Халифа Омар Фаруқ Сирияға келген сапарында солтүстік аймақтағы Хумус қаласына ат басын бұрды. Ондағы ойы өзі сенім артып тағайындаған әкімнің жағдайын және халықтың ол туралы пікірін білу еді. Халифамен кездесуге қала халқы түгел жиналды.
Халық әкімге жаппай ризашылық білдірді. Өтінішімізді мұқият тыңдайды, көмектесуге қашанда дайын тұрады деді. Бірақ оның ел түсінбейтін мінез-құлықтары бар екенін де айтты.
– Таңертең қызметіне кешігіп келеді, – деді біреуі.
– Кешке қарай ешкімді қабылдамайды, – деді тағы бірі.
– Тағы қандай кемшілігі бар? – деп сұрады халифа.
– Айына бір күн қызметінде болмайды. Кейде есінен танып қалатын кезі де болады, – деп шағым білдірді жиналғандар.
Мұны естіген халифа: «Сонда қалай болғаны? Мен елге басшы таңдауда қателестім бе екен? Саид ибн Әмір теріс іске баратын адам емес сияқты еді. Әлде бұл жерде қандай да бір түсініспеушілік бар шығар?» деп ойлады.
Жамағат тарағаннан кейін халифа әкімнен айтылған шағымдардың себебін сұрады.
– Мәртебелім, – деді Саид Омардың бетіне қипақтай қарап. – Бұл жөнінде ешкімге айтпайын деп едім. Бірақ шағым болғандықтан, сізге оның сырын амалсыздан айтамын. – Ол әуелі оң жағына, сосын сол жағына қарады да, сөзін жалғастырды. – Менің үйімде қызметші жоқ, әйелім көптен науқас. Сондықтан үй шаруасының көбін өзім істеймін. Балаларымның таңғы тамағын дайындаймын. Ал түнге қарай ешкімді қабылдамайтыным: күндізгі уақытымды халыққа арнаймын да, түнгілікте құдіретті Аллаға ғибадат етемін. Айына бір күн шықпай қалатыным да рас. Себебі өз киімімді өзім жуамын. Ауыстыратын басқа киімін болмағандықтан, кепкенше тосамын. Ал енді ес-түссіз талып қалуыма келсек, ол бір аса қайғылы оқиғаға байланысты, – деп, ол біраз үнсіз отырып қалды. Өңі бозарып, даусы қарлығыңқы шықты. – Меккеліктер бір жазықсыз адамды дарға асты. Одан: «Өзіңнің орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің?» деп сұрағанда, «Оның табанына қадалған шөгір менің маңдайыма қадалсын» деп жауап берді. Мүшріктер оны бірден шейіт қылды. Мұның бәрі менің көз алдымда өтті. Мен жазықсыз жанды құтқара алмадым. Ол кезде өзім де мүшріктер қатарында едім. Алла менің осы күнәм мен қатыгездігімді ешқашан кешірмейді-ау деп қатты қайғырғанымда, есімнен айрылып, талып қаламын, – деді ентіге дем алып.
Халифа Омар Фаруқ пен оның жанындағылар Саид ибн Әмірдің асқан жанкештілігі мен тақуалығына таңғалды, көзіне жас алғандар да болды.
Арада бірнеше ай өткеннен кейін, халифа Омар Хумус қаласындағы кәріп-ғасірлер мен кедей-кембағалдардың тізімін сұратады. Сонда тізімнің басында тұрған Саид ибн Әмір деген есімді көріп, таңғалып:
– Бұл қай Саид ибн Әмір? – деп сұрады халифа.
– Мәртебелім, бұл біздің әкіміміз. Ол нағыз кедей. Қолына түскеннің бәрін ең тұрмысы нашар дегендерге таратып береді, – деді қала адамдары.
Халифа Омар әкім Саидтың қала халқы алдындағы сіңірген еңбегін бағалап, оған өз қажетіне жұмсасын деп мың динар жіберткізеді. Бірақ ол бұл жолы да халықтың қамын ойлап, қаражаттың бәрін кедей-кепшіктерге таратып береді. Мұны білген әйелі ренжіп:
– Ең қажетімізге жұмсауға аз да болса өзіңе алып қалмадың ба? – дегенінде, Саид:
– Өткінші дүниеге қызығып қайтесің. Одан да Жәннаттың мәңгілік нығметтерін Алла өзі нәсіп етсін, – деп, ақырет күніне деген өзінің сенімі беріктігін тағы бір көрсеткен екен.
Серік САТЫБАЛДИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі