Таным • 18 Ақпан, 2019

Бегім ана мұнарасы

2136 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірде іссапардың сәті түсіп Арал маңында жүріп, сол кездегі аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаевпен дастарқандас болдық. Ауылдан шыққан жерде Бегім ананың мұнарасы бар екенін айтып едік, Нәкең бауыр бас изеп тұрып: «Оған ер адамға баруға болмайды деді». Бар әңгіме  осымен аяқталды. Тек 2009 жылы  редакцияға Ақтөбе облысынан Бегім ананың ескерткіші жөніндегі аңызды салып жіберген Гүлдана  Нұрлықанованың  хатын сақтап жүріп, сол аңызды бүгінгі әңгімемізге арқау ретінде келтіруді жөн санадық.

Бегім ана мұнарасы

Аңыз бойынша Бегім ана күмбезі шамамен  Х-ХІІ ғасырлардан сақ­талған сәулет өнері ескерткіші. Қ­азір­гі Қызылорда облысы, Арал ауда­ны, Жаңақұрылыс ауылынан оң­түстікке қарай  35 шақырым жер­де. Аңыз желісі бойынша бая­ғыда Қарабура әулиенің Бегім атты жан дегенде жалғыз, аса көрікті қызы болыпты. Ақылына көркі сай Бегім сұлуға Санжар сұлтанның көзі түседі. Көп ұзамай екеуі шаңырақ құрады. Бірде сұлтан аңға шығып бара жатып, қанжарын үйінде ұмыт қалдырғанын біліп, алып келуге қасына ертіп шыққан құлын жұм­сайды. Құл сұлтанның тапсырма­сын үй сыртындағы  ханымға жет­кізеді. Аз-кем уақыт өткен соң үй­­­дің жабдығынан қанжарды ұсын­ған ханымның аппақ білегі мен саусақтарына құлдың көзі түсіп естен тана құлайды. Қайтып есін жиғанша едәуір уақыт өтеді. Құлдың мұншалықты кешіккеніне ашуланған сұлтан қаһарын төгеді. Аяқ астынан не дерін білмей қалған құл ханымға жала жауып: «Бәріне ханым кінәлі, қанжарды ала бергенімде, опасыз ханым қолымнан ұстап жібермеді»,  дейді.

Сұлтан сапарын қойып, ордасына оралады. Істің ақ-қарасын ашпай, Бегім сұлуды зынданға тастайды. Ол қатыгездік пен әділетсіздіктің, жал­ған жаланың құрбанына айналып жатқанда, оған араша болатын адам табылмайды. Зынданда жатып әбден қалжырап, көзі ілінгенде түсіне әке­сі кіріп: «Балам еріңе шы­ның­ды айт. Адал болсаң, Алла тағаланың жәр­демі тиеді. Тән жарасы да, жан жа­расы да жазылады», деп ғайып болады. Сол түні Қарабура әу­лие Сұлтан Санжардың түсіне енеді: «Шырағым, сен де бір балам едің, істің ақ-қарасын анықтап, жаза қол­данбайсың ба? Жазықсыз  жан­ды жәбірлеу – ауыр күнә. Адал­дыққа араша түспегендерді жылан жұтады», деп ғайып болады. Ұй­қы­сынан ояна сала Санжар зынданға нөкерлерін жібереді. Ал тар қапаста отырған  Бегім сұлу бәз баяғы қал­пын­да, ел-жұрт таң-тамаша қалады.

Іңір түскенде аспаннан бір мес құлапты. Ғайыптан құлаған ол мес­тің ішінен шыққан жыландар кент тұрғындарының түбіне жеткен. Қа­тыгездік пен  әділетсіздіктің  куәсі болған Бегім сұлу кейін осы күмбезді салдырыпты. Жарықтық қалған жұмбақ ғұмырын осы күмбезде өткізген деседі.

Мұнараны 1979 жылы Қазақстан Тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының жетекшісі  Ә.Ос­панов зерттеді. Мұнара шикі кір­піштен құйылған. Биіктігі 10,5 метр. Жоға­рыға қарай сәл қусырыла келген, сегіз қырлы призма пішінді тө­бесі пирамида болып біткен.

Мұнара ескерткіш үшін әлде белгі беруге, қарауыл қарауға арналып салынуы да мүмкін деген болжам бар. 

Қазақстан жерінде мұндай мұна­ралар көп кездеспейді. Ал Орта Азияда мүлде жоқ. Бірақ «Мұна­ралы кесене» деген атаумен белгілі осынау ескерткіштер Иран, Түркия, Әзербайжанда кең тараған. Бұл жағдай осы елдерге  Арал аймағынан түркі тайпаларының ығысып баруына байланысты  болуы мүмкін деген болжам  алдыңыздан шығады. Бұл мұнара 1989 жылы өңдеуден өтті. 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар