Зауыттың №16 жөндеу-механикалық цехында болған Мәжіліс төрағасына серіктестік басшысының орынбасары Нүрзия Лесбекова кәсіпорынның бүгінгі жұмысы туралы баяндады. Ол өткен жылғы атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат беріп, алдағы жоспарлармен де бөлісті. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, Елбасы Жолдауындағы басым бағыттар мен нақты міндеттерге тоқталды. Кездесу барысында Мәжіліс төрағасы Елбасы Жолдауында айтылған кәсіпорын жұмысшыларының жалақысының өсуі, «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болу секілді бірқатар жайтты әңгімеледі.
«Қазфосфат» ЖШС өткен жылдың қорытындысы бойынша 112,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Кәсіпорын өнімдері Германия, АҚШ, Дания, Швейцария, Польша, Өзбекстан, Нидерланды және өзге де мемлекеттерге экспортталады. Жамбыл өңіріне жұмыс сапары барысында Мәжіліс спикеріне өңірдегі алып кәсіпорынның тынысы тыңғылықты баяндалды.
Бұдан кейін Нұрлан Нығматулин М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетіне келіп, белсенді жастармен кездесті. Бес жүзден астам жас қатысқан жиында Мәжіліс төрағасы бүгінгі жастардың тәуелсіздіктің рухымен өсіп келе жатқанын айтып, күні кеше ғана Елбасының қатысуымен Астана төрінде өткен «Жастар жылының» ашылуымен құттықтады.
«Әрбір елдің, әрбір мемлекеттің болашағы - жастар. Сондықтан біз «Жастар жылы» аясында маңызды кезеңде кездесіп отырмыз. Биылғы жылдың жастарға жаңа қуат, жаңа жігер, жаңа күш беретініне сенім мол. Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде Жамбыл облысындағы барлық жоғары оқу орындарында сапалы білім беруге толық мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар, Жамбыл өңірі - Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген аймақ. Сондықтан Жамбыл жастарының рухы бәрінен биік болу керек» деді Мәжіліс төрағасы.
Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бүгінде жастарға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалып отырғанын, ендігі жерде жастар тек білім мен ғылымды игеру керектігін айтты.
Өз сөзінде спикер еліміз егемендік алғаннан бері ел ертеңі жастарға көңіл бөлініп келе жатқанын, Елбасы «Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақ жастары үшін әлемдік өркениетке жол ашқанын, нәтижесінде бүгінде он екі мың жастың елімізге қызмет етіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы жастар үшін баспана, жұмыспен қамту мәселелерін де қарастырып отырғанын айтты.
Кездесу барысында Диана Әбдіғаппар, Қамбар Мақсат, Аружан Секербек сынды белсенді жастар және өзге де студенттер көкейдегі сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Нұрлан Нығматулин жастарға берген жауабында жастардың білім алуда да, қоғамдық жұмыстарды атқаруда да белсенді болуы керектігін, ауылды жерлерге жас мамандарды тарту үшін баспана, жұмыс және жалақы мәселесін жергілікті әкімдердің шешуі тиіс екенін, бұл мәселеге бюджеттен қаражат бөлінгенін айтып өтті.
Жамбыл өңіріне жұмыс сапары барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалына келіп, азаматтарды қабылдау сағатын өткізді. Спикер азаматтардың сауалын тыңдап, оларға нақты жауап берді.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы