Жаңғыртулардан қандай да бір соңғы нәтиже күту қателік дер едім. Бұл жерде әңгіме белгілі бір нақты қоғамдық немесе жеке табыстарға қол жеткізу туралы емес. Жаңғыртулар шекті мәреге алып баратын үдерістер деуге де келмейді. Жаңғырту үдерістерін іске қосудағы мақсат − тек нақты іс-әрекеттерге серпін беріп, олардың бағыт-бағдарын айқындау.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялағанда да осыны мақсат тұтты. Ол бар болғаны жаңа жағдайларда өмір сүруге қабілетті әрі жарқын да бәсекеге төтеп беретін тұлғалар өсіп-жетілетін болашақтағы қоғамның сұлбасын сызып берді.
Қай істе де сын тезіне ілігуің мүмкін. Өйткені кез келген бастама қарсылыққа ұшырамай қоймайды. Бұл – табиғи жайт, себебі ескіні сол қалпында сақтауға ұмтылып, кез келген түбегейлі өзгерістерге қарсылық танытатындар табылады. Қаласақ та, қаламасақ та қоғамда ағымдағы ахуалды бұзуға наразы консерваторлар қашанда болады. Тура сол секілді жаңғырту қарқындарына көңілі толмайтындар да төбе көрсетеді. Олар да үдерістерге сыни тұрғыдан қарап, оңтайы келсе, көңіл күйлерін сыртқа шығаруға ұмтылады.
Тіпті, мұның өзін де қолдап, қолпаштауға болады. Өйткені табысты жаңғыртулардың басты шарты оларға адамдарды кең көлемде және жаппай тарту болып табылады. Осы бір жарым жылдың ішінде аталған мәселеге адам тартудан жоғары деңгейде қол жеткізілді десек, ешкім де дау айта қоймас.
Жаңғыртулардың жаңа кезеңіне аяқ басудың белгісі ретінде жаңғыртуларды ілгерілету бойынша мемлекеттік және жергілікті органдардың барлық жобасы мен іс-шараларын үйлестіріп отыру жүктелген Қоғамдық даму министрлігінің құрылуын айтуға болады.
Қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға ұмтылған қоғамдық ұйымдар мен бастамашы топтардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Азаматтық қоғам адамдардың санасына ықпал ету саласын кеңейте отырып, дамудың жаңа деңгейіне көтеріле бастады. Министрлік азаматтық қоғамды елді дамыту ісіне тартудың жаңа жолдарын табуда. Жас ұрпақтың әлеуетін арттыру үшін тетіктерді жақсарту, отбасының әл-ауқатын жоғарылату, дін саласында сапалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қазақстандық идеологияны қалыптастыру мен дамыту – осының бәрі эволюциялық әлеуметтік дамудың негіздері.
Бұл − практикалық жүзеге асырулар кезеңі. Мұның бір қарағанда қарапайым көрінетіні де рас. Бірақ бұл жерде әңгіме нәтижелері кей кездері соншалықты бір қатты сезілмесе де маңызды өзгерістерге бастайтын аса қажетті жобалар мен іс-шараларды жасау туралы болып отыр. Осы арада қоғамдық жүйе құндылықтарындағы өзгерістер, әркімнің өз өміріне өзі жауапты екендігі де меңзеледі. Жаңғыртулардың құндылықтары – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімге құштарлық, ашық сана, эволюциялық жолды таңдауға деген оң көзқарас және мәдени біртектілік. Міне, осылардың бәрі қоғамның барлық тобының ішіне тереңдей еніп, оның адамгершілік негізіне айналуы тиіс. Бұған барша қоғам болып ұмтылу қажет, өйткені бұл үдерістен ешкім де сырт қала алмайды, себебі жаңғыртулар кім-кімге де әсер етпей қоймайды.
Осы аралықта көптеген қазақстандық қазірдің өзінде өзінің жеке үлгісімен өз ортасында оң өзгерістерді жүзеге асыру үстінде, яғни бұл үдеріс тұтастай қоғамды қамтып жатыр деген сөз. Тар шеңберлі арнайы мамандықтар мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуды, өзін өзі жетілдіруді қалайтындар саны өсіп келеді, жастар кітап оқуға да ден қоя бастады. Меценаттық өмірдің бар саласында қанат жайып барады. Қазақстандықтар күн сайын ізгілікті істерге көп мойын бұрып жүр, мұны тіпті бастамашы топтар мен волонтерлық ұйымдар санының күрт артып келе жатқанынан да аңғаруға болады. Жақында (Павлодар облысында) меценаттар волонтерларға пайдалану үшін тегін пәтерлер берсе, оларда өмірлік қиын жағдайларға душар болған отбасылар уақытша тұратын болады.
Қазақстандық жас жұбайлардың үйлену тойында жиналған ақшаны қайырымдылық шараларына бергені жөніндегі бірнеше оқиға да елді елең еткізді.
Қазіргі таңда табиғи байлықтар мен экологияға оң көзқарас таныту қалыптасып келе жатқаны да көңілге жылылық ұялатады. Аулаларды абаттандыру мен аумақты күл-қоқыстан тазарту жұмыстарына бет бұра бастаған азаматтар саны арта түскені де қуантпай қоймайды.
Прагматизм қарапайым істермен қатар, күнделікті өмірде де айқын көрінеді. Қазақстан қалаларында соңғы жылдары көптеген велосипед жолдары пайда болды, жұртшылық жылдың жылы да жайлы кездерінде екі дөңгелекті көліктеріне отырып, денсаулықтары мен экологияның жақсаруына өз үлестерін қосуда.
Күнделікті өмірде ұлттық бірегейлікті пайдалану мейнстримге айналғандай. Қазақстандықтардың болашақ ұрпақтарының бойында қазірдің өзінде қалыптаса бастаған ұлттық қазақстандық код тамыр жаятыны күмәнсіз.
Үкіметтік емес сектор мен белсенді жастар үшін басталған жыл табысты да жемісті болатыны байқалады, ал азаматтарға ол балаларының бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру және әрқайсысының жеке-жеке дамуы үшін де көптеген жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.
Жұлдыз ОМАРБЕКОВА,
Қоғамдық даму вице-министрі