Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Қарағандыда жылжымалы пункттер жұмысқа қабылдайды

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыда адам көп жиналатын жерлерде, сонымен қатар шеткерірек орналасқан шағын аудандарда бүйірінде «Жұмысқа орналастыру бойынша мобильді пункт» деген жазуы бар арнайы автокөліктер пайда болды.

Қарағандыда жылжымалы пункттер жұмысқа қабылдайды

Олар бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді, бұл жерде жұмысқа орналасуға, кәсіптік оқуға, өз ісін ашу және дамыту үшін шағын несие алу бойынша түрлі ақыл-кеңес алуға болады. Тек соңғы айдың ішінде 1000-нан астам адам осы мобильді топтардың көмегіне жүгінген.

– Арнайы жабдықталған автокөлік кесте бойынша жұмыс істейді. Біз оны әлеуметтік желілерде, қалалық жұмыспен қамту орталығының аккаунттарында жариялаймыз. Осыған ұқсас мобильді пункттер жақын арада облыстың барлық қалалары мен аудандарында пайда болады, – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мұхтар Төлей.

Жылжымалы пункттердің нәтижелі жұмыс істей бастағанын айта кеткен жөн. Мысалы, жоба басталған алғашқы күні  Қарағандының қақ ортасындағы 45 орамда түске дейінгі уақыттың өзінде 80 адам мобильді топтың көмегіне жүгініп, жұмыспен қамту орталығы мамандарының кеңесін алды. Соның нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама алып, 10 адам кәсіптік тегін оқу курсына жазылды. Сонымен қатар, 30-дан астам адам толық кеңес алып, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тілек білдірген.

Жалпы, қарағандылықтар мұндай пункттердің пайда болуы өте жақсы идея деп санайды. 

– Жұмысқа орналасу пунктін көріп, қандай жұмыстар барын біліп  шығайын деп шештім. Мен бұрыннан бері өзіме қосымша табыс көзін іздеп жүрген едім. Маған мұнда бәрін түсіндірді, қайда бару керектігін айтты. Менің ойымша, мұндай пункттер өте пайдалы. Менің жұмыспен қамту орталығына баруым екіталай еді. Ал бүгін жолдамаға ие болып, жұмыс ұсынушылардың байланыс нөмірлерін өзіме жазып алдым. Осының барлығын ұйымдастырушыларға деген алғысым зор, – дейді қала тұрғыны Валерия Гудина. 

Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сай, бүгінгі күнде облыс орталығында 1800 бос жұмыс орны бар. Бұдан бөлек,  жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар сияқты тағы 500 уақытша жұмыс орны ашылған. Ал бірегей жоба авторлары жылжымалы бекеттердің көмегімен қаладағы жұмыссыздықты жою ісінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге болатынына сенімді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды