«Қазақ елі бізге құт мекен болды»
Сәрсенбі, 18 сәуір 2012 8:14
Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясын шақыру туралы Жарлығы шыққаннан кейін, арада бірер аптадай уақыт өткенде «Республикалық ұйғыр мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ахметжан Шардиновпен хабарласып, елімізде этносаралық ынтымақтастықтың бекем орнығуына үлес қосып жүрген азаматтардың бірімен жолыққымыз келетінін жеткізген едік. Ол кісі бірден Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Абдурешит Махсұтовтың есімін атады. «Абдурешит қазір жұмыстармен Астанада жүр, – деді ол сөзін жалғастырып. – Жолыққыңыз келсе, ұялы телефонының нөмірін айтайын…».
Сәрсенбі, 18 сәуір 2012 8:14
Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясын шақыру туралы Жарлығы шыққаннан кейін, арада бірер аптадай уақыт өткенде «Республикалық ұйғыр мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ахметжан Шардиновпен хабарласып, елімізде этносаралық ынтымақтастықтың бекем орнығуына үлес қосып жүрген азаматтардың бірімен жолыққымыз келетінін жеткізген едік. Ол кісі бірден Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Абдурешит Махсұтовтың есімін атады. «Абдурешит қазір жұмыстармен Астанада жүр, – деді ол сөзін жалғастырып. – Жолыққыңыз келсе, ұялы телефонының нөмірін айтайын…».
Біз Абдурешит Махсұтовпен ертеңінде елордадағы көрікті демалыс орындарының бірі – «Астана-Бәйтерек» кешенінің маңында жолықтық. Жөн сұрасып, танысқан соң:
– Шаруаларым біткеннен кейін «Бәйтерекке» көтеріліп, Астананың бүгінгі ажар-көркін тамашалауды жоспарлаған едім, – деді ол күн нұрымен шағылысып, жалт-жұлт еткен «Бәйтеректің» ұшар басындағы бейбітшілік символы іспетті «жер шарына» қарап. – Егер қарсы болмасаңыз, бірге көтерілейік.
«Бәйтеректен» елорданың көрнекті жерлері, онда бой көтерген ғимараттар түгелге жуық көрінеді. Осыларға бір сәт қызыға қарап, шолып шыққан Абдурешит:
– Бір мүшел жас аралығында осыншама ғимараттар, көп қабатты тұрғын үйлер салу, шынында да, үлкен ерлік қой, – деді ол сүйсінген қалып танытып. – Менің ойымша, бұл – Елбасымыздың көрегендігі, батылдығы. Екіншіден, бүкіл қазақстандықтардың арасында берік орныққан ынтымақтастықтың жемісі…
Елімізде этносаралық бірлік жарасым тапқан. Соның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты жақсарды, еліміздің экономикасы жедел қарқынмен дамып келеді. Мұның түп негізінде өзара сыйластық, ауызбіршілік, болашаққа деген сенім жатыр. Этносаралық ынтымақтың салтанат құрып, бірліктің нығаюына үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – осы Абдурешит Махсұтов.
– Ұйғырлар – тағдыры қиын өте еңбекқор халық, – деп жалғастырды сөзін әңгімелесушіміз. – Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келгенмін. Ата-анам өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақстанға қоныс аударған екен. Қазақ елі бізге құт мекен болды. Білім алдық, институт бітірдік, өсіп-өндік, түрлі этнос өкілдерімен бірге тату-тәтті еңбек еттік. Ешкім бізді сыртқа тепкен жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ел басына түскен бар ауыртпалықты бірге көтерістік. Ал қазір егемен еліміздің дамуына хал-қадерімізше үлес қосып жатқан жайым бар.
Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы республикалар өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі қиындыққа толы алғашқы жылдар есімізде. Сол елдердің бірқатарында ұлтаралық кикілжіңдер орын алып, оның соңы жанжалдарға ұласқанын, мыңдаған бейбіт тұрғын босқынға ұшырағанын білеміз. Бір жақсысы, Қазақстанда ондай жағдайларға жол берілмеді. Сөз арасында Абдурешиттен сол бір жылдары өзінің қандай ойда болғанын сұрадым.
– Әзербайжан мен Армениядағы ұлтаралық қақтығыстар, Тәжікстандағы, Өзбекстандағы жанжалдар, шынымды айтсам, біздің елде де бой көрсете ме деп үрейлендік, – деді Абдурешит Махсұтов. – Тағдырымызға алаңдап, әрі-сәрі күй кештік. Бейбіт өмірдің бәрінен де қымбат екенін түсіндік. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығының арқасында орны толмас өкініштерге соқтыратын кикілжіңдерге жол берілмеді. Елбасымыз еліміздегі барлық этностардың басын біріктірді, бірлік пен ынтымақ берекеге бастайтын бірден-бір тура жол екенін бойымызға сіңірді. Бүгін соның шапағатын көріп отырмыз.
Абдурешит Махсұтов Республикалық ұйғыр этномәдени орталығы жанындағы Жігітбасы кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыс та атқарады екен. Оның айтуынша, 2010 жылдың қазанында қазақстандық ұйғырлардың тарихында алғаш рет ұйғыр жігітбасыларының құрылтайы өтіпті. Бұл жиынға 500-ден астам адам қатысқан. Сонда көпшілік А.Махсұтовты Жігітбасы кеңесінің төрағалығына сайлапты. Жиынды ұйымдастыруға бас-көз болған, ойдағыдай өтуіне атсалысқан тағы осы Абдурешит екен.
– Сол жиынға қатысушылар елімізде тұратын барлық ұйғырларға үндеу қабылдады. Онда Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы бастамаларына қолдау білдіре отырып, оларды ел арасында кеңінен насихаттау, жастарды ынтымақта өмір сүруге тәрбиелеу бірінші кезекке қойылған, – деді ол осы жөнінде. – Сондай-ақ, үндеуде той өткізу мен қайтыс болған адамды соңғы сапарға шығарып салуда ысырапшылдыққа жол бермеу, мәдени-рухани іс-шараларға белсенді қатысу, тағы басқа да мәселелер көрсетілген.
Әңгімелесу барысында біз Абдурешиттен содан бергі уақытта Жігітбасы кеңесі қандай шараларды жүзеге асыруға ұйытқы болғанын сұраған едік.
– Кәсіпкерлікпен айналысып, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген ұйғыр азаматтары аз емес, – деді А.Махсұтов. – Олар қандай да бір шаралардан ешқашан сырт қалмайды. Мысалы, 2010 жылы Жігітбасы кеңесінің мүшелері Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында орын алған табиғат апатынан зардап шеккендердің есеп-шотына жалпы көлемі 11 миллион 670 мың теңге аударды. Сондай-ақ, өткен жылы біз Оңтүстік Қазақстан облысының су басқан елді мекендеріне және Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы Шарын ауылының тұрғындарына қаржылай да, материалдық та көмектер көрсеттік. Мысал үшін айтайын, Шарын ауылына 110 тонна көмір жеткізіп бердік.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, кәсіпкер Абдурешит Махсұтов жетекшілік ететін Жігітбасы кеңесінің мүшелері саяси науқан – Президент және Парламент сайлауларында Мемлекет басшысының саясатын, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының сайлауалды тұғырнамасын халық арасында насихаттау шараларына белсене араласыпты. Сонымен қатар, ол «Уйғур авази» газетінің достары» клубының президенті ретінде басылым оқырмандары қатарының көбеюіне демеушілік көрсетіп отырады екен.
– Тағы да қайталап айтайын, – деді ол қоштасар сәтте, – қасиетті Қазақ даласы бізге құт мекен болды. Көңілі дарқан қазақ халқы бауырына тартып, қолдау-көмек көрсетті. Осы ынтымағымыз әр кез жарасым таба берсін.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.