Қазақстан • 23 Қаңтар, 2019

Өзгенің қаңсыған су көліктері неліктен біздің жағалауда қалуы тиіс?

971 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Каспийдегі тыныштық пен тазалық – еліміздің геосаяси қауіпсіздігінің, экономикалық және экологиялық тұрақтылығының кепілі. Айдынында бірнеше маңызды мүдделер тоғысқан теңіздің тазалығы, әсіресе, өңірдегі өзекті мәселенің бірі саналатын теңіздің тұздылығы жоғары суын тұшытып, ауыз су ретінде пайдаланатын маңғыстаулықтар үшін аса жанды тақырып.

Өзгенің қаңсыған су көліктері неліктен біздің жағалауда қалуы тиіс?

Сондықтан Маңғыстау тұр­ғын­дары теңізде орын алған әрбір ірілі-ұсақты жағдайға сал­ғырт қарай алмайды. Бұған дейінгі ит­балықтардың жаппай қырылу оқи­ғалары, теңіздегі жер сілкіністері мен теңіз түсінің өзгеруі, сондай-ақ теңіздегі кен орындарының ахуалы аймақ тұрғындарының назарында. Теңіз жағасындағы жұртты кезекті рет алаңдатқан оқиға – айдында шетелдік кемелердің қалдырылуы болатын.

2016 жылы бортында 930 тонна мұнай қалдықтары − мұнай өнімі, қалдық май, тақтатас сулары, мазут төгілген топырақ сияқты қоқыс тиел­ген ресейлік «Аракс» кемесі Құ­рық ауылына 35 шақырым қашық­тықтағы Песчаный мүйі­сінде теңіз жағалауынан 100 метр жерде қайырда тұрып қалды. Зәкірі үзілгендіктен қайырлап қалды де­лінген танкердің экипажы суда ізі білінбей, зым-зия  ғайып болған.

17 қап және 11 дана екі жүз литр­лік мазутталған бөшке, сон­дай-ақ 130 тонна  ластанған су (мұнай өнімдері) мен 500 тонна бал­ласт тиелген кемедегі жүктің жо­ғары қауіптілігі қазақстандық тарап­ты біраз әбігерге салды. Бір қы­зығы, бастапқыда кеменің иесі табылмады. Иесін іздеп уақыт жоғалту орны толмас өкініштерге соқтыруы мүмкін болғандықтан, яғ­ни теңіздің экологиялық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін, 2017 жылы бюджеттен 39,2 млн тең­ге бөлініп, тазалау жұмыстарының 50%-ын конкурстық негізде «Ба­тыс­МұнайТранс» ЖШС қолына алды.

Танкер тұралаған соң арада үш ай өткенде Ақтау және Баутино порт­­тарының теңіз әкімшілігі Махач­­кала және Астрахань теңіз порт­­тарына хат жолдаған соң ға­на су көлігінің Ресей Федера­­ция­­сының «Транс Каспий» мекеме­сіне тиесілі екендігі анық­талды. Аталған меке­меге хат жа­зыл­­ғаны­мен, жауап болмаған. Аз ғана уа­қыттан соң, кемеге иелік ете­тін ма­хач­калалық компанияның өз жұмы­сын тоқтатқандығы ай­тыл­­ған­ымен, артынша иесі табыла кеткен кемені одан әрі тазалау және металл сынығы ретінде бөл­­шек­теу жұмыстарын жүргізу үшін 2018 жылы 29 маусымда ре­сей­лік «Судоходная компания Транс­каспий» ашық акцио­нер­лік қоға­мынан сатып алу-сату келі­сім­шартына сәйкес «Batys Energy Group» ЖШС алды. Маңғыстау облы­сының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­ма­сының басшысы Дүйсен Құсбе­ковтің мәліметінше, «Batys Energy Group» ЖШС мұнай қал­дықтарын түгелдей тазартып, қазіргі кезде кемені бөлшектеп кесу жұмыстарын жүргізуде және ма­ман­дар сөзіне сай кеме­ден теңізге, қоршаған ортаға ешқан­дай эко­ло­гия­лық қауіп төніп тұр­ған жоқ. Алай­да 2018 жылдың соңын­да аяқта­луы тиіс жұмыстар ауа ра­йы­ның қолайсыздығы салдарынан созыла түскен. 

Кеме иесін таппай дағдарған кезде Маңғыстау облысы экология департаменті, порт әкімшілігі сын­ды құзырлы органдар тарапынан  кеме тазартылған соң, кемені алу­ға келген иесінен өтемақы өнді­ріле­тін­дігі,  ал иесі табылмаған, тіп­ті алу­ға келмеген жағдайда белгі­лі бір уа­қыттан соң кемені меншік­теу жұ­мыстары заңға сай жүзеге асы­­ры­­латындығы айтылған болатын.

