«Мұғалімдерді ақы төленбейтін қосымша жұмыстарға көп уақыт жұмсайды. Мысалы, сайлау кезінде үгітші жасайды, сабақтан алып сенбілікке жібереді, жиналыстарда кісі толмаса соған қатыстырады, біреудің кітабы өтпей жатса соны алдырады және газет-журналдарға күштеп жаздырады, т.б.» деді.
2000-жылдары қазақтың біртуар педагогы, ғалым-ұстаз Қанипа Бітібаева апамыз Ақсуатқа келді. Сонда осы мәселені қозғап еді. Көреген апамыз өз сөзінде: «Мұғалімдердің «байы» көп. Олар – директор, білім беру бөлімінің басшысы, әкім т.б. Сондықтан «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылдамай түк те болмайды» деп еді. Міне, бұйырса Қанипа апамыздың тілегі орындалғалы тұр.
Ендігі кезекте педагогика саласында 34 жыл еңбек өтілі бар, мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор, білім бөлімінде әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, жаңадан құрылған «ПМПК» КММ-нің басшысы болған адам ретінде «Педагог мәртебесі туралы» заңға қатысты ой-пікіріммен бөліспекпін.
Ең алдымен Президентіміз атап көрсеткендей (жоғарыда айтылған), ақы төленбейтін қосымша жүктемелерден мұғалімдерді босату керек. Екіншіден, мұғалімдердің алаңсыз сабаққа дайындалып, оқу-тәрбие жұмысымен ғылыми шығармашылықпен айналысуына мектеп әкімшілігі жағдай жасауы қажет.
Әр мұғалімде ЕҒҰ (еңбекті ғылыми тұрғыда ұйымдастыру) болуы, яғни сабақ кестесін жасағанда бір күнді осыған арнау, пән кабинеттерінің материалдық базасын жақсарту, мектепішілік семинарлар, ғылыми конференциялар өткізу, мектеп мұғалімдерінің педагогика саласы бойынша өтетін аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадаларға, түрлі байқаулар мен конкурстарға қатысуларына жағдай жасау, мұғалімнің еңбегін соңғы нәтиже бойынша бағалау, яғни оқушысы аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлделі орын алған ұстаздарды жұмыс өтіліне қарамай категориясын көтеру және марапаттау. Үшіншіден, экономикалық жағдай түзелген кезде мұғалімдердің апталық жүктеме сабақтарын 18-ден 14-ке дейін төмендету, 25 жыл жұмыс өтілінен кейін жеңілдікпен зейнеткерлікке шығару қажет.
Педагогтарды тұрғын үйінің көлеміне қарай көмірмен, электр энергиясымен толық қамтамасыз ету, дәрігерлік қараудан тегін өткізу қолға алынса дейміз. Қазіргі кездегі коммуналдық қызмет ақысы бір тонна көмірге де жетпейді.
Сонымен бірге мұғалімдердің еңбекақылары еліміздегі орташа еңбекақыдан жоғары болуы қажет.
«Сананы тұрмыс билейді», деп кезінде К.Маркс тегін айтпаған болар. Егер мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелсе, оларға еркіндік берілсе, ұстаздар өздерінің атына дақ түсірмей, еліміздің ертеңі – болашақ ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек ететіндеріне кәміл сенемін.
Ержан ҚҰТТЫБАЕВ,
Білім беру ісінің үздігі, Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты
Шығыс Қазақстан облысы