Отандық өндіріске серпін берді
Әлемдік машина жасау саласына 2015 жылдан бастап сұраныс күрт төмендей бастады. Жаңғыртуға бөлінетін инвестицияның азаюы, кәсіпорындарды несиелеу шарттарының қиындауы сынды кері үрдістер байқалды. Бұл салада өндірісті тежейтін түйткілдің бірі - кәсіпорынды қаржыландыру мәселесімен байланысты. Соның салдарынан әлеуетін толық іске асыра алмай жатқан кәсіпорындар саны артты. Десе де, елімізде машина жасау саласының «бойына қан жүруі» үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Елімізде алғаш рет жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы осыдан төрт жыл бұрын сәуір айында іске қосылды. Бағдарламаның жүзеге асу уақыты 20 жылға есептелген-ді. Ал оны қаржыландыру Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде бөлінген Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асты. Жеңілдетілген автонесие беруге арналған мемлекеттік бағдарламаны жүргізу үшін алғашқы кезеңде 15 млрд теңге, ондан кейін 11 млдр теңге бөлінсе соңғы транш көлемі 8 млрд теңгені құрады. Бұл қаражатқа 13 мыңнан аса қазақстандық отандық өндірістің жаңа автокөліктерін сатып алды. Жыл сайын шамамен 8-9 млдр теңгеге 1,5 мың автокөлік несиеге берілген. Қарыз алушыларға кредит беру револьверлік сипатты иеленеді, яғни жұмыс істеп тұрған кредиттерді өтеуден түсетін төлемдер жаңадан автокредит беруге жұмсалған. «Қазақстан даму банкі» АҚ келтірген ақпарат бойынша бағдарлама алғанш рет іске қосылған жылы бөлінген 15 млрд теңгенің 86,14 пайызы нақты игерілген. Ал үшінші транш бойынша бағдарламаны кеңейтуге 8 миллиард теңге сомасында қаражат бөлініп, екінші деңгейдегі бес банкке яғни. Halyk Bank, Евразиялық банкке, «Ресей жинақ банкінің» Қазақстандағы еншілес банкіне және «ЦентрКредит» банктеріне 1 миллиард 875 миллион теңгеден, ВТБ еншілес банкіне 500 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама операторы («Қазақстанның даму банкі» АҚ) «Азия авто» АҚ зауытының өнімдерін сатып алушыларға бөлінген қаражат сомасының 50% мөлшерінде — 4 млрд теңге лимит белгіледі. Қалған 4 млрд теңгенің лимиті «СарыарқаАвтопПром» зауытына тиесілі. Бұл зауыт нарыққа жеңілдетілген несие арқылы 30 түрлі көлік ұсынса, қазақстандықтар мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «Азия авто» АҚ автокөлік құрастыру зауыты шығарған құны 2 595 000 теңгеден басталатын 30 модельге қол жеткізе алады. «Еуразиялық Банк» АҚ мен «Банк ЦентрКредит» АҚ қарыздарды қарауға берілген өтінімдерді қабылдауға кірісіп кетті. Жақын уақыттарда «Сбербанк России» АҚ ЕБ, «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ және «Банк ВТБ» АҚ ЕҰ үшінші транш шеңберінде несие беруді бастамақ.
«Қазақстан Даму Банкі» АҚ бағдарлама жұмыс істеген кезеңнен бастап 2018 жылғы 11 қаңтарға дейін жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 9 905 қарыз берген. Несиелердің 51%-ы «Азия авто» автокөліктерін сатып алушылардың үлесіне тиесілі. Оның ішінде қарыз алушылардың жартысынан көбі KIA, Skoda, Chevrolet және Lada көліктерін таңдаса, «АЗИЯ АВТО» АҚ-ның KIA брендінің автомобиліне 2 277 қарыз алушылардың таңдауы түскен. Көшбасшы модельдер тізімін Skoda Rapid (865), KIA Sportage (757) және Lada 4×4 (542) бастап тұр.
Бағдарлама шартына сәйкес, сатып алынатын автокөліктің максималды құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Несиелендірудің шекті мерзімі —7 жыл. Атаулы сыйақы мөлшері — жылдық 4%-дан жоғары емес, сонымен қатар жылдық тиімді мөлшерлеме (оған сақтандыру және автокөлікті кепілге салуды ресімдеу бойынша шығындар кіреді) жылдық 7,5%-дан аспауы тиіс. Бастапқы жарна — 0%-дан басталады (серіктес банк шарттарына байланысты), қарыз валютасы — теңге. Ең бастысы, таңдауыңыз түскен көлік – Қазақстанда жасалған болуы тиіс.
Ұлттық банк таяуда іске қосуға ниетті жаңа бағдарламаның әлі етек-жеңі екшелеген жоқ. Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба тек ұсыныс ретінде айтылған, енді келісім алынған соң, іске кіріспек. Бағдарлама бас аяғы бір айдың көлемінде толықтай дайындалып, шарттары жарияланады деп күтілуде.
Қазақстандық көліктерге сұраныс жоғары
Былтырғы жылдың соңында алғаш рет авто нарықтағы отандық машиналардың сатылымы 55 пайызды құрап, рекордтық көрсеткіш орнатты. Бұл дегеніміз әрбір сатылған екі көліктің біреуі – Қазақстанда жасалған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде ұзын-саны 52 467 автокөлік сатылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 25,8%-ға жоғары. Былтыр жаңа көлік сатып алуға кеткен қазақстандықтардың ақшасы - 449,2 млрд теңге (~$1,3млрд), алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,9%-ға жоғары.
Өткен жылғы жалпы сатылымдағы 27 178 автомобиль (51,8%) импорттың үлесіне тиесілі, 25 289 сатып алушы (48,2%) еліміздегі жасалған автокөліктерге таңдау жасаған. «КазАвтоПром» Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындар одағының директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферовтың айтуынша еліміздегі тұтынушылық сұранысты қалпына келтіру процесі тұрақты қарқынмен жалғасуда, жыл қорытындылары бойынша қазақстандықтардың автокөлік сатып алуға жұмсаған шығындары 500 млрд теңге деңгейіне жақындады.
̶ Нарықтық динамика болжамды экономикалық ахуалмен, отандық автозауыттар шығаратын модель портфелін белсенді кеңейтумен және жеңілдетілген автонесиелер бағдарламаларын қосымша қаржыландырумен қамтамасыз етілді. Жаңа жеңіл автокөлік сатып алушының әрқайсысы мемлекеттік бағдарлама аясындағы қарыз алды,-дейді ол. Былтырғы көрсеткіш бойынша сұранысқа ие брендтер рейтингісін Lada бастап тұр. 2018 жылдың басынан бастап республика аумағында ресей маркасының 12 061автомобилі сатылған. Одан кейінгі орында Toyota моделінің сатылымы 11 215 бірлікті құрады. Үшінші орында Hyundai маркасы (7 626 автокөлік). Көшбасшылар бестігін KIA (2593) және GAZ (2463) аяқтап тұр. Сондай-ақ, ең табысты маркалардың TOP-10 қатарына Nissan (2188), Renault (1824), Ravon (1727), Volkswagen (1382) және UAZ (1348) енді.
Жеңіл модельдер рейтингісінде Toyota Camry (4208 ), Lada Granta (3147 ) және Lada 4×4 жол талғамайтын көлігі (3036) көшбасшылар қатарында. Модельдердің ТОP-5 қатарын Lada Vesta (2547) мен Hyundai Tucson (2400) аяқтап тұр.
БИПЭК Авто — Азия авто холдингі Қазақстан нарығында ең ірі дилерлік топ мәртебесін сақтап қала алды. Есеп беру кезеңінің қорытындылары бойынша барлық жаңа жеңіл автокөлік сатып алушылардың 31,2%-ы (LCV қоса алғанда) осы топтың ұсыныстарына өз таңдауларын жасады. Нарықтың 22,3%-ы КМК Astana Motors сатылымына тиесілі. Сонымен қатар, қазақстандық авторетейлдің ең белгілі қатысушыларының ондығына 8,1% үлеспен Вираж, Toyota City Алматы (5,2%), Allur Auto (2,5%), Mercur Auto (2,5%), Тойота Центр Жетысу (2,2%), Aster Auto(2%), Автомир (2%) және Тойота Центр Атырау (1,2%) енді.
Көлік сатып алуда ең белсенді қалалар көшін Алматы қаласы (13 951 көлік сатылған) бастап тұр. Ал былтыр Астанада 9 471, Атырау 3893, Шымкент 3439 автокөлік сатылыпты.
«КазАвтоПром» Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындар одағы келтірген болжам бойынша биыл елімізде шамамен 75 мың автокөлік сатылмақ. Бұл көрсеткіштің жартысынан көбі қазақстандық автокөлік өндірушілердің үлесіне тиесі.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»