Нәтижесінде ие­сі табылды, бірақ қазақ­стандық та­рап олардан қауіпті жүк тиелген кемені ел аумағына заңсыз тас­тап кеткені үшін жауап алып, айыппұл салудың, кемені алып кетуін немесе тазалап беруін, зиянды қалдықтарды зарарсыздандыру, жою мәселесін талап етудің орнына шетелдіктер керек емес деп қалдырып кеткен кемені сатып алып, тазалап әлекке қалды. Сатып алушыларды кемені металл бөлшектеріне бөліп, оны сатып пайда табу қызықтырады десек те, оның пайдасының кеткен шығынды өтей алатынына сенім жоқ. Бастапқыда тиісті орындар айтқан өтемақы немесе меншіктеу шаралары жүзеге аспай, иесі адыра қалдырған кемені сатып алу қаншалықты дұрыс?

Сөйтсек, шетелдіктер тастап кеткен кемені сатып алып, тазартуымыз жалғыз бұл емес екен. 2015 жылдың қараша айында Каспий теңізінің жағалауында Құрықтан 30 ша­қы­рымда қайраңға тұрып қалған Иран Ислам Республикасының «ТИБА» атты кемесі жүксіз және экипажсыз сол жерде бүгінге дейін тұр. Аталған кемені де ирандық «Муалем инсуранс компаниясынан» сатып алған отандық жеке кәсіпкер оған алдымен тазалау жұмыстарын жүргізіп, сонан соң металл сынығы ретінде бөлшектеу құқына ие. Сондай-ақ қай елге тиесілі екен­дігі және тиеген жүгі жайлы айтылмай­тын «Каспиан Дреджинг энд Марин Контракторс» компания­­­сына тиесілі тағы бір кеме Каспий теңізінің Қазақстан жағалауында қайырлап тұр. Ұзындығы 63,4 метр, ені 16 метрлік «НАМ-2017» атты алып кеме Қарақия ауданындағы «Адамтас» қаумалы жағалауында Ақ Маякқа жақын теңіз ішін «мекен еткен». Бұл кемені де металл сынығы ретінде бөлшектеу және тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті «ҚазАзОйлСервис» ЖШС аталған компания­дан келісімшартпен сатып алды.

Маңғыстау облысының табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасы бұл екі кеме бойынша ешқандай экологиялық қауіп төніп тұрмағандығын айтады.

Кемелердің теңіз жағалауына кез келген тұстан жақындай бермейтіні белгілі. «Аяғын аңдып басып» дегендей, кеме көлемі, оның су түбіне кететін бөлігінің ұзындығын есептей отырып, кеме түбі мен теңіз жағалауының тереңдігі сәйкес келетін жерлерге ғана рұқсат етіледі. Теңіздің орта тұсы емес, кез келген жағаға жеткенде тереңдігі нақтыланбаған аумаққа түбі тиіп қайырлап қалу қаупінен сақтанып, тұсаулы аттай кібіртіктеген кемелерді артынан итеріп, алдынан сүйресең де келтіре алмасың анық. Сонда бұл үш кемеге айдың күннің аманында таяз жағаға келіп қайырлайтындай не күн туды?! Алда-жалда табиғат құбылыстарымен жел айдап, толқын ысырып жағалауға әкелді дегеннің өзінде, меншік иесі болып табылатын мемлекеттердің, компаниялардың алып кетуге асықпайтыны, тіпті іздеген­де түлкібұлаңға салып таптырмайтыны неліктен? Бір кезде керек болмағандықтан қал­дырып кеткен немесе алып кеткісі кел­мейтін, яғни қажетсіз деп жоққа шы­ғарып тастаған қоқыс-кемелерін пұлдап сату­ға тиісті ме?! Керісінше, бөтен мем­лекет­тің аумағына мүлкін, экологияға қауіп төндіретін аса улы қалдықтардан құрал­ған жүгі бар кемелерін қалдырып, жергі­лікті басқарушы орындар, тиісті салалық бас­қар­малар мен департаменттер, порттар әкім­шілігі, тіпті еліміздің Сыртқы істер министрлігінің араласуымен мемлекеттік деңгейде әбігерге салғаны үшін олар жауапты болып, шығынды өтеуі керек қой.

Шүкір, Қазақстан кемесіз емес. Жыл сайын теңізге еліміздің теңіздегі шекарасын қорғау мақсатында Оралдағы «Зенит» кеме құрастыру зауытында құрастырылған шекаралық кемелер түсіріліп жатыр. Ақтау халықаралық теңіз-сауда портында ауыр жүктерді тасымалдайтын танкерлер бар. Бұлар техникалық тұрғыда әлі талай жетіліп, заманауи жетістіктермен жаңғыра түсетіні, еліміздің теңіздегі көліктік қажеттілігін өтейді деп сенеміз.

Демек біреулердің қалдырып кеткен қаңсығы бізге таңсық болатын орны жоқ. Әлде, бұл сатып алып, өзіміз тазартудан басқа амал жоқтықтың, «бетпақ жеңді» дейтіндей дәрменсіздіктің кері ме?

Иә, Маңғыстауда кемелер неге қалған... Пайдасы күшті болса неге қалған?!

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы