спорты бізге қарағанда Еуропа, мұхиттың арғы жағындағы елдерде ерекше дамыған. Бір ғана мысал, аустралиялық Ян Торп, америкалық Фелпс бір Олимпия ойындарында ғана бестен сегізге дейін алтын алқаны уыстап алғаны белгілі. Риодағы Олимпиадада алматылық Дмитрий Баландин айды аспанға шығарып, алтын алғанда бөркімізді аспанға лақтырып шаттандық. Сол-ақ екен еліміз бойынша жүздеген ата-ана балаларын бассейнге жетектеп әкеле бастады. Тіпті, біздегі бассейнге келіп, үйірмелерге қатысатын балалардың саны едәуір өсті.
Су спорты түрлерінен Олимпиада бағдарламасына 48 жиынтық медаль сарапқа салынады екен. Демек, су спортына елімізде ерекше назар аударылуы тиіс. Облыс әкімі Даниал Ахметов су спортының өркендеуіне ерекше көңіл бөлуде. «Алтай жұлдызы» турнирінің ашылуына қатысып, болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі. Алғашқы турнирде шәкірттеріміз Нұрәлі Советханов чемпион атанса, Елизавета Чернышева, Никита Арепьев үшінші орынға ие болды. Биыл қарашада өтетін турнирге чемпиондарды шақырсақ деп отырмыз, олар балалармен жүздесіп, шеберлік сыныбын өткізеді, тәжірибелерін бөліседі.
Су спорты дами бастағаннан бері Өскеменнің өзен-көлдерінде, суға шомылатын жерлерде балалардың суға батып кетуі азайғанын облыстық статистика басқармасы хабарлады. Демек, қала, аудан әкімдері жылдың төрт мезгілінде су спортымен шұғылдануға болатын жабық, ашық бассейндерді салуға көшсе, ұтарымыз анық. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент біздің бассейнде аудандар мен қалалардан келген нұсқаушылармен сабақ жүргізе бастады. Әр сенбі сайын «Үміт» балалар үйінің, «Ақ ниет» мектеп-интернатының балалары бассейнге келіп суда жүзеді, оларға білікті мамандар дәріс береді.
− Шәкірттеріңіз арасында қанша спортшы еліміздің құрама командасына мүше?
− Біздің мектептің 46 оқушысы құрамаға мүше болып қабылданды. Олардың 13-і негізгі, 2-уі жастар, ал 31-і жасөспірімдер құрамасында өнер көрсетуде. 7 адам халықаралық дәрежедегі, 4-еуі спорт шебері, 31-і спорт шеберлігіне үміткер, 22-сі 1 разрядты спортшылар. Түлектеріміз соңғы бірнеше жылда 500-ге тарта медаль иеленді. Оның 139-ы алтын, қалғаны күміс, қола медаль.
Әңгімелескен
Оңдасын Елубай,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері
Өскемен