Қазақстан • 31 Қаңтар, 2019

Ауданда инфрақұрылым маңызды сала болып отыр

683 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы Алтынсарин ауданының әкімі Ерлан Жаманов тұрғындар алдында есеп берді. Есепті жылда ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы жоғары алға жылжып отырған. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 17 млрд 10 миллион теңгені құраған. Мал басы да көбейген. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер егін шаруашылығында 347 миллион, мал шаруашылығында 25 миллион теңге субсидия алған, сонымен қатар инвестициялық субсидия 250 миллион 500 мың теңгені құраған. Елбасы тапсырмасына орай, аудан көлемінде туризмді дамыту жұмыстары да жүріп жатыр. Мұнда туризмнің аңшылық, балық аулау және сауықтыру-демалыс бағыттары дамып келеді.

Ауданда инфрақұрылым маңызды сала болып отыр

Дегенмен, ауданның әлеуметтік өмірінде инфрақұрылым маңызы өзекті күйінше қалып отыр. Бұл орайда соңғы жылдары аудан басшылығы ауыз су мәселесіне барынша көңіл бөлген. Аудандағы барлық елді мекеннің 9-ы орталық ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ауыз су мәселесінің шешімін табуы үшін былтыр 4 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Биыл Докучаев, Шоқай, Новоалексеевка, Красный кардон және Сатай ауылдарына басты су құбыры және су тарату құбырының желілері құрылысы басталады. Оған республикалық бюджеттен 2 миллиард 284 миллион 397 мың теңге қаржы бөлінді.

«Мұның барлығы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов және Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Аронованың арқасында мүмкін болды. Біз олардың ауыл тұрғындарының жағдайына биік адамгершілік тұрғыдан түсіністікпен қарағанына алғысымызды айтамыз. Ауылды сумен қамтамасыз ету осылай республикалық және облыстық дәрежеде жедел шешімін тапты» деді аудан әкімі Ерлан Жаманов.

Сонымен қатар, ауданды газдандыру және аудандағы, ауылдардағы жолдарды жөндеуге де республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Биыл ауылдардың еңсесін көтеру үшін осылай инфрақұрылымдық жұмыстар қарқынды жүретін болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Egemen Qazaqstan»

Қостанай