14 Сәуір, 2012

Тағдыр тәлкегімен шетел асқан

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тағдыр тәлкегімен шетел асқан

Сенбі, 14 сәуір 2012 7:57

ОТАНДАСТАРЫМЫЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТА ОРАЛҒАНДА ТАҢДАУДАН ҚАТЕЛЕСПЕГЕНДЕРІН РИЗАШЫЛЫҚПЕН ӘҢГІМЕЛЕЙДІ

Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон полициясы басқармасының мәліметтері бойынша, соңғы 5 жылда Қызылжар өңіріне Германиядан –196, Польшадан – 15, Израильден – 7 адам қайта оралған екен. Біз мақаламызда тағдырдың тәлкегімен шетел асып, кейін Қазақстанға қайтып келген түрлі буын өкілдеріне жолығып, не себепті деген бір ғана сауал қойған едік. Ондағы мақсат мәселенің мән-жайын өз ауыздарынан естіп, түп тамырына терең бойлауға тырысушылықтан туған болатын.

 

_________________________

Сенбі, 14 сәуір 2012 7:57

ОТАНДАСТАРЫМЫЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТА ОРАЛҒАНДА ТАҢДАУДАН ҚАТЕЛЕСПЕГЕНДЕРІН РИЗАШЫЛЫҚПЕН ӘҢГІМЕЛЕЙДІ

Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон полициясы басқармасының мәліметтері бойынша, соңғы 5 жылда Қызылжар өңіріне Германиядан –196, Польшадан – 15, Израильден – 7 адам қайта оралған екен. Біз мақаламызда тағдырдың тәлкегімен шетел асып, кейін Қазақстанға қайтып келген түрлі буын өкілдеріне жолығып, не себепті деген бір ғана сауал қойған едік. Ондағы мақсат мәселенің мән-жайын өз ауыздарынан естіп, түп тамырына терең бойлауға тырысушылықтан туған болатын.

Карл ДЕДЕРЕР, Қызылжар ауданы:

– 90-жылдардың шырғалаңы әлі күн­ге дейін көз алдымда. Кей кездері түсіме кіріп, елес кезіп жүргендей күй кешемін. Жер шарының алтыдан бірін иеленген КСРО секілді алып державаның күйреп түсетінін кім біліпті? Бір шаңырақ ас­тын­да мамыражай өмір сүріп келген республикалар арасындағы саяси-эконо­ми­калық, мәдени байланыстардың үзілуі, тұрмыс-тіршіліктің күрт төмендеуі, келешекке деген сенімнің  жоғалуы – осы­ның бәрі адамдардың бойына қорқыныш ұялатып, жан-жаққа сабылтып жіберді.

Өзгелер секілді бала-шағаның қамын ойлап, күйзеліске түскен күндерді ойласам, денем мұздап сала береді. Еш нәр­сені болжап болмайтын сол бір ала­са­пы­ран кезеңнің жүйкеге ауыр тиетін тау­сылмас күйбең тірлігі Қазақстанды мекендейтін немістердің Германияға үдере көшуіне соқтырды. Қу тұрмыстың тау­қы­метімен алғашқы көшке ілесіп, ата-бабамыздың тарихи отанына отбасымды алып мен де жол тарттым. Имандай шыным, басқа бөтен ой болған жоқ. Ту­ған жермен, құлын-тайдай тебісіп өскен достармен қоштасу өзегімді суырып алғандай қатты әсер етті.Талай түндерді ұйқысыз атырдым.

Обалы не керек, ол жақта бар жағ­дайды жасап бақты. Штутгард қала­сы­ның түбіне қоныстанып, жұмысқа орна­лас­тым. Баспана тұрғызып, шаруамды дөңгелетіп әкеттім. Жастар емес пе,  ұл-қыздарым тез орнығып кетті. Ал маған сіңісу өте ауыр тиді. Сарыарқадай кең далада туып, еркін өскен, қазақ хал­қы­ның бауырмал, қонақжай қасиеттерімен тәрбиеленген  мен Еуропаның салт-дәс­тү­рін, әдет-ғұрпын, шыны керек, қабыл­дай алмадым. Қазақстанның орны  ерекше, бөлек, айырмашылық жер мен көк­тей екенін, туған жердің бір жұтым ауа­сына еш нәрсе тең келмейтінін  ұғын­дым. Содан бір күні «Қазақстан, қай­дасың!» деп  кері тартып отырдым.

