Медицина • 01 Ақпан, 2019

Тұрғындарды толғандырған түйткіл неге шешілмейді?

565 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Халықты құрғақ уәделерден гөрі шешімін таппай келе жатқан нақты мәселелер бірінші кезекте толғандыратынын кей билік өкілдері әлі жете ұғынбай жүр.

Тұрғындарды толғандырған түйткіл неге шешілмейді?

Елбасының Жарлығына сәй­кес ауылдық және аудандық әкім­дердің бір жыл ішінде атқар­ған жұмыстары жайлы тұр­ғындар алдында жасаған есептерін жинақтап, қорытып, не түйдік деген төңіректе әңгіме өр­біт­кенді жөн көріп отырмыз. Өйткені өзара ұқсас баянда­ма­лардың қай-қайсысын ашып қал­саң да сықиған цифрлардан, алаулатқан-жалаулатқан рапорттық табыстардан, көте­ріңкі, лепті сөздерден көз сүрі­нетіні белгілі. Әрине атқа­рылған шаруа жайлы хабардар ету қажеттігін жоққа шы­ғар­маймыз. Бірақ деректерді оңды-солды, жөнсіз тықпалай беру тыңдаушыны мезі етері анық. Өкінішке қарай, жыл сайын бас алмастан оқылатын таптау­рын, жаттанды баяндамалар қордаланған шетін проблемаларды шешпей отыр. Өйткені, осындай алқалы басқосуларда жауыр болған мәселелер жыл сайын неге қайталана береді деген сауа­л алдымызды кес-кестей берді. Тіпті мәліметтер ғана жаңар­ты­лып, жұртшылық назарына ұсынылған ескі баяндамаларды да кезіктіргенбіз.

Өзіміз де осы мәселе бойын­ша қалам тартуға оқталып жүр едік. Тездетуге Архан ауы­лын­­да тұратын газетіміздің тұ­рақты оқырманы Әлім Төле­баев ақсақалдың телефон со­ғуы түрткі болды. «Менің пікі­рімше, жер­гілікті жерлерде әкімдердің есеп­ті кездесулерін ұйым­дас­тырудағы мақсат – көпшілікті толғантқан әлеуметтік-экономи­калық дамудың кенжелеп қалған тұстарын талқылау, ұғынықты ұсыныстар мен сын-пікірлердің шешімін табуына жәрдемдесу, ықпал жасау, бақылауға алу, жо­ғары атқарушы органдарға жеткізу, мәселе етіп қою», деген Әлекең жиынды ауыл әкімінің жауапкершілігі мен есеп беру міндеттілігіне ықпал жасайтын құрал ретінде сезіне алмағанын, ашық сұхбаттан гөрі санды қуалап кету, жағдайды жалпы­лама баяндау көлеңкесінен аса алмағанын айтады. – Округте жұмыс істейтін шаруа қо­жалықтары, серіктестіктер иелі­гіндегі қоғамдық малдан бруцеллез ауруы шығып оның ушыққаны соншалық, адам­дарға жұққан ондаған факт тіркелді. Оның зардабын әлі күнге дейін тартып келеміз. Осын­дай соқталы мәселелердің орын алуына баға беріліп, бұ­дан былай болдырмаудың жолдары атап көрсетілуі керек еді. Жеке адамдардың малы шаруа­шылықтармен араласып бағы­латындықтан, жұқпалы кесел тарал­мағанда қайтеді? Алда бел­­гі­ленген міндеттер қоғамдық өмір­дегі саяси-экономикалық жағдаймен, Елбасының талап-міндеттерімен сабақтастырыла қамтылса әлдеқайда нанымды әрі нақты болар еді деген үмітіміз әзірге ақталмай тұр, – деді ол.

Жылына бір мәрте өтетін дәстүрлі шараның маңызын, ауқы­мын ескермеудің тағы бір мы­салына тоқтала кеткен ар­­тық етпес. Облыс орта­лығымен іргелес қонған Қызыл­жар ауда­нында 50 мыңға жуық адам тұрады. Қай жағынан алсақ та, ауданның әлеуеті зор бол­ға­нымен, әлеуметтік-эконо­ми­калық мәселелерді шешу­дегі мүм­кіндіктері ұтымды пайда­ланылмай келеді. Прибреж­ное ауылдық округінде ұйым­дастырылған кездесуге 3 мың­ға жуық тұрғыннан 50-дейі ғана қатысса, жартысынан астамы аудан әкіміне ере келген лауа­­зым иелері болып шықты. Осының өзінен адамдар дұрыс құлақтандырылмағанын немесе жергілікті билікке сенімсіздігін көруге болар деген қорытынды жасауға итермелейтін тәрізді. Себебі Петропавл қаласынан 15 шақырым ғана жердегі ша­қаулықтардың шұрқ-шұрқ те­сік жолдың азабын көріп ке­ле жатқанына бірнеше жыл. Әр кездесуде орындалмайтын уәде үйіп-төгіп берілсе де «бая­ғы жартас – бір жартастың» ке­бін киген. Ауылішілік жолдар да құрақ көрпе іспеттес. Баяндамадағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жас мамандардың елді мекендерге келіп, тұрақтануын қамтамасыз етіп жатыр деген сөз құлаққа жылы естілгенімен, көңілге күдік ұялататын тұстар жоқ емес. Жас маман Нартай Молдахметов 10 жылдан бері осы бағдарламаның игілігін көре алмай, салы суға кеткен. Жеңілдетілген несиеге бас­пана тұрғызып алайын деген үміттің оты өшкен. Бұл жолы да шы­ғарыпсалма жауапты қанағат тұтты. 
«Арман» шаруа қожалығының жетекшісі Аманбай Сәдуов екін­ші топтағы мүгедектігіне қара­мастан төрт түлік өсірумен айналысады. Жайылымға қолы енді жете бергенде басқа округ тұрғыны қағып әкеткен. Соның салдарынан 4 миллион теңгеге сатып алған техникасы, ауылдас­тарын жемшөппен қамтамасыз етемін деген уәдесі жайына қалған. Осындай бассыздыққа қатты күйініп, амалсыз сотқа қайырылған. Бір сөзбен айтқанда, оны алда әлі талай шырғалаң, әрлі-берлі сенделіс күтіп тұрған тәрізді.

1500-дей тұрғыны бар При­брежное ауылының да ащы ішектей созылып келе жатқан проблемалары жетіп артылады. Мәселен, жастар жағы клуб үйін салып беру жөнінде ауыл, аудан әкімдігіне бірнеше рет барыпты. Биыл да бұл өтініш қанағаттандырылады дегенге сену қиын. Өйткені, жауап екі­ұшты. Сонда дейміз-ау, Ел­ба­сының бастамасымен биыл Жастар жылы жарияланғанын білмегендері ме? Күні бұрын қам жасап, «міне, иесіз нысан таптық, күрделі жөндеу жасап береміз десе, жастар мәз болып қалмаушы ма еді? Атқамінерлер әлі күнге дейін бос ғимарат сатып алу жайын «қарастырумен» жүр. 

Көктемге салым елді мекен қар құрсауында қалып, оның соңы қарғын суға ұласып жатады. Жылда осылай. Былтыр бірқатар үйді қызыл су шайып, үлкен шығын келтірген. Биылғы жайымыз не болады, ескі дамба жарамсыз. Жаңасы қашан тұрғызылады? Бұл сұраққа да мардымды жауап алынбады. 

