Аналитикалық бағыт дегеніміз – әр ақпаратты тыңғылықты зерттеу. Еуропа мемлекеттері, АҚШ сынды дамыған елдерде журналистердің ақпаратты хабар сипатында, жай контексте жеткізу үрдісі жойылды десек болады. Себебі блогерлер, әлеуметтік желі пайдаланушылары оқырманға мұндай типтегі жаңалықты әп сәтте жеткізіп отыр. Негізі журналистикада арнайы зерттеу, тергеу бағыты бар. Демек журналистерге жасанды интеллектінің мүмкіндігін сенімді түрде пайдаланып, сараптамалық материалдарды көбірек шығаруға жұмыстану қажет.
Айталық, елімізде заңнамалық базалардың жинағы бар. Сол деректерден кейінгі жарты жылда не бір жылда қандай заңдар немесе нормативтік құжаттар өндіріске жіберілгендігін және олардың Парламент тарапынан қабылданып, Президент қайсысына қол қойғанын, күшіне енгенін сараптап, аналитика жасауда жасанды интеллектінің мүмкіндігін қолдануға болады. Қазір редакцияға, одан қалды журналистердің жеке поштасына күніне біршама баспасөз релиздері түсіп жатыр. Қауырт жұмыс пен уақыттың тығыздығынан маңызды жаңалықтарды жіберіп алу ықтималдылығы жоғары. Осы орайда тақырыптардың ішінен зерттеуге тұратындарын таңдап алып, Chat GPT сынды озық сандық бағдарламаларды пайдалану керек.
Бір ескеретін жайт, келген баспасөз релизін бірден сол күйі салу талғамды оқырманға ұнамайды. Одан қалды басқа басылымдар байқаған тұсты сіз елемей қалуыңыз ықтимал. Сондықтан жасанды интеллект көмегін пайдаланып, оқырманға қажетті деген деректерді алып-қосып, тарқатып жазу қажет. Яғни Chat GPT кілт сөздерді көрсетуде, инсайттар алуда, сөз жасамын, сөйлем құрамын өзгертуге сеп болады. Оны әлеуметтік желіге жүктесе де, жақсы қаралым жинайтынына сенім бар.
Әрине, жасанды интеллект мықты әрі сауатты журналистерді алмастырмайды. Десек те ол өте жақсы көмекші бола алады. Сондықтан күйбең тірлікте, қайталана беретін жағдайларда адамды жалықтырмас үшін жұмыстың кей бөлігін жасанды интеллектіге тапсыру қажет. Бұл – заман сұранысы.
Тимур БЕКТҰР,
ІТ-сарапшы