10 Мамыр, 2012

Бір болсақ, алынбайтын асу жоқ

434 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бір болсақ, алынбайтын асу жоқ

Бейсенбі, 10 мамыр 2012 7:36

Памир тауларының шатқалда­рын­да «И» деген бір ғана әріппен аталатын шағын тайпа өмір сүрген екен деген сөз бар. Ол тайпаның ерекшелігі сол, олар тек өз тілінде сөйлеп, өз салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қатаң ұстанған. Осы орайда, өзін өркениетті деп санайтын кез келген қоғамның борышы бұл тайпаның бар­лық ерекшеліктерін сақтай келе, оның жойылып кетпеуіне жол бермеуінде екендігін айта кеткен жөн.

 

Бейсенбі, 10 мамыр 2012 7:36

Памир тауларының шатқалда­рын­да «И» деген бір ғана әріппен аталатын шағын тайпа өмір сүрген екен деген сөз бар. Ол тайпаның ерекшелігі сол, олар тек өз тілінде сөйлеп, өз салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қатаң ұстанған. Осы орайда, өзін өркениетті деп санайтын кез келген қоғамның борышы бұл тайпаның бар­лық ерекшеліктерін сақтай келе, оның жойылып кетпеуіне жол бермеуінде екендігін айта кеткен жөн.

2006 жылдың көктемінде Мәскеу қаласында жастардың «Еуразия шең­бері» І Халықаралық ақпараттық фор­у­мы­на қатысқан едім. Сондағы Ұлт­тар үй­інде Мәскеудің ұлттық-мәдени орта­лы­ғының өкілдерімен әңгіме осы мысалдан басталып еді. Ең қызығы, сол жо­лы мен күтпеген ерекше бір оқиға болды.

Мен сөз сөйлеп болғаннан кейін маған бір тәжік әйелі келіп, жоғарыда сөз болған тайпаның бүгінгі жалғыз өкілі екенін айтып ағынан жарылды және қазақстандықтарға қызыға да тамсана қарайтынын жасырмады.

Көзіне жас үйірілген әйел Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлт мәселесінде сарабдал әрі көреген саясат жүргізіп отырғаны үшін тебірене тұрып өзінің ризашылығын білдірді.

Осы бір жағдай таяуда Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясына қатысып отырған тұста есіме еріксіз оралды. Сессияда жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір отан­дастарымыздың қазақ халқына риза­шылықтарын білдіре сөйлеген сөзде­рін тыңдай отырып, не нәрсені болса да салыстыра бағалау керектігіне көзімді тағы бір жеткіздім. Расында, қазір Қазақстан түрлі этностардың іс жүзінде нағыз Отаны болып отыр. Тоқсаныншы жылдары Ресейге көшіп кеткен менің досым әрі бұрынғы партиялас әріпте­­сім Евгений Близнюков маған өзінің бір хатында былай деп жазғаны бар: «…Жаңа өмірге бейім­делу, үйре­ну сон­шалықты қиын бола­ды-ау деп еш ойламаппын. Отан – кіндік қаның там­­­ған жер ғана емес, сені асырап, өсірген орта екенін іс жүзінде түсі­несің. Өткен­нің бәрін кері қайтаруға болатын болса, мен ешбір ойланбас едім. Біз бұл жерде бөтен адамдармыз. Мен болсам, бәрін басқа­ша армандайтынмын. Бірақ, жоғалған нәр­сең тек ертегіде ғана қайта оралатыны белгілі. Ең бастысы, мұнда өзің­нің ешкімге керегің жоқ екенін түсінесің…».

Шынымен де түрлі себеппен қазақ жеріне қоныс тепкен ұлттар шоғыры жергілікті кеңқолтық халықтың пейілі мен мейірімінің шуағына бөленді. Ға­­сырлар бойы теперіш көріп келген қа­зақ халқы туған жерінен қоныс ауда­ру­дың, аштық пен қорлықтан зардап ше­гудің қалай екенін ерекше түй­сінген­діктен, әрине. Иә, қазақ халқы өте көп қиыншылықтарды басынан кешірді. Бірақ олар халқымызды шы­нықтырды. Рас, қазақтар өз салт-дәс­түрі мен тілін жоғалтып та ала жаздады. Бірақ бі­лім­ге, өнерді дамы­ту­ға талпына отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құ­ралдарының журналистеріне берген сұх­баттарының бірінде Н.Назар­баев­тың былай дегені бар: «Еске алсақ, тәуелсіздігімізді жариялаған кезде, қазақтардың саны халықтың 42 пайызын ғана құрайтын. Елімізді қуаттан­дыру үшін ұлтына қарамастан, бар­лық азаматтар еңбек етті. Мұны ешқа­шан ұмытуға болмайды. Тәуелсіздік – Қазақстан халқының ортақ жеңісі, ор­­тақ қуанышы. Тарихтың жазуымен, Қа­­зақстан көпұлтты мемлекет ретінде қалыптасты. Бірақ – бұл кемшілік емес, керісінше, елімізді ұлттық оқ­шау­­лаудан қорғайтын маңызды фактор. Және еліміздің барлық азаматтары қа­зақстандықтардың ортақтасуға бағы­т­талған идеясын ұстануға міндетті».

Осы ретте Қазақстан халқы Ассам­блеясының соңғы сессиясының тақы­рыбы «Қазақстан жолы: тұрақты­лық, бірлік, жаңғырту» болуын кез­дей­соқ дей алмайсың. Өйткені, осы үш ұғым біздің мемлекеттілігіміздің тұ­тас­­тығына тірек болып тұр. Елбасы баса атап өткендей, «Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бірлік – баға жетпес байлығымыз. Жаңғырту – келер күнге, кемел келешекке жете­лейтін жарқын жолымыз. Үндестігі мол үйлесімді үштаған – мерейлі мем­лекетіміздің қасиетті құндылығы».

Қалай айтқанда да, кезінде тарих­тың тауқыметін бірдей көрген түрлі ұлттың адамдары бүгінде Қазақстанда ортақ тағдырлас. Әрқайсымыз өзіміз үшін еңбек еткенімізбен, нәтижесінде Қазақстанның экономикасына үлес қо­сып отырмыз. Әрқайсымыздың же­тіс­тігіміз – республикамыздың өркен­де­уі­не қосқан үлесіміз. Сондай-ақ, ел эко­номикасындағы дағдарыстар біз үшін ортақ проблемаға айналатыны рас.

Бір сәт жол басындағы мемлеке­тіміздің жағдайына көз жіберейікші. Қазына қалтасында көк тиын болмады, кәсіпорындардың көпшілігі көте­рем малдың күйін кешіп жатты, инфляция деңгейі 1000 пайыздан асып, ауыл адамдары кәдімгі кір сабынды бір қойға сатып алуға мәжбүр болды. Бір сөзбен айтқанда, бұл кезең экономика жағдайы, адамдардың рухани дүниесі күйзелісінің ең биік шыңы болды. Осынау аса бір күрделі жағдай­дан ел басшылығының жүргіз­ген сауатты саяса­тының арқасында шыға алдық.

Әрине, өзге қоғамдардағыдай бізде де шешімін таппай жатқан түйткілді мәселелер жоқ емес. Әзірге шикізатқа көбірек тәуелді ел ретінде қалып отырмыз, сонымен бірге, жұмыс­сыз­дық жағ­­­­­дайын, жаңа жұмыс орындарын құру мәселесін де жылы жауып қоя алмаймыз. Бизнес-қауымдастығы, ауыл ша­руа­­шылығы тауарын өндіру­шілер барынша әрі пәрменді қолдауды қажет­сінеді. Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы саласындағы тариф­тер­дің өсіміне тұрақты бақылауды, сауда-сат­тықтағы бағаны өсіретін алып­тасарлық жәйттермен күресті жү­зеге асыру да күн тәртібінде. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы сапаны арттыру, еліміздегі демокра­тиялық үдерістердің одан әрі дамуына мұқият назар аудару басты мәселе­лер­дің бірі болып табылады. Жан басына шаққандағы табыстың айтарлықтай өскендігіне қарамастан, инфляцияның салдарынан адамдар үшін ондай өсімнің әсері аса бай­қал­май отыр. Жемқорлық та белсенді жү­гендеуді қажет етеді. Осы ретте, қоғам­ның барлық күштерін жемқорлыққа қарсы шақыратын «Жаңғырту мен жемқор­лық – үйлеспес ұғымдар!» атты жалпы, республикалық ақпараттық-наси­хат науқанының жүріп жатқанын айт­қан ләзім. Ай бойы өткізілетін бұл игі іске «Нұр Отан» ХДП бастаған қоғам­дық ұйымдармен қатар, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі де белсене атсалысуда.

Мен үшін бір нәрсе айқын. Егер елімізде саяси тұрақтылық пен ұлт­аралық келісім болмаса, солардан туындайтын проблема оларды шешуде мейлінше күрделі мәселеге айналар еді. Дәлірек айтсақ, мүлдем басқаша өңге айналар еді және оған нақты мысалды алыстан іздемей-ақ қоялық. Жақын шетелдерде болып жатқан жағдайларға көз жіберсек жеткілікті. Осыларды ескере отырып, өз елінің нағыз азаматы елінің тыныштығы мен өркендеуі жолында жан аямай еңбек ететін адам деп білемін.

Қазақстан – бай ел, ал байлықтың төңірегінде әрқашан қауіп-қатер қатар жүреді. Сондықтан да, тәуелсіздік тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде баян­ды болуы, экономикамыз әлемдік на­рықтың нән құбылмалы «мінезі­нен» зардап шекпеуі үшін қолдан кел­геннің бәрін жасау керек. Қазақстан қоғамына тән халықтың бірлігі дәл осы жерде көрінетініне күмән жоқ.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті.