Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

2018 жылы Батыс Қазақстанда 450 шақырым жол салынды

585 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы еліміз бойынша автокөлік жолдарының сапасы ең төмен облыстардың қатарына жатады. Соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, 2018 жылы ғана түрлі дәрежедегі 450 шақырым салынды. Соның өзінде жыл қорытындысы бойынша өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдарының үлесі – 28,7 % жеткен.

2018 жылы Батыс Қазақстанда 450 шақырым жол салынды

- Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша автомобиль жолдарының жәй-күйі өте маңызды мәселе болып тұр. Өйткені теміржол бір бүйірден өтеді. Басым көпшілік аудан үшін автокөлік қатынасы – жалғыз ғана байланыс амалы. Жолаушылар да, жүк тасымалы да осы автожол арқылы жүреді. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да өте зор әсер ететіндігі де сөзсіз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаев.

Батыс Қазақстан облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 496,3 км екен. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 392,6 км, облыстық және аудандық маңызы бар (жергілікті) жолдар – 5 103,7 км. Жалпы алғанда жолдардың 2 288 км (35,2%) шақырымы ғана асфальтбетон жабындылы.

Өңірдегі жол қатынасы ахуалының қаншалық қиын болғанын өзіңіз бағамдаңыз: күні кешеге дейін облыстағы аудан орталықтарының тең жарымына қатқыл табанды жол болған жоқ. 2014-2017 жылдары ғана өңірдің ең маңызды мәселесі жартылай шешілді. «Жымпиты-Қаратөбе», «Ақсай-Шыңғырлау», «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» автожолдарының телімдерін қайта жаңғырту және күрделі жөндеу арқылы жалпы саны 56 мыңнан астам адам тұратын 74 елді мекені бар Қаратөбе, Шыңғырлау, Жаңақала аудан орталықтары асфальтбетонды жолға жалғанып, облыс орталығымен қосылды.

Өңірде жол саласында ең ауқымды жұмыстар өткен жылы атқарылды. 2018 жылы 33,8 млрд теңге бөлінген қаражатқа 450 км жол жөнделді. Оның ішінен республикалық маңызы бар 285 км, жергілікті маңызы бар 77,9 км жол салынды. Ақсай қаласы мен басқа аудан орталықтарында 38,8 км ауылішілік жол салынса, Орал қаласының өзінде жаңадан 50 шақырым көше жолдары жаңартылды.

Оралдағы оң өзгерістер Қазақстанның халықаралық көлік қатынасына да оң серпін берді. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысы аумағында республикалық маңызы бар «Орал-Тасқала-РФ шекарасы (Озинки бағыты)» 100 км автожолын қайта жаңғырту жобасы аяқталды. Жол II техникалық санатқа қайта жаңғыртылды. Жолдың жүретін бөлігінің ені 7,5 метрге жетіп, белтемірге түсетін 13 тонна салмақты көтеретін сапалы асфальтбетон жабындысымен қамтамасыз етілді. 20 жылға кепілдік берілген бұл жолмен тәулігіне 4 403 автокөлік өте алады. Ресей Федерациясымен шекарадағы «Тасқала» өткізу пунктінде жолақтар саны артып, шекарада автокөлік пен жолаушы кептелісін жойды. «Бұл өз кезегінде мемлекет имиджіне оң әсер етеді. Өйткені кез келген мемлекет туралы алғашқы пікір шекара мен кеденде қалыптасады ғой» дейді Медет Шақаев.

Батыс Қазақстанда қазір облыстық маңызы бар «Үлкен Шаған-Переметное-Вечный» 0-32 км автожолында да күрделі жөндеу жүріп жатыр. Ол бұйырса 2019 жылы пайдалануға берілмек. Аталған автожол екі республикалық маңызы бар «Орал-Атырау» және «Орал-Тасқала-РФ шекарасы (Озинки бағыты)» автожолдарын қосады. Жобаны іске асыру облыс орталығы жолдарын Атырау-Саратов және кері бағыттарда көлік құралдары ағымының азаюына мүмкіндік береді.

Өңірде жол құрылысының қарқыны 2019 жылы да қызу болмақ. Яғни 27,6 млрд. теңге қаражатқа 465 км жол жөндеу жоспарланып отыр. Жыл ішінде жаңа және басталған жобаларды іске асыруға қосымша қаржыландыру күтілуде.

Республикалық маңызы бар «Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы», «Самара-Шымкент», «Орал-Атырау» және облыстық маңызы бар «Үлкен Шаған-Переметное-Вечный», «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай», «Федоров-Ақсай», «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты», «Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы» автожолдары бөліктерінде жөндеу жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.

- Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде 2019 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін – 30,2 % дейін жеткізу жоспарлануда, - дейді Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаев.

2018 жылы Мемлекет Басшысының батыс Қазақстан облысына сапары кезінде Елбасы тарапынан шешілген үлкен мәселе – БҚО-ның орталығын оңтүстік аудандармен сапалы жол қатынасы еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандырының орталықтарын Орал қаласымен жалғау үшін ұзындығы 245 км құрайтын автожолды күрделі жөндеу жоспарланған. Оның ішінде «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы» автожолы - 142 км, «Өнеге-Бисен-Сайқын» автожолы – 103 км. Медет Махамбетұлының айтуынша, қазіргі уақытта бұл жолдардың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін нақты құрылыс басталмақ. Осы үшін 2019 жылға арналған бюджет жобасында 10 млрд. теңге жоспарланған. Сөйтіп 2021 жылдың соңына дейін Орда мен Жәнібекке де асфальт жол жетеді.

Бір қуанарлығы, Оралдан Орынбор қаласы бағытында автожолын қайта құру мәселесі бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр екен. БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысының айтуынша, «Подстепное-Федоров-РФ шекарасы бағытындағы 144 шақырымдық автожолды қайта жаңғырту бойынша да жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр екен. Ол да 2019-2021 жылдар аралығында іске аспақ.

Жол салынса, тамырмен қан жүреді, ауыл экономикасына жан кіреді. Ақ Жайық өңірі халқы алдағы үш жылды асыға күтіп отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан