02 Мамыр, 2012

«Бөбек» жиырмаға толды

2565 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Бөбек» жиырмаға толды

Сәрсенбі, 2 мамыр 2012 8:06

«Бөбек» қайырымдылық қорының құрылғанына 20 жыл толуына орай Алматыда «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен «ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауы аясында ұлттық білім жүйесіндегі «Өзін-өзі тану» пәнінің рөлі мен мәні» деген тақырыпта респуб­ликалық семинар-кеңес өтті. Білім және ғылым министрлігі өкілдері, еліміздің жоо ректорлары, «Өзін-өзі тану» пәнін оқытатын кафедралар меңгерушілері мен оқытушылары, біліктілікті арттыру инсти­туттарының, облыстық, қалалық, аудандық білім беру басқар­мала­ры­ның басшылары, мектеп, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жетекшілері қатысқан кеңестің мақсаты – білім беру жүйесінің барлық сатыларында өзін-өзі тану пәнінің рөлі мен мәнін арттыру, рухани адамгершілігі жоғары тұлға қалыптастыруда білім моделін дамыту.

Сәрсенбі, 2 мамыр 2012 8:06

«Бөбек» қайырымдылық қорының құрылғанына 20 жыл толуына орай Алматыда «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен «ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауы аясында ұлттық білім жүйесіндегі «Өзін-өзі тану» пәнінің рөлі мен мәні» деген тақырыпта респуб­ликалық семинар-кеңес өтті. Білім және ғылым министрлігі өкілдері, еліміздің жоо ректорлары, «Өзін-өзі тану» пәнін оқытатын кафедралар меңгерушілері мен оқытушылары, біліктілікті арттыру инсти­туттарының, облыстық, қалалық, аудандық білім беру басқар­мала­ры­ның басшылары, мектеп, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жетекшілері қатысқан кеңестің мақсаты – білім беру жүйесінің барлық сатыларында өзін-өзі тану пәнінің рөлі мен мәнін арттыру, рухани адамгершілігі жоғары тұлға қалыптастыруда білім моделін дамыту. Сондай-ақ кеңес аясында «Бөбек» қайырымдылық қорының құрылғанына 20 жыл толуына орай қор Президенті Сара Назарбаева жиынға қатысушылар мен қонақтарды салтанатты түрде құттықтап, сөз сөйледі.

Уақыт деген зымыранды қойсаңшы. Жетім, қорған­сыз, ата-анасының қамқор­лы­ғынан айырылған бала­лар­ға қол ұшын беріп, көмек­тесу ниетімен құ­рылған «Бө­бек» қайы­рым­дылық қоры­ның тұсауы кесілгеніне жиырма жыл толыпты. Осы уақыттың ішін­де қаншама қыруар жұ­мыстар атқа­рыл­ды. Қан­шама бейкүнә ба­лалардың басынан сипап, қамқорлық көрсетіп, қанш­а­ма науқас ба­лақайларға кө­мек қолын созды. Міне, ке­ңестің түске дейінгі отырысында осы жиырма жылда атқарылған шаралар жайында кеңінен сөз болып, жү­рекжарды лебіз­дер білді­ріл­ді.

Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков «Бөбектің» ұрпақ тәр­биесіне, әсіресе, қорғансыз, жетім балалардың қоғамның толыққанды бір мүшесі болуына қосқан үлесі үшін Сара Алпысқызына балалар­дың алғысы шексіз екенін жеткізе келе, еліміздегі білім беру мен ағарту саласында орасан еңбегін ескеріп, министр Б.Жұмағұловтың атынан «Білім және ғылымның дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша ел­шісі Мадина Жарбосынова халықаралық қауымдас­тық­тағы «Бөбек» қорының орнына тоқталып, оның сан-салалы жұмысына оң баға берді. «Сара Алпысқызы ең алғаш Германияға барған сапарында 60 жылдық тарихы бар жаңа үлгідегі халық­аралық отбасылық Балалар ауылымен танысып, осы бағ­дарламаны 1994 жылы Қазақстанға әкелді. Бүгінде 300 балақай отбасында мамаларымен, бауырларымен бірге тұрып, үлкен сүйіс­пен­шілікпен тәрбиеленуде» дей келе, Халықаралық «СОС Кин­дердроф Интернационал» қоры президентінің құттықтауын жеткізді.