Қазір бұрынғы қонысым – Петерфельд ауылында тұрып жатырмын. Тұрмысым шетелдіктерден кем емес. Мал ұстаймын, құс өсіремін. Еркінмін, Азатпын. Тағдырдың туған жермен қайта қауыштырғанына қуанамын. Жыл санап қарышты дамып келе жатқан елдің азаматы болғанымды мақтан етемін. Бүкіләлемдік қоғамдастық алдында өз орны, өз беделі бар абыройлы Қазақ­стан­да  Елбасы ұлтаралық татулық пен дін­аралық келісімнің өзіндік үлгісін қа­лыптастырып, бейбітшілік аймағы  ретінде де  әлем танитын биікке  жетті. Осының бәрі – өзара түсіністіктің ар­қасы.

 

Ирина ФОЛЕНВЕЙДЕР, Мамлют ауданы:

– Біздің Германияға атбасын бұ­руы­­­мыз өзгешелеу. Ол жақта   туыс­та­ры­мыз тұратын. Солар шақырып қой­мағаннан кейін, жастықтың әсері ме екен, қалай көніп  қалғанымызды білмей қалдық. Бірақ баруымыздан қай­туы­мыз тез бол­ды. Жұбайым екеу­міз­дің Баварияда жар­ты  жылдай ғана тұруға шыдамымыз жет­ті. Балала­ры­мыз да  елге оралу ту­ралы ойымызды қуана қолдады.

Иә, шетелде бәрі жақсы, тамаша сияқ­ты. Астарына үңіле қарап, шын мә­нінде, олай емес екеніне көз жеткіздік. Бөтен ор­таның біздің қалы­бы­мызға келе бермейтін ерекшеліктері көп болып шықты. Жас­тайы­мыздан бойы­мызға да­ры­ған бауырмалдық, кең­пейілдік, Отан мен жеріңе деген  перзенттік сүйіс­пен­ші­лік, тарихы мен мәде­ние­тіне деген зор құрмет байыз таптырмады.

Жерлестеріміз оралуымызды түсі­ніс­тік­пен қабылдады. Келешегі кемел ел ал­дын­дағы тарихи жауапкершілігімізді ортақ мақ­сат-мүддеге жұмылдырып, еселі еңбек етіп жатырмыз. Өзім ағылшын тілі пәнінен сабақ беремін. Жұбайым Владимир кәсіп­кер­лік­пен айналысады. Ұлым спортшы, қызым студент. Айрандай ұйып отырған отба­сы­мыз­ға жазылмас жара, сынық сызат түсіріп алмай, қателікті орнымен түзей білгенімізге шүкіршілік дейміз.

Екі отбасы. Бір тағдыр. Әрқайсысы небір қилы өткелекті бастан өткерсе де, тоғыстыратын ортақ мүдде-мақсат бар. Ол – Қазақстанға деген биік сенім, жоғары рух. Қазақстандық патриотизмді, Отанға, жерге деген махаббатты барша қоғамның күш-қуаты жолында жұмыс істеу, еңбек ету деген табанды қасиет, берік түсінік! Мақаланы әзірлеп бола бергенімізде Көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері  Марина Кузьменко (қызы екеуі) деген  Грекияда тұрған бұрынғы отандасымыздың  Қызылжар өңіріне орныққанын жеткізді. Ондағы терең экономикалық дағдарыс сал­дары­нан  ықылас Қазақстанға ауса керек.  Петропавлда  көңілі қалаған жұмысқа  орналасып, жаны жай тапқан. Тұрғылықты жер таңдауда қателеспегеніне бек қуанышты.

Өмір ЕСҚАЛИ.

Солтүстік Қазақстан облысы.