01 Ақпан, 2019

Қоғамның тең мүшесі болғымыз келеді...

1640 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына бүгінде мемлекет тарапынан едәуір көңіл бөлініп келеді. Елбасы әр Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Қазақстанда кедергісіз орта құру керектігін айтады. Дей тұрғанмен, кейбір мәселенің көлеңкелі жақтары да жоқ емес.

Қоғамның тең мүшесі болғымыз келеді...

Айталық, бала жасынан I топтағы мүгедекке қарап отыр­ған адамға берілетін жәр­дем­ақы жайы алаңдатпай қой­майды. Өткен жылдан бастап беріле бастаған жәрдемақы азайғанымен қоймай, егер мү­гедек жұмыс істейтін немесе қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын болса, оған өзіне көмектесетін жеке көмекшіден қол үзуіне немесе сол көмекшіні қалдыру үшін үйде күндіз-түні қарап отыратын адамға алып отырған жәрдемақысынан бас тартуына тура келеді. Үйде қарайтын адам онсыз да бүкіл өмірін мүгедекке арнап жарымжан күй кешетіндіктен, оның да денсаулығы нашарлайды, сонда ол ауырмауы керек пе, емделмей ме, өз қажеттілігін өзі өтемей ме? Ал мүмкіндігі шектеулі жан­­­­ға сырттағы көмекшінің қа­жет екені айтпаса да түсінікті. Кө­мекші жайын ойлайтын болса, қоларбаны қолмен жүргізе ал­майтын, тірек-қимыл жүйесі дұрыс істемейтін, арық, дене-бітімі кішкентай, үнемі отыратын мүгедектің денсаулығын ескеріп, ыңғайлы электрлі қоларба беретін жағдай жасалуы қажет. Шипажайлар мен демалатын мекемелерге бару біз сияқты арбада отырған жандарға және көмектесетін ешкімі жоқ жалғыз басты мүгедектерге орындалмас арман. Себебі емдеу-сауықтыру орындарында да сырттан бастап, іште де еркін әрі кедергісіз жайлы жүретіндей жағдай жоқ. Ал ондай жерлерге жіберетін жер­гілікті жауапты мекеме жолдама бере алмай, тіпті қасындағы қо­сымша көмекшісі түгілі, ана­­сының жолақысы мен сол жақ­тағы қаражатын да төлей алмай қалады. Арбадағы мүгедекке кө­мектесу үшін бір адамның фи­зикалық тұрғыдан күші аздық етеді. Яғни, мемлекет тарапынан осы мәселелерді шешетін қа­ражат аударып, шипажайлар мен демалатын жерлерге жағдай жасалуын қадағалайтын және заңмен мәжбүрлейтін тетік неге жоқ? Бүгінде сондай-ақ мем­лекеттің дамуына, халықтың жағ­дайының жақсаруына үле­сіңді қосу үшін жұмыс іс­тейін десең, порталдардағы вакан­сия­дағы жұмыстың талабы мен ережесі еріксіз жігеріңді құм қылады. Еңбек өтілің аз дегенде 2 жылдан асып, маман­­дығың мығым болуы керек. Порталды қойып, алдарына барсаң, «сенің қолыңнан тез ж­азу келмейді немесе жағ­да­йыңды жасай алмаймыз және бос орын жоқ. Орын босаса, хабар береміз», деп құрғақ уә­демен шығарып салады. Одан шыға беріп, автобусқа отырар кезде, көшелерде кедергілерден өту­ге көмек сұрасаң, кейбір адам естімегендей болады жә­не алдыға өтіп кетуге рұқсат сұрасаң, жұқпалы ауруың бар адамдай жиіркеніп қарайды. Сонымен қатар аурухана, емхана, кейбір дәріханалар мен дүкендерге кіру деген де біз үшін алынбас қамалдай бо­ла­тын кездер көп. Өткен-кет­кендерге жәутеңдеп, кім кіруге көмек­теседі деп ішке кіре алмай отырасың. Мүмкіндігі шек­­теулі біз сияқты жандар үшін кө­ше­лердегі кішкентай ке­­­дерг­і таудай екенін еш­кім ес­кер­гісі келмейді. Мүге­дек­тер­ге жағдай жасау жайлы жер­­­гілікті биліктен сұрасаң, бір-­бір­­леріне сілтегеннен әбден зы­­­қың шығады. 

Негізі, аталған мәселенің бә­рі мемлекеттің бақылауымен ше­­­шілетін жағдай. Бірақ ешкім қа­л­ыптасқан ахуалды түсінгілері кел­мейді және алыстан үретін де қоятын, жете алмайтын ит сияқ­ты мүгедектің жанайқайын тың­да­майды, қарамайды, оқымайды. Айта берсек мәселе көп. 

Сөз соңында мүгедек болса да, отбасын құрғысы келетіндер жайын да айта кеткен жөн. Бұл рет­те он екі мүшесі сау адамдармен тең жүре алатын, толықтай жағ­дай жасалған отандық теле­арналардың бірінен таныстыру бағдарламасын ашса деген тілегім бар. Аталған мәселеге бейжай қарауға болмайды деп ойлаймын. Біз де қоғамның, мемлекеттің дамуына үлес қо­сатын қажетті адамбыз, тіпті қозғалмайтын тірі өсімдіктің де тіршілікке пайдасы бар емес пе?!.

Нұркен БЕКТАСОВ,

I топтағы мүгедек         

СЕМЕЙ