Онан соң аталмыш қор­ды алғаш құрушылардың бірі, бүгінде Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Қорының пре­зиденті, Парламент Мә­жі­лісінің әлеуметтік- мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева да ес­те­ліктер айтып, өз әсерле­рімен бөлісті.

– 1992 жылы «Бөбек» қайырымдылық қорын құ­руға анаммен бірге атсалыс­тым. Ол кезде «Достық» үйінде кішкене ғана бөлмеде кеңсеміз болды. Штатта төрт-ақ адам: анам –президент, мен вице-президент, хатшы қыз бен есепшіміз болды. Ол уақыт еліміз қиын кезеңдерді бастап өт­кізіп жатқан кез еді. Ақша жоқ. Мен ойлаймын, анам­ның болашаққа деген сенімі, табандылығы мен еңбекқор­лығы арқасында «Бөбегіміз» бүгінгідей жағдайға жетіп отыр. Балалар ауылы, Балалар үйі, Үміт үйі, Жас­өспірімдер үйі – барлығы анамның жүрегін жарып шыққан дүниелері. Мына жа­ңа ғимаратта көптен бері болмаған едім, қандай керемет, таңғажайып ертегідей өзгеріп кетіпті. Мұның бәрі Сара Алпысқызының және де осы жылдары қасында жүрген серіктерінің қажыр­лы еңбегі. Бәрімізге «Бөбек­тің» елу жыл­дығын аман-есен той­лауға жазсын», – дей келе Дариға Нұр­сұлтанқызы Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің құт­тық­тау хатын оқып берді.

«Бөбек» қорының вице-президенті Әлия Назарбаева да Сара Алпысқызының қам­көңіл балаларға ата-аналары бере алмаған мейірімді, ана­лық махаббатты сыйлап келе жатқанын, әрі анасының осы жылдары атқарған осыншама қайырымдылық істерінің байыбын түсініп, алдағы уақытта осы іске өз үлесін қосатынын тебірене жеткізді.

«Бөбек» қоры соңғы жылдары ата-анасы жоқ және тұр­мысы төмен көпбалалы отбасыларынан шыққан, сон­дай-ақ ата-анасының бірінің қам­қор­лығында қалған бала­ларға қол­дау мақсатында Сара Ал­пысқызы атындағы білім гран­тын белгіледі. Мәселен, биыл ондай грантқа 72 бала­ның ие болуы – жастарға деген шынайы сүйіспеншілік пен қамқорлықтың көрінісі бол­­са керек. Мұны Сара Ал­пысқызының сөзімен жеткіз­сек, «Адамның әр сөзі мен іс-қимылында сүйіспеншілік болуы шарт. «Білім – тек өмір сүру үшін ғана емес, ол то­лық­қанды әрі мағыналы өмір сүру үшін керек».

Мерейтой қуанышымен бө­лісуге келген «Бөбек» қо­рымен жиырма жыл бірге жү­ріп, оның қалыптасуына, өсіп-өр­кендеуіне, қол жеткізген жетіс­тіктеріне жетуге бірден-бір атсалысқан серіктестері, дос­тары – Шолпан Құлмаха­нова, Есетжан Қосыбаев, Әлия Нұ­ғы­манова, Алтын Кө­паева, Галина Өзбекова, Тұ­рымтай Қо­нақай, Валентина Гартман, т.б. естеліктер айтып, шынайы лебіздерін білдірді.

– «Ер – елдің иесі, ана – елдің киесі». Сіз елдің кие­сісіз. Нұрсұлтан Әбішұлының жанында жүріп, ол кісіге сү­йеніш, тірек бола білдіңіз. Есі­ңізде ме, «Сіз осы жасап отыр­ған ісіңіз­бен тарихта қа­ла­сыз» деге­німде: «Мен тарих үшін, елге белгілі болу үшін қызмет істемеймін. Мен ана ретінде өзімнің ақ жүрегім­мен, өзімнің махаббатыммен, сүйіспен­шілі­гіммен қызмет жасаймын» деген еді­ңіз. Бүгін сол сөзіңізді дәлел­деп отырсыз. Осы жаса­ған жақсылы­ғыңыз Алладан қайт­сын, – деді Алтын Мәмбет­қызы риза көңілмен.

Ал Есетжан Қосыбаев «Бө­бектің» жаңадан қалып­тасқан кезеңінде жұмыс ат­қарып, ол кезде жауаптан гөрі, сұрақтардың көп болғанын, сонда Сара Алпысқызының адамдарды жақсы көретін қасие­тін, тек жақсылық егетін жүрегіне тәнті болғанын жет­кізсе, ұзақ жылдар БАҚ-пен тығыз жұмыс жасаған Әлия Нұғыманова балаларға, Отан­ға қызмет етудің үлгісін көр­сеткенін атап өте келе: «Нұрсұлтан Әбішұлының бір айтқаны бар, Сара Алпысқы­зының ең басты қасиеті – өте шынайы адам. Ол өтірік те, көлгірсіп те сөйлей алмайды. Не жасаса да ақ жүрегімен беріле жасайды деп». Ол рас. Міне, сіз сол қасиеттеріңіз ар­қылы өз мақсатыңызға қол жеткіздіңіз. Мен соған куә адамның бірімін» деді. Сара Алпысқызына жасалған ең үлкен сыйлық балалар үйінде бірге тәрбиеленген бүгінде жоо бітіріп, отбасылы, үлкен азаматтар болған Саша мен Диманың өздері сияқты тағ­ды­ры қиын мыңдаған қор­ғансыз балалар атынан қорды мерейлі мерекесімен құттық­тап, аналарына мықты денсау­лық тілеп, гүл шоқтарын сыйлауы болды. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау ко­митетінің төрайымы Р.Шер әр ана өзінің жүрегінен жаралған баласын бөбегім деп еркеле­тетін болса, Сара Алпысқызы да бөбектеріне аналық қам­қор­лығын, жүрегін арнаға­нын, оларды қиын-қыстау шақ­та «қарлығаштың қана­тымен су сепкендей» қанаты­ның астына алып, қолынан келген бар көмегін аямай, ұрпақ тәр­бие­сіне сонша­лық­ты үлкен жауап­кершілікпен қа­рап, нағыз ба­қытты ба­ла­лық патшалығын орнат­қанын айтты.

Бүгінде «Бөбек» қорының президенті С.Назарбаеваның тікелей бастамасымен құрыл­ған көп салалы «Бөбек» ұлт­тық орталығы табысты еңбек етуде. Оның құрылымына «Өзін-өзі тану» балалар бақ­шасы, «Өзін-өзі тану» гимназиясы, «Өзін-өзі тану» гу­мани­тарлық колледжі, Адам­ның үйлесімді дамуы институты, обсерватория, балаларды сауықтыру қызметі кіреді. Ұлттық орталықтың мақсаты – балаларды жалпыа­дам­зат­тық құндылықтармен сусындата отырып, оның негізгі қағидалары шынайылыққа, сү­­йіспеншілікке, адалдыққа тәрбиелеу.

– Өмірде ешнәрсе кездей­соқ болмайды. Мәселен, мен өзін-өзі тануға қалай келдім? Адам мына өмірге неге келгенін, міндеті қандай, өзі­нен не күтетінін білу үшін – алдымен өзінің кім екенін білуі тиіс. Жиырма жыл бұ­рын осы шаруаны қолға алып, бастаған кезде сон­шалықты ауқымды, адамға да, Аллаға да жағатын іс екенін білгенім жоқ. Ол кезде Әлиямыз кіш­кене, баламен үйде отырға­н­мын. Осындай бір істі бастау керек дегенімде: «Өзімнің де жұмысым бастан асып жатыр…» деп ерім қолдай қой­мады. Еліміз қиындықты бастан ке­шірген тәуел­сіз­діктің ал­ғашқы жылдары. Бірде Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс­тан сондай қобал­жып оралды. Жетім балалар үйінде болғанда, бір баланың басынан сипаса, ол іші-бауырына кіріп, жанынан шықпай ай­нал­шықтап, құшақтап қой­маса керек. Мұны көрген тәрбиеші: «Сіз енді барлық баланың басынан сипап шығыңызшы. Олар мейі­рімді, жылы ала­қанды са­ғынады» депті. Содан осы көгенкөз балаларды қолға аларсың деп қолқа салғаны бар. Осылайша, «Бө­бек» дүниеге келді, – деп сөз бастаған «Бөбек» қоры­ның төрайымы, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы кіш­кене «Бөбегінің» қалай ер­жет­кенін, оның тарихына, көмек қолын созған, қайы­рым­дылық, демеушілік жа­са­ған қолы ашық жандар, үлкен жұмысты бірге атқар­ған серіктестері жайлы жылы пікірлер айтып, шын жү­регінен риза­шы­лығын біл­дірді. Сонымен қатар 2000-шы жылдары қордың ба­ғытын өзгертіп, ағартушы­лық жұмысқа қалай кел­генін, оның жеткен жетіс­тіктері мен кейбір қызықты сәттерін де әңгімелеп берді.

– 2000-шы жылдары елі­міздің экономикалық жағ­дайы жақсарып, әлеуметтік мәселелер шешілгенмен, жетім, қорғансыз балалар­дың саны азаюдың орнына көбейе түсті. Менің жасаған көмегім біріне жетсе, біріне жетпеді. Бұл қалай? Ендеше, оның өзімен емес, себеп-салдарын тауып, сонымен күресу керек. Ал оны қалай шешуге болады? Әрине, оны сананы өзгерту, жалпы, адам­­заттық құндылықтарды бі­лім беру, ағартушылық саласы арқылы егіп жетуге болатынына көзім жетті. Сонда аналар балаларын тастамайтын, адамдар бір-біріне дос, бауыр болуға, ата-ана­лары­ның қателіктерін қайта­л­а­мауға ты­рысады. Яғни, қо­ғамды жақ­сылық жасау, адамгер­ші­лік арқылы да өзгертуге болатынын түсін­дім. Соның негізінде өзін-өзі тану бағ­дарламасы дүниеге келген еді. Иншалла, бұл ісіміз жаман басталып жат­қан жоқ, – деді қор төр­айымы.

Түстен кейін семинар-кеңеске қатысушылар Ел­ба­сының Қазақстан хал­қына жолдауы аясында балалар мен жастарға ру­хани-адамгершілік білім берудің міндеттері, еліміз­дегі үздік­сіз білім беру жүйесіне «Өзін-өзі тану» пәнін енгізу­дің барысы және жарқын болашағы, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша техни­ка­лық және кәсіби білім беру жүйесі мұғалімдері мен бакалаврлар даярлаудың барысы, сондай-ақ өскелең ұр­паққа рухани-адамгер­шілік білім берудегі отбасы, мектеп және қоғамның өзара ын­тымақтастығы жайлы мәсе­лелер талқылады.

Күймен көмкеріліп, ән­нен шашу шашылған се­минар-кеңестің қатысу­шы­лары жиын соңында оқыту үдерісінің тәрбиелік ба­ғытын нығайту­дың стра­тегиялық басымдық­тарының бірі ретінде аталып өткен «Өзін-өзі тану» білім бағ­дарламасын одан әрі дамыту бойынша білім беру ұйым­дарының ұйымдастыру-бас­қару және ғылыми-әдісте­мелік іс-шараларын жетілді­руге бағытталған қарар қа­был­дады.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

Алматы.