Аймақтар • 21 Қаңтар, 2019

Алматылық студенттердің ішімдікті қаншалықты тұтынатыны зерттелді

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Аман-Саулық» қоғамдық қоры және Алматы қаласының менеджмент университеті (ALMAU) алматылық студенттердің арасында алкогольді тұтыну мәселесін зерттеуге арналған баспасөз мәжілісін өткізді. 

Алматылық студенттердің ішімдікті қаншалықты тұтынатыны зерттелді

Зерттеу әлеуметтік сауалнама негізінде жүргізілген-ді. Респонденттердің жасы бойынша, алкогольді тұтынуға деген көзқарасы мен алкогольді пайдалануға қарсы күрестің тиімділігі туралы сауал тасталды.          

Зерттеу ісіне Алматы қаласының АLMAU университетінің бірінші курсының 43 студенті белсене қатысып, UIB, ҚБТУ, КИМЭП, Нархоз, АЭБУ, ҚазҰУ, ҚазМУИ, Тұран университеттерінің студенттері арасында сауалнама жүргізілді.

Барлығы сауалнамаға18 жастан 25 жасқа дейінгі 773 респондент қатысты. Олардың 388-і ер адам және 385-і әйелдер қауымынан құралды. Респонденттердің 38% алкогольді алғаш рет 16 жаста, ал 37%-ы алғаш рет 16-18 жас аралығында пайдаланғандарын жеткізді. Сонымен қатар, 20% -ы 18-ден 21 жасқа дейін пайдаланса, тек  5% ғана 21 жастан асқан жастар болып шықты.            

Сондай ақ, респонденттердің 41% -ы алғаш рет достарымен бірге ішімдік ішкенін көрсетті. 31%-ы болса үйде, ата-аналарымен немесе туыстарымен бірге пайдаланып, 17%-і дәмхана немесе барда, ал 11%-і алкогольді тек көшеде пайдаланатындарын жеткізді.            

Сауалнамаға қатысқандардың 5%-ы ішімдіктерді тәулік бойы ішетіндерін мойындаса, 15%-ы аптасына бір немесе екі рет пайдаланатындарын, ал 29% – айына бірнеше рет қабылдайтындарын жеткізді. Респонденттердің тағы 29%-ы сауық сайран мен мереке күндерінде ғана ішімдік ішетінін атап көрсетті. Ал 22% -ы ішімдікті жылына бір немесе екі рет ғана сатып алып, сирек ішетіндерін жасырмайды.          

Алкогольді тұтынудың таралу себебін сұрастырғанда студенттер: 43% – алкогольге қолжетімділіктің оңай екендігін, 37,7% – достар мен қоршаған ортаның ықпалын, 26% – ересектердің үлгісін, 22% – өмірде басқа мақсат-мүдделерінің жоқтығын, 21,35% – алкоголь қаупі туралы ақпараттың аздығын, 22,5%-ы күнделікті кездесетін жанжалдар мен күйзеліске түсуді алға тартады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