08 Мамыр, 2012

Елдік мақсат жолында еңбектенеміз

255 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елдік мақсат жолында еңбектенеміз

Сейсенбі, 8 мамыр 2012 7:47

Қазақстан халқы Ассамблеясы  Павлодар облыстық «Полония» этномәдени  бірлестігінің жетекшісі Виталий Свинцицкиймен әңгіме

– Виталий Зифридович,  еліміздегі  этносаралық татулық, достық, өзара түсіністік туралы не айтасыз? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА-ның ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ­стан­дық­тарды бірлігімізді нығайта беруге үндей келіп, мұны ел дамуының ең бас­ты факторы ретінде бағалады. Бұған қан­дай қосып-аларыңыз бар?

 

Сейсенбі, 8 мамыр 2012 7:47

Қазақстан халқы Ассамблеясы  Павлодар облыстық «Полония» этномәдени  бірлестігінің жетекшісі Виталий Свинцицкиймен әңгіме

– Виталий Зифридович,  еліміздегі  этносаралық татулық, достық, өзара түсіністік туралы не айтасыз? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА-ның ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ­стан­дық­тарды бірлігімізді нығайта беруге үндей келіп, мұны ел дамуының ең бас­ты факторы ретінде бағалады. Бұған қан­дай қосып-аларыңыз бар?

– Қазақстан менің елім, Отаным дейтін әрбір ұлт өкілі халықтар достығының кепі­ліне айналды. Ұлтаралық келісімді сақтап, тыныштық пен татулықта, бір мақсат-мүдде, елдікті орнықтыру жолында өмір сүруден басқа қандай бақыт керек?! Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­­­­­тың қазақ жерін­дегі тұрақты­лық тұ­ғы­рын берік сақтау саясатының мәні де осында жатыр емес пе. Кеу­дең­ді елің үшін мақта­ныш сезі­мі кернейді. Отаны­мыз­дың демо­кра­тия­лық қоғамның жоға­ры идеалдарын құ­руға ұмтылу бағы­тын,  ұлттар арасын­дағы бір-біріне деген құрмет пен дос­тық­тың, мәдениеттің өз-ара байланысын бас­қа өркениетті елдер де оң бағалауда. Бү­гінде ұзақ жылдар достығы жарасып, үйі­мен үйі көршілес, балалары бірге өскен, өздері  қызметтес болып бір жерде жұмыс істейтін өзге ұлт өкілдерін өгейсітпей, ортақ Отанға біріктіру егемендікті орнық­тырудың өзіндік бір мақсат-мүддесі болып табылады.

Отан, тәуелсіздік, тұрақтылық, тұрақты даму ұғымдары  әрбір қазақстандықтың жү­регінен орын алды. Қазіргі кезде облыста көптеген  ұлттың өкілдері тату-тәтті  өмір сүріп жатыр.  Өткен ғасырларда жері­мізге  келіп қоныстанып қалған орыстар, украиндар, татарлар, белорустар қатарына ауыр жылдардың зобалаңы  кезінде корейлер, немістер, поляктар, чешендер, ингуштер, қарашайлар, балқарлар,  тағы бас­қалары келіп қосылды. Тың игеру жылдары, индустрияландыру ұранымен  қоныс аударып, осы жерді Отаным деп тұрып қалғандар да баршылық.

– Сіз Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары да болдыңыз емес пе?..

– Жалпы, этномәдени бірлестіктердің қай өкілі де осы орынға лайықты деп санаймын. Ассамблея құрылған 1995 жылдан бастап ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында қызмет етіп келеміз. Облыста  тұратын  по­ляк­тардың «Полония»  этномәдени бірлес­тігі де сол жылы құрылды. Басқалары да  құры­лып, уақыт өте келе саны  өсе түсті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мін­деттері, Елбасының  оның сессияларында беретін тапсырмалары ауқымды. Соңғы ХІХ сессияда да солай болды. Бұл біздің өмір сүріп отырған қоғам­дағы ұлтаралық тату­лық пен тұрақ­тылық­ты сақтауға, елімізде тұратын барлық ұлт өкілдерінің рухани-мә­дени өрлеуі мен өсуіне қамқорлық жасауға, өркениеттілік пен  демократия нормаларына сүйене отырып, аза­маттардың саяси мә­дениетін қалып­тас­ты­руға, қоғамның рухани дамуының тұжырым­дамалары мен бағдар­ла­маларының жобаларын дайындап, оларды жүзеге асыруға белсене араласуға үндейді. Осы орайда, алдымызға жас ұрпақты отан­шыл­дыққа, өскен жерлерін сүюге тәрбиелеу, мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқып-үйрену, оны құрметтеу арқылы әртүрлі ұлт өкіл­дерінің арасын одан сайын жақын­дастыру міндетін қояды. Арамызда қазақ тілін білетін қаншама өзге ұлт өкілдері жүр. Бізге осы  дәстүрді, қазақ тіліне,  қазақ хал­қына деген құрмет пен сыйластықты берік­тіре түсу  қажет.

– Өзіңіз басқаратын  «Полония» бір­лес­тігі  жайлы айта кетсеңіз.

– 1995 жылы облыста  поляктардың  «Полония»  этномәдени бірлестігі құрылды. 40­-­жылдары осы жаққа жер аударылып келген поляктар қазақ халқын паналады. Қазір облыста тұрып жатқан 20 мыңға  жуық поляктың  әке-шешелері осында  жерленген. Бірлестік зобалаң жылдары қуғын-сүргін көрген ата-аналарының құрметіне ескерткіш тақта орнатты. Польшаның Познань, Быгдош қалаларымен байланысымыз жақсы. Поляктардың ұл-қыздары бірлестікте ана тілін үйреніп,  ұлтымыздың салт-дәстүрлерін меңгере  алады.

– Поляк Адольф Янушкевичтің қазақ тарихын зерттеп, Абайдың әкесі Құнан­баймен дос болғаны жайлы мағұлмат­тардан хабардар шығарсыз?

– Қазақтар жер аударылып келгендерге бауырмалдық танытты. Ондай кеңпейіл болмаса, 36-38, 39-41-жылдардағы зұлмат кездерінде  жер аударылғандар құрып кетер ме еді. Варшава көтерілісіне қатысып, осы жаққа жер аударылып келген Янушкевич қазақ жерінің этнографиясы мен гео­графиялық ерекшеліктері туралы зерттеді. Жазып қалдырған мұрасы көп.1834 жылы Янушкевичпен қатарлас қазақ жерінде айдауда болған поляк Густав Зелинский қазақтар туралы «Дала» деген поэма жазды.  Александр Затаевич қазақ фольклорын жинап, «Қазақтың 1000 әнін» жариялады.

– Виталий Зифридович,  екі елдің қазіргі байланысы қалай? Польшада қазақтар бар ма?

– Байланыс, барыс-келіс жақсы. Мен  поляктардың республикалық қауымдас­тығын да басқарамын. Этномәдени бір­лестік арқылы балаларымыз Польшаға барып демалып, кейіннен жоғары оқу орындарында білім алуда. Өзім құрылыс сала­сының маманы болғандықтан, Павлодар-Быгдош қалалары арасында құрылыс материалдарына қатысты арнайы өндірістік кәсіпорын  аштық. Адамдарға жұмыс тауып бердік.

Польшада 100 мыңдай қазақ бар.Олар­дың да біздегі сияқты одағы құрыл­ған. Поляктардың қазақтарға деген құрметі ерекше. Варшавада Қазақ көшесі бар.

 – Бұл бірлік бар жерде тірлік бар деген қағидатты айғақтайды емес пе?

– Әлбетте. Қазақ халқының  қай айт­қаны да жақсылыққа үндейді. Мысалы, өзіміздің Зара апамыз ақ кимешегін киіп, этномәдени бірлестіктер құрылып жатқан кезден бастап тынымсыз. Қай ұлт өкілі де айналсоқтап, сол кісінің жанында жүреді. Апамыз достық туын көтерген этномәдени бірлестіктердің мызғымас қазығы іспетті.

Қазір облыста 20 облыстық, 9 қалалық  этномәдени бірлестік, 30-ға жуық аудан, ауылдарда филиалдары, жастардың 14 ұлт­тық бірлестіктері жұмыс істейді. Олар­дың бәрі ел бірлігіне үлес қосып келе жатқан құрылымдар.

Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ.

Павлодар облысы.