19 Сәуір, 2012

Құрылысы қырық құрау кардиохирургия орталығы

260 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Құрылысы қырық құрау кардиохирургия орталығы

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:39

Павлодарда кардиохирургия орталығының құры­лы­сы басталғанда жергілікті тұрғындар бір серпіліп қалған еді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша қолға алынған. Жобалық-сметалық құны 7,6 млрд.теңге тұратын орталық 50 төсектік. Мұнда жылына 700-дей күрделі операция жасалуы тиіс. 2010 жылдың мамыр айында іске қосылуға тиіс орта­лық­тың құрылысы әлі аяқталған жоқ.

 

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:39

Павлодарда кардиохирургия орталығының құры­лы­сы басталғанда жергілікті тұрғындар бір серпіліп қалған еді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша қолға алынған. Жобалық-сметалық құны 7,6 млрд.теңге тұратын орталық 50 төсектік. Мұнда жылына 700-дей күрделі операция жасалуы тиіс. 2010 жылдың мамыр айында іске қосылуға тиіс орта­лық­тың құрылысы әлі аяқталған жоқ.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың төр­аға­лығымен Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысы өткені белгілі. Осы жиында елімізде қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дарламасы бойынша жоспарлан­ған 103 емдеу нысанының 57-сі ғана пайдалануға берілгені мә­лім болды. Сол пайдалануға бе­рілмей қалған 46 емдеу орны­ның қатарында Павлодардағы кардиохирургиялық орталық та бар. Біз сылақ, сырлау, ағарту жұмыстары жүріп жатқан орта­лықты аралап көрдік. Қасы­мызда осы құрылысты жүргізіп жатқан астаналық «Жаңа құры­лыс СПК» серіктестігінің жауапты өкілі Қанат Ибраев бар, жертөлеге де түстік.

Сөз реті келгенде айта кет­ей­ік, Денсаулық сақтау министр­лігінің өкілі Серік Мусин Ас­танаға кетіп барамын деп бізбен сұхбаттасудан ат-тонын ала қашты. Мердігерлер 80-90 пай­ызға дайын десе де, 6 бірдей бөлімше-блок корпустарын аралап шыққанда байқағанымыз – әлі кезегін күтіп тұрған жұмыс бастан асады. Жоғары жақта­ғылар «Алдағы мамыр айында қайтсеңдер де тапсыруларың керек» – дегенмен төрт-бес жыл ішінде бітпеген қырық құрау, мың бұрау құрылыс жұмыста­рының басын қосып реттеп, енді қалған екі айдың ішінде бітіріп, сақадай-сай етіп шығару мүмкін емес сияқты. Мұның себебі, Қанат Ибраевтың айтуынша, мәселе тағы да қаржыға кеп тіреліп тұр. Бұл не деген сонда бітпейтін, түбіне жетіп болмайтын қаражат, 7 млрд. теңге! Жетпеді ме деп таңғаласың. Бө­лінген қаражатқа құрылыс та жүргізілді, шетелдік жабдықтар, қондырғылар да алынды дейді. Құрылысы әлі бітпеген орталық бөлімшелерінің ішінде үстінің шаңы бес елі қымбат шетелдік медициналық құрал-жабдық­та­р­­ды көргенде жағамызды ұста­ғандай болдық. Тіпті, осыдан екі жыл бұрын әкелінген ба­ғасы аса қымбат шетелдік маг­нитті резо­нанстық компью­тер­лік тамограф құрылғысы электр қуатына қо­сылып қойылыпты. Оның мәнін сұрағанымызда, мамандар бұл құрылғылар сәл уақыт электр қуатынан ажы­ратылған жағдай­да қолданысқа мүлдем жарамсыз болып қа­латынын айтты. Айнала құры­лыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонда ертеңгі күні бұл құрыл­ғылардың дұрыс жұ­мыс жасайтынына кім кепіл.

Айта берсек, осындай сора­қылықтар толып жатыр. Сонымен, орталық уақытында құры­лысы бітіп, неге ашылмады? Бұл сұраққа жаңа орталыққа қызметке келмекші дәрігер­лер­дің де, облыстық денсаулық сақтау басқармасының да жауабы бір, қаржыға байланысты болар, жоба құрылысында күтпе­ген мәселелер туындаған ба, ол жағы бізге белгісіз,– дейді. Ол қандай мәселелер? Жалпы, бұл жобаны әуелде 2007 жылы орталықтың құрылысын салу жөнінде жарияланған конкурста немістің бір компаниясы жеңіп алған көрінеді. Еуропада салынатын түрлі медициналық меке­мелердің құрылысын жобалайтын бұл компания үш қабатты орталық салмақшы болады. Кей­ін Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі жобаға өзгерістер енгізіп, орта­лықты 2 қабатты етіп тұрғызу жөнінде шешім шығарған көрі­неді. Ал, 3-ші қабат алынсын деген шешім шыққан соң, жеке-жеке салынған орталықтың блок-корпус-бөлімшелерінің үш­­інші қабаттары және олардың ортасын әйнекті жабындымен қосып тұратын галереяаралық бөлігі алынып тасталыпты. Өзі­ңіз ойлап қараңыз, қаншама шығын жасалды, қаншама тер текке төгілді.

– Бөлімшелер ортасын қоса­тын әйнектер солтүстіктің аязына шыдамауы мүмкін, жобаның өзгертілуіне, қайтадан жасалуына осы себеп болған сияқты, – дейді бізбен әңгімесінде Қанат Ибраев. Мүмкін, солай да шы­ғар. Оны министрлік неге ерте ойластырмаған. Жоғарыда жер­төлеге де түскенімізді айттық. Әдетте, мұнда су-жылу жүйе­ле­рі, ғима­раттың жұмысын қамта­м­асыз ететін қондырғылар орналасатыны белгілі. Солай десек те, мұнда жертөледе де халық­тың сапырылысып жүретін түрі бар. Өйткені, қоймалар, киім ілгіш, кір жуатын жер, зертхана – бәрі осында. Бір таңғаларлық жағдай – бұл нысанның құры­лы­сы жо­балау-сметалық құжат­тары мем­лекеттік сараптаудан өтпей тұ­рып-ақ басталып кеткен. Бұдан Павлодар қаласын­дағы­ кардио­хирургиялық орта­лықтың жалпы неміс жобасымен салынуына кезінде келісім берілмеді ме екен деген ой ке­леді, бірақ, сол қарсылыққа қа­ра­май, құрылыс бастауға құжа­ты болмаса да, жоғары қызмет бабын пайда­ланған шенеуніктер қол қойған мәселенің бүгін мынадай мипалау жағдайға түскені өкінішті. Ал, құжатты 2011 жылы жел­тоқ­сан айында ғана алып­­ты. Сонда, оған дейін үш жыл бойы бұл құрылыс заңсыз, құжатсыз са­лын­ған болып шық­қаны ма?..

Ал, жергілікті билік, ден­сау­лық сақтау басқармасы ми­нистр­лік өздері тапсырыс берді, өздері жауапты деп бойларын аулақ салғанға ұқсайды. Әйт­пегенде, осы орындардың облыс орталығында қолға алынған маңызды әлеуметтік нысанға бақылау жасап, министрлікті мұндағы келеңсіздіктерден дер кезінде хабардар етулеріне, сөй­тіп, құжатсыз салынып жатқан күмәнді құрылысты тоқтату­ла­рына болатын еді ғой.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бұл іске жауапты лауазымды басшылардың елімізде қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдар­ла­масын орындауда талап пен тәртіп, жауапкершілік үдесінен шыға алмағандары айдан анық.

Фарида БЫҚАЙ,               

Павлодар.