Қызылжар ауданының орта­лығы Бескөл кен­тінде де шешімін күткен мәсе­лелер аз емес. Оның бірсы­пырасы қайтадан қозғалды. Әсіресе жол, қоғамдық көлік қатынасы, абаттандыру, жарық­тандыру, тұрғын үй жайы өткір тұр. Татьяна Торгашева балалар үйінде тәр­бие­леніпті. Ата-ананың қамқор­лығынсыз өскен бойжеткен қазір аудан орталығындағы мектеп­тер­дің бірінде мұғалім болып істейді. Әлі күнге дейін ба­сыбай­лы пәтері жоқ. Баспананың кезе­гінде тұрғанына он жылдан ас­ты. Бірер ай бұрын халықтың әлжуаз санаты үшін 30 пәтерлік үй қолданысқа берілгенімен, ілік­пей қалды. Ол өзі қатарлы құр­­быларының қоныс тойын тойлағанын айтады, ал өзінің кезегі қашан жете­тініне күмәнді. Аудан әкімі Жанат Сәдуақасов        5 қа­батты екі тұрғын үйдің жобасын әзірлеп жатқанын, үйлердің жеке инвестиция бойынша және жалдамалы баспана ретінде мемлекет қаражатына салынады деген жалпылама жауаппен ғана шектелді. 

Зейнеткер Ермек Мұқанов отбасымен кенттің оңтүстік-шығыс шағын ауданында тұрады. Балалары мен немерелері облыс орталығынан атасы мен әжесіне қонаққа келу үшін №101 автобуспен қатынайды екен. Екі аралықты жалғастыратын жал­ғыз қоғамдық көлік бұл шағын ауданға бармайтын кө­рінеді. Қарияның тарапынан «Мар­шрутты ұзартып берсеңіздер, бұл ­жақта оқушылар көп, мектеп болса алыс. Балаларға жаяу қатынау өте қиын» деген ұсыныс айтылғанымен, аяқсыз қалған. Осы мәселені шешу жөнінде бұған дейін нақты тапсырма бе­рілсе де, есепті кездесуге дейін орындалмай келгені сал­ғырт­тықтың салдары деген тұ­жырым жасауға толық негіз бар. 

Володар ауылдық округінің тұрғындары ауыз судың санитар­лық-гигиеналық талаптарға сәй­кес келмейтінін айтып, налиды. Бес жыл бұрын ауылда жер­гілікті су ұңғымасы қазылып, сапа­сы жақсарғанымен, су сүзгісі істен шыққандықтан су лайланып, дәмі кермек тартқан. Екі жылғы сергелдең жабдықты жаңалауға тіреліп тұрған жайы бар. Қандай қаражат көзі тартылары белгісіз. Ақан-Бұрлық елді мекенінің тұрғындары медицина қызметкерінің жоқтығынан көрші Құспек ауылына 3 мың теңгеге көлік жалдап баруға мәжбүр. 800-ге жуық адам тұра­тын Воскресеновка ауылы ауыз суға мұқтаж. Мамлют ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рус­там Ғаббасовтың «Су мәсе­лесін қарастырып жатырмыз. Нақты шешім әлі жоқ» деген жа­уабы есепті кездесуге қатысу­шыларды қанағаттандыра қойған жоқ. Дәріхана ашу секілді қарапайым мәселе күн тәрті­бінен түспеуіне қарағанда әлі біраз уақыт күтуге тура келетін сы­қылды. 

Ақжар ауданында өт­кен есеп­тік кездесулерде ай­­лық жа­ла­қының төмендігі, мем­­лекет­тік бағ­дарламаларға қатысу бел­­сен­ділі­гінің төмендігі, мем­­лекеттік-же­кешелік әріп­тес­тіктің бәсеңдігі белгілі болды. 

Ауылдықтарды ауыз сумен жабдықтау, кең жолақты интернетке, ұялы байланысқа қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту, жеңілдікті несие, жер телімін алу жайлары да қатты толғандыратыны есепті кездесулер барысында анық байқалды. Олай болса, әкім есебі жұртшылық үшін жасалатынын ұғынатын мезгіл жетті. Уә­де берген екен, үдеден көріну – бұл­жымас міндет.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы