Бағалы бастамалар – ортақ шаңырақ қызметінің арқауы
Сенбі, 28 сәуір 2012 1:28
Біздің «Достық үйінде» 10 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жақында өзбек және армян этномәдени бірлестіктері ашылады. Жалпы, оларды жігерлі, шығармашыл, ынталы адамдар басқарады. Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу аясында этноауылдар үлгісін жасау арқылы түрлі этностың қонақжайлығын, татулығын, салт-дәстүрлерін көрсетеді. «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» этномәдени фестивалі жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Жақында ол 14-ші рет өтті. «Тілдер достығы – ұлттар достығы» атты шара қанат жайып келеді. Сонымен қатар, қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе жастардың достық фестивалі өткізіліп тұрады.
Сенбі, 28 сәуір 2012 1:28
Біздің «Достық үйінде» 10 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жақында өзбек және армян этномәдени бірлестіктері ашылады. Жалпы, оларды жігерлі, шығармашыл, ынталы адамдар басқарады. Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу аясында этноауылдар үлгісін жасау арқылы түрлі этностың қонақжайлығын, татулығын, салт-дәстүрлерін көрсетеді. «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» этномәдени фестивалі жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Жақында ол 14-ші рет өтті. «Тілдер достығы – ұлттар достығы» атты шара қанат жайып келеді. Сонымен қатар, қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе жастардың достық фестивалі өткізіліп тұрады.
Кеншілер қаласында әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып кеткендей, шынында да, біздің Ассамблея – киелі бесік, құтты шаңырақ. Бұл сөздер қазақ халқында қастерлі ұғымдар екені белгілі. Біздер Елбасының ел бірлігін, алдағы болашақты ойлаған мұндай ұсыныстарын қолдаймыз. Ұлтаралық бірлік – бұл бәріміздің де таңдауымыз.
Ұл-қыздарымыз, туыстарымыз, достарымыз, көршілеріміз – бәріміз, осы елде өмір сүріп жатқан соң, Елбасының бірлік, татулық жолындағы еңбегін бағалаймыз. Біздің Екібастұз қаласындағы «Достық үйі» облыста алғашқы болып бой көтерген шаңырақтардың бірінен саналады. Бәрінен де қуанатынымыз – осы үйдегі мәдени жиын-шаралардан өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздары, әсіресе, қарттарымыз қалмайды. Ардагерлердің өз ұлтының өткенінен, тарихынан, салт-дәстүрлерінен сыр шертіп, жастарға айтып, үйретіп отыратындықтары да бір ғанибет. Өзге этнос өкілдерінің барлығы еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілін оқып-үйренуде.
Этномәдени бірлестіктер қалада өтетін барлық мәдени мерекелік шараларға белсене қатысады. Қандай шара өткізсек те біздің бұл мақсаттағы ән-шашуымыз ел бірлігіне, Отанды сүюге, патриоттық рухты көтеруге, қазақ халқымен бірге келе жатқан достықты дәріптеуге арналады. Бұл күндері этномәдени бірлестіктердің қатарын жастарымыз толықтыра бастады. Мәселен, «Дулкын», «Гюзал-ай», «Славяночка», «Світанок», «Маршо», «Бояхад», «Зодоринка» сияқты ән-би ансамбльдері үлкендердің ізін басты.
Мемлекеттік тілді оқып-үйрену этномәдени бірлестіктер мүшелерін патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал етеді. Әр этномәдени бірлестікте мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға, өз ана тілін де оқып-үйренуге барлық жағдай жасалған. Өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғырту этномәдени бірлестіктер мүшелерін де біріктіре түсетіні анық. Сондықтан бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылуда.
Театрландырылған көріністері бар «Назерке», «Масленица», «Сабантой» мерекелері дәстүрге айналды. Апаларымыз «Қымызмұрындық», «Мүшел той», «Шашбаулы ару» мерекелеріне шақырады. «Иван Купала», «Рождестволық кездесулер», «Славян жазуы мен мәдениеті күні», «Рошашана» сияқты еврейлердің жаңа жылды қарсы алу мерекелері өтеді.
Сонымен қатар, біз «Достық үйіне» өскелең ұрпақты, балалар мен жастарды шақырып, олардың қанатын қатайтуды қолға алдық. Бүгінгі күні жастар қанаты әр этномәдени бірлестікте бар. Біз «Үміт» балалар үйімен, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарымен бірлесе шаралар өткізіп келеміз. Өткен жылы «Достық үйі» бір ай бойы «Шіркін, Лайф» этножобасының іске асуына қатысты. Соның барысында әр этномәдени бірлестік «Қайнар» білім беру-бос уақытты қамту кешеніне келген балаларға ұлттық ас түрлерінің, дәстүрдің, мәдениет пен өнердің ерекшеліктерін көрсетті.
«Полония» атты поляктар бірлестігінің балалар ансамблі құрылды. «Возрождение» этномәдени бірлестігі немiс тiлiнiң жай-күйіне көңіл бөліп отырады. Немiс тiлiн үйретуге жұмсалатын шығындарды Гете атындағы немiс этномәдени бірлестігі көтереді. «Братство» атты славян бірлестігі жыл сайын «Славян жазбасы мен мәдениетінің күндерін» өткізеді. Татар-башқұрттардың «Шатлық» бірлестігі «Сабантой» ойын-сауық кештеріне шақырады. Чешен-ингуштардың «Вайнах» және әзербайжандардың «Азербайжан» бірлестіктерінде Ораза айында мүмкіндіктері шектеулі балаларға «Достық үйінде» қайырымдылық ас беріледі. Украиндардың «Світанок» бірлестігінің жанында «Дударыки» балалар ансамблі мен «Світанок» хоры ән салады. Корейлердің «Чосон» және еврейлердің «Бэяхат» бірлестіктері мүшелері – ақ жаулықты аналар ауылдарды аралап, қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін дәріптейді. «Назерке» телеклубы эфирге шығады.
Бүгінгі күні біздің қала тұрғындары үшін үлкен мәнге ие «Достық үйіне» әртүрлі ұлт өкілдері келіп, ортақ іске өз үлестерін қосып жүр. Мұның өте оң үрдіс екені сөзсіз.
Людмила МАКАРЧУК, «Достық үйінің» директоры.
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы.