Жас Суретшілер одағы жасап шыққан айрықша арт-нысан көне шаһардың өткені мен бүгінін сабақтастырып тұрғандай әсерге қалдырады. Туындыгерлердің бұл идеясына Шәкен Аймановтың 1957 жылы жарық көрген «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі сары «Москвич» арқау болыпты.
«Газдар»-«Маздар»,
«Москвичтер», «Волгалар»,
Зула-зула, зула темір жорғалар» – деп бір кездері Мұқағали өлеңге қосқан мұндай көліктерді ілуде біреу болмаса, қазір қала көшелерінен кездестіре бермейсіз. Ал көлік кабинасына лық толтырылған жасанды жеміс Алматының әсем апортын еске салардай. Шаһардың әзелгі тұрғындары ол кездері қазіргідей ағылып жатқан көлік жоқ еді, осындай көліктер мен таңнан кешке дейін тыным таппайтын трамвайлар көшелердің сәні болатын деп еске алады. Заман ағысына сай трамвайлар да көзден таса болып, оның орнын жерасты метролары мен жүрдек автобустар басқалы қашан. Тұрғындар бұл өнер туындысын көзден кетсе де көңілден кетпейтін сырлы сәттерге, жастық мекенінің жанға жайлы шақтарына сапар шектіретін әсерлі естелік деп есептейді.
Өткеннен нәр алмай ертеңіңді елестету мүмкін емес. Осыны ескерген мың бояулы мегаполис ежелгі Алма мәдениетін өзіне қайтарғысы келетіндей. Былтыр шаһарда тұңғыш рет Алма музейі ашылған болатын. Алмаға қатысы бар аңыздар мен ертегілер, алманың әлемге қалай тарағаны туралы әңгімелер, бақшашылық және алманың тасасындағы тылсым мәндерге бойлататын тың ақпараттардың барлығын осы жерден табуға болады. Дәмі түгіл түрі де есімізден шығуға шақ қалған әлем таныған Алматы апорты соңғы уақыттары қайта жаңғыртыла бастағанын газетіміздің өткен сандарының бірінде сүйіншілеген едік.
Ал қала көшесінде оқшауланып тұрған алма толтырылған сары «Москвич» әкелеріміздің студенттік сәттерінің сарғайған сағынышы секілді елестейді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