Иә, әр халықтың адасқанның өзін алға бастайтын, жөн сілтейтін өзіндік шамшырағы бар. Қысылған, ақыл таппай қалған кездерде бұрынғы бабалары айтқан сөздерді ми өзегінен қалқып шығарып, ғасырлар бойғы жиылған халықтық ақыл-есті басшылыққа алып жатады. «Не делай добра – не получишь и зла» дейді, құдай қосқан көрші. Шүкіршілік, құдай тілеуіңді бергір біздің халқымызда мұндай мақал жоқ.
Қазақ жақсылықты жасай бер, міндет қылмай, тәңір көріп тұрған соң, өтеуі дәл сол адамнан қайтпаса да айналдырып-үйрілдіріп әйтеуір Аллаға жаққан амалыңмен игілікке кенелесің деп үйретеді. Мына жалғанда жасаған әрбір жақсы ісіңнің де, жаман ісіңнің де алдыңнан шығарын ұмытпа деп, ұрпағына қолыңнан келгенше қайырым жаса, сауабы мол деп, ізгіліктен тартынба деуден еш жалықпайды. Тіпті «Жасаған жақсылығыңды тезірек ұмыт», дейтінін қайтерсің. Тағы бір мысал «От добра добра не ищут» дейді, ал қазақ «Жамандыққа жақсылық әр кісінің ісі дүр, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі дүр», «Таспен атқанды аспен ат» дейді. Осынысымен жақсылықққа жақсылықпен жауап беру әр адам үшін парыз екенін, ал жамандық жасағанға жақсылықпен жауап беру нағыз ердің қолынан ғана келеді деп ізгіліктің төркіні – парасат пен кісілікте жатқанын айтып, ұрпағын адамгершілік биігіне жетелейді. Біздің рухани жаңғыруымыз осындай бабалардан көнермей жеткен асыл сөздер жетелейтін тәрбиемен астасуы керек-ау. Ал жоғарыдағы мақал ең бір кесірлі сөз. Адамзатқа зияндылығы бар, пенденің ойына сайтандықты салып, ешкімге жақсылық жасамайтын, қайрымсыздыққа, имансыздыққа бастайтын жаман сөз еместігіне кім дау айта алады?
«Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», сыйластық пен түсіністікке құрылған сөзді кестелеп тұрып ұрпағына жеткізушінің танымына мүлде кереғар «Бей своих – чужие бояться будут» дейтін, құдай көрші етіп қондырған жұртпен екі арада психологиялық тұрғыда, ділдік құндылықта айырмашылық жоқ дей аласыз ба? Әрине айта алмайсыз, ендеше неге талғамай, екшемей бәрін қабылдай беруге тиіспіз?
Енді бір мысал алып көрейікші. Қазақтың танымында «На место ставить» деген ұғым жоқ. Өйткені үлкені мен кішісі, баласы мен шағасы барлығы орнында, туыстық қатынастарда да ата-ене, келін, күйеу, жеңге, аға, нағашы-жиен, бала мен немере т.с.с. бәрі-бәрі орын-орнында тұрған. Ілік шатыстыққа келгенде де құда-құдағи, құдаша, балдыз әрқайсысы өзінің отыратын жерін, сөйлейтін сөзіне дейін білетін. Бабалардан бұзылмай жеткен дәстүр заңы осылардың барлығын өз орнында ұстаған. Сондықтан ешкім «Ананы орнына қою керек», деген сөз айтпайтын, әркім өзінің орнын білетін. Бүгінде сол түсінік өзгеріске ұшырап бара жатқандай. Асылында мақалдардың да шығу түбіріне үңіліп, халықтық ділімізге шет келетіндерін аулақтатып, ішімізге ендірмесек-ті. Өйткені парқына жете білсек, әр сөздің артында халықтық бітім-бейне, адамдық таным, адамгершілікке құрылған қарым-қатынас жатыр.
* * *
Әрине, қозғалысқа құрылған дүниеде өзгермейтін ештеңе жоқтай көрінеді. Ой тереңінің тұңғиығы Конфуцийге шәкірттері: – Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?– деп сауал қойыпты. – Ұлттың тілін тәртіпке салар едім, – деп жауап беріпті ойшыл. Себебін сұрағанда – Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс, – деген екен.
Конфуций айтқандай, бүгінгі қазақ тілі кәдімгідей дімкәс халде. Тіпті өзегі мен тамырына түскен вируспен арпалысып, өмірі үшін күреске түсіп жатқандай көрінеді. Асқынып, ұлы денені бойлаған аурудың кесірінен қазақ тілінің «Жаңа түсіндірме сөздігін» жасайтындай күйдеміз. Әйтпегенде кәтырыққо – келе жатырмыз ғой, кеп отырыққо – келіп отырмыз ғой, келятрм – келе жатырмын, отырққо – отырмыз ғой, тұрыққо – тұрмыз ғой, айтатырық – айтып жатырмыз, жүрікқо – жүрміз ғой, цүндім – түсіндім, көріватрм – көріп жатырмын, барам шығар – баратын шығармын, келем шығар – келетін шығармын, керекпейт – қалып қойды керек емес, кездсиік – кездесейік, нестеватсың – не істеп жатырсың, нестеп – не істеп, аншым – анашым, ұхтаватырм – ұйықтап жатырмын, ассаукм – ассалаумағалейкум, әйксам – уағалейкумассалам, сәмбердік – сәлем бердік, сәметсіз – сәлематсыз, күлкінішті – күлкілі, бауырмалшыл – бауырмал, кәтеніп жатырмыз – сырғанап жатырмыз, кәтетші – сырғанатшы, ояққа (ойаққа) – ол жаққа, бияққа (бұйаққа) – бұл жаққа, мяқта (мияқта) – мына жақта, жынды көйлек екен – əдемі көйлек екен, картопты жарды – қатырды, таңдандырды, күлдірді, көрдіспа – көрдіңіз бе, келдіспа – келдіңіз бе дегендей сөз бұзушылықтың жолы кесіліп, отырық, жүрік, біреусі, қаншау деген сөздер тілімізде өріп кетпес еді.
* * *
Бүгінгі теледидарда не көп, әні мен әзілі қатар өрілген көңілді шоу бағдарламалар, ән кештері, одан қалды сол әртіс, «жұлдыз» дегендердің өмірінен не ішті, не жеді, кімнің тойына қатысып, оған қандай сый жасады, тіпті ана әртіс мына әртіспен керісіп қалыпты, бетін тырнап ала жаздапты дегендей дәрежедегі өсек-аяңға да толып кетті. Кейде жоспарлы түрде сол жұмыс жүргізіліп жатқандай көрінетіні де бар. Кейбір арналарда әзілдің айналасына құрылған бір емес, бірнеше бағдарламаның болуы амалсыз сондай ойға жетелеген.
Әрине, орынды әзілмен осып түсіп, қалжыңмен қағытып тастап, шындық айтылып, жаман әдетті шенеп жатса бір жағынан айызың қанады, бір жағынан күліп, рахаттанып та қаласың. Тұрсынбек Қабатовтың мұғалімдер жайында айтылған монологын тура соған жатқызуға болғандай. Тұрсынбек байқағыш, оның кейіпкерлері осы өмірдің өзінен алынған, шынайы. Соны қағытып отырып жеткізудегі шеберлігі де жетіп жатыр. Алайда әп-әдемі келе жатқан оның, «отырық», «жатырық», «балдарын» тыңдағанда қайран тілің экраннан да, сахнадан да омақаса құлайды. Арасында қосатын орысшасына тағы сүрініп жатқаның.
* * *
«Хакім Абай ырбаң мен ыржаң деген сөздер пайдаланады. Мен бұрын Абай осы сөздерге қалай барған деп таңданатынмын. Сол ырбаң мен ыржаң қазір елге күлкі сыйлаймын дегендер арасында орныққандай. Бұл – театр тарапынан да, театрдағы үлкен кішісі бар актерлер мен оларға азық беруші авторлар тарапынан да, көрермен тарапынан да бел алып, жеңілтектікке, сайқымазақтыққа берілу, болмайтын нәрсеге күле салу қалыптасып жатыр. Әрине, арасында жақсылары да бар, бірақ басым көпшілігі өнердің осы түріне адалдықтан айнып, қазақы қалжыңның түбірін танитын талғампаз көрерменнің талғамына сай келмейтін болды» деген ойды жазушы Мархабат Байғұт сірә жоғарыдағыдай мысалдарды көргеннен соң айтқандай.
Жастар арасында тілдік ортаның қалыптасуына «Жайдарман», «КТА» сынды ойын-сауық, шоу бағдарламалардың әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Жадырап күліп отырған көрермен сахнадан «балдар», «картопты жарды», «жынды киініп келіпсің» деген сөздерді риясыз көңілден қабылдайды. Туған тілге жасалған қиянатқа бас қатыратын жан жоқ.
«Бетті бастым, қатты састым,Тұра қаштым жалма жан» деп хакім Абай айтқан кейіппен, мына саржеліспен теледидардағы әзіл, шоу дегендерді көре алмайтындай дәрежеге жетпесек не қылсын?! Халықты орынсыз әзілге, жыртың күлкіге бойын үйретпей, талғампаз көрермен әзірлеу отандық телевизияның бір міндеті емес пе? Ал әзірге оның орындалар түрі жоқ, ұлттық діл мен тіл талмаусыраған күйде. Жастарымыз болса «сәмбердік», «мен келятрм» деп сөйлеп, осылай жазып, бірімен-бірі хабар алмасып та жүр.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»