Зияткерлік армия жасақталады
Сейсенбі, 2 қазан 2012 7:05
Әскери қызмет өткеру – Отан-Ана алдындағы абыройлы борыш. Көкте көк байрағымызды желбіретіп, тәуелсіздігімізді қорғау үшін, ең алдымен, айбыны асқақтаған армия қажет. Кәсіби шеберлігі жоғары, рухы мығым, жігерлі әскер ғана елінің сенімін ақтап, жерінің тыныштығын сақтай алады.
Сейсенбі, 2 қазан 2012 7:05
Әскери қызмет өткеру – Отан-Ана алдындағы абыройлы борыш. Көкте көк байрағымызды желбіретіп, тәуелсіздігімізді қорғау үшін, ең алдымен, айбыны асқақтаған армия қажет. Кәсіби шеберлігі жоғары, рухы мығым, жігерлі әскер ғана елінің сенімін ақтап, жерінің тыныштығын сақтай алады.
Елбасы – Қазақстан Республикасы қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазіргі әлемде саны көп армиялардың қажеті шамалы. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керек. Армия халқымыз мақтанатындай болсын. Армиямыздың беделін арттыра түсейік», деген сөзі қай уақытта да өзектілігін жоғалтпақ емес.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің нұсқауымен егемен еліміздің қорғанысын арттыруда елеулі жұмыстар атқарылуда. Соның бірегейі – запастағы офицерлерді келісім-шарт бойынша әскер қатарына тарту. Бұл орайда Қорғаныс министрлігінің аппараты үгіттеу-насихаттау жұмыстарын қолға алды. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін жасақтаудың жаңа жүйесін қолданысқа енгізуде. АҚШ, Ұлыбритания, Франция сынды алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерден бастау алған бұл жүйе отандық армияны осы жүйеге сай жасақтауға түрткі болды.
Бұл жүйе қазақстандық армияны жасақтауда запастағы офицерлер арасынан кәсіби дәрежесі жоғары, денсаулығы мықты, өз Отанының нағыз патриоттарын іріктеуге, әрі әскери атақты мақтанышпен алып жүруге лайық офицерлер құрамымен толықтыруға мүмкіндік береді. Батыс елдерінің тәжірибелерін саралай отырып, Кеңес өкіметінен қалған ескі жүйені таратып, жаңа заманға сай жаңа бастаманы лайық деп таныдық. Жаңа жүйенің ерекшелігі:
1) құжаттарды қарау және ресімдеу мерзімі қысқарады;
2) әскерге шақыру үрдісі орталықтандырылады;
3) құжаттармен жұмыс істеуде заманауи технологиялар қолданылады;
4) сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, басқа да басымдықтар қарастырылады.
Мемлекет келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, жалдап тұрған жағдайда жәрдемақы тағайындауға кепілдік береді. Әскери қызметшілердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектеп жасына дейінгі мекемелерден кезектен тыс орын бөлінеді. Әскери қызметші мен оның отбасы үшін медициналық қызмет көрсету мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, мемлекет есебінен киім-кешекпен қамтамасыз етіледі, қызметі бойынша ауысқанда, әскери қызметтен шығарылған жағдайда жүгін тасымалдауға, ем қабылдау стационарына барғанда және кері қайту жолының қаражаты өтеледі. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерушілер үшін 2 айлық жалақы мөлшеріндегі сауықтыру төлемақысымен қоса, 40 күнге дейінгі жыл сайынғы кезекті демалыс беріледі. Қазақстан Респубикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа да қосымша демалыстар ұсынылады. Қажет болған жағдайда сырқаты бойынша және отбасы жағдайына байланысты демалыс алуға да құқылы.
Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қарулы Күштерді жасақтаудың жаңа жүйесінің практикалық кезеңін жалғастыруда. Еліміздің барлық аумағын қамтитын бұл іс-шаралар кейбір жерлерде өз мәресіне жетіп үлгерді. Әскери қызмет өткеруге ниет білдірушілердің жалпы саны – 635. Оның ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысында 30 шілде – 11 тамыз аралығында өткізілді. 255 кандидаттың ішінен 126 адам іріктелді. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында 20-31 тамыз аралығында жүргізілді. 380 кандидаттың ішінен 194 адам іріктелді. Астана және Қарағанды қалалары бойынша 10-16 қыркүйек аралығында іріктеуден өткен кандидаттардың жалпы саны – 232.
Іріктеу комиссиясы кандидаттарды медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден, дене дайындығы бойынша сынақтан өткізу және нормативтік-құқықтық актілер мен басшылыққа алынатын негізгі құжаттарды білуін тексеру арқылы таңдайды.
Бекітілген кестеге сәйкес іріктеу іс-шаралары 4 өңірде өткізілуге жоспарланған: біріншісі 1-6 қазан аралығында – Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары үшін Көкшетау қаласында өтсе, екіншісі 15-20 қазанда Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша Өскемен қаласында; одан кейінгісі 29 қазан мен 3 қараша аралығында Атырау мен Маңғыстау облыстары үшін орталығы – Атырау қаласы; ал соңғысы 5-10 қарашада Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша Орал қаласында өткізілмек.
Келісім-шарт бойынша әскер қатарына өтуге ниет білдірушілер өз өңірі бойынша іс-шараларға үлгермеген жағдайда, өткізілу жоспарланған жерлерге барып өтініш беруге болады. Және бұл шара жыл сайын жалғасын таппақ.
Бұл жүйе бойынша әскер қатарына кіруге ниет білдірушілер тұрғылықты жерінің қорғаныс істері жөніндегі бөлімдеріне (әскери комисариаттар) қажетті құжаттарын өткізеді. Сонымен қатар, Кадрлар департаментінің сайтына тіркелу арқылы өз құжаттарының бақылауға алынғанын біле алады.
Қазақстандық озық ойлы, жоғары білімді әрі тәжірибелі зияткерлік армияны жасақтау – біздің басты міндетіміз. Заманауи әскери техникамен жабдықталған, сонымен қатар, ақыл-ойы мен ерік-жігері мықты әскер ғана халқын қорғай алатыны анық.
Талғат МҰХТАРОВ,
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігі Кадрлар
департаментінің бастығы, әділет полковнигі.