23 Мамыр, 2012

Көмегі көл-көсір

716 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көмегі көл-көсір

Сәрсенбі, 23 мамыр 2012 7:34

Халық саулығы – ұлт болашағының кепілі. Сондықтан мемлекеттің басты байлығы болып саналатын адам денсаулығы басты назарда болатыны бесенеден белгілі жәйт. Бұл бағытта елімізде «Саламатты Қазақстан» секілді іргелі бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Оның сыртында да қыруар шаруа атқарылғанын көз көрді. Соңғы жылдары рес­публика бойынша санитарлық авиацияға басымдық берілгенін білеміз. Сонымен қатар, күрежолдың бойында меди­циналық бекеттер ашып, жолаушылардың денсаулық қауіпсіздігін сақтау да ойда бар дүние.

Сәрсенбі, 23 мамыр 2012 7:34

Халық саулығы – ұлт болашағының кепілі. Сондықтан мемлекеттің басты байлығы болып саналатын адам денсаулығы басты назарда болатыны бесенеден белгілі жәйт. Бұл бағытта елімізде «Саламатты Қазақстан» секілді іргелі бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Оның сыртында да қыруар шаруа атқарылғанын көз көрді. Соңғы жылдары рес­публика бойынша санитарлық авиацияға басымдық берілгенін білеміз. Сонымен қатар, күрежолдың бойында меди­циналық бекеттер ашып, жолаушылардың денсаулық қауіпсіздігін сақтау да ойда бар дүние. Осы тұрғыдан алғанда Қызылорда облысында да біршама шаруа атқарылды. Мәселен, былтырдың өзінде сани­тарлық авиация бойынша облыста 7285 шақырту болып, халыққа қызмет көрсетілген. Енді осыны таратып айтайық.

Санитарлық авиация дегенде ойға бірден ұшақ пен тікұшақтың оралатыны жасырын емес. Дегенмен, аталмыш бағытта тек әуе арқылы қызмет көрсетіледі десек, ағат айтқандық болар еді. Бұл бағытта көлікпен де, телефон арқылы да қызмет көрсетіле береді. Сон­дай-ақ пойызбен, телемедицина арқылы да ауруына шипа тауып жатқандар бар. Мысалы, былтыр 431 адамға көлік арқылы ем жасалып, орталыққа жеткі­зілген екен. Ал АН-2 ұшағымен 27 кісіге көмек беріл­ген. МИ-8 тікұшағы арқылы 38 емделушінің жағдайы жасалған. Шойынжолмен келген адамдардың саны 38-ді құраған. 195 адам телемедицинаның көмегіне жүгінген. Телефон арқылы 150 адамға ақыл-кеңес берілген. Шалғайда жатқан, көліктің қатынауы қиын елді мекендердегі тұрғындарға дәрігерлер әріптестері жеткенше телефон арқылы ақыл-кеңесін беріп, талай адамның өміріне араша түсіп жатыр. Былай қарағанда, қарапайым ғана дүние сияқты. Ал астарына үңілсеңіз, талай тағдырдың телефон тұтқасымен аман қалып жатқанын сезінесіз.

Тағы да сандарды сөйлетіп көрейік. Бұл жолы санитарлық авиация арқылы бірінші тоқсанның ғана көрсеткішін айтсақ та жеткілікті. Аталған қызмет өкілдері 185 рет аудандарға барған. Үш айда. Авто­көлікпен 130, ұшақпен 37, пойызбен 10, телемедицина арқылы 74, телефонмен 8 адамға көмек көрсетілген. Тікұшақтың 20 қаңтарға дейін ғана облыста қызмет көрсеткенін айттық. Сол жиырма күннің ішінде тікұшақ 8 рет әуеге көтеріліпті. Бұл да аз емес. Ол кеткеннен кейін АН-2 ұшағының жұмысы артқа­нын көріп отырмыз.

Ақмешіт атырабындағы ақ халаттылардың шамасы келмейтін де науқастар болады. Мәселен екіқабат әйелдерде кездесетін кейбір кеселдер мен бір жасқа дейінгі балаларға жедел неонатальді көмек көрсету әзірге біздің дәрігерлер үшін қиындық туғызады. Оның түрлі себептері бар. Осындай сәттерде облыс дәрігерлері көрші Оңтүстік Қазақстан облысының немесе Астана мен Алматыдағы әріптестерінің көмегіне жүгінеді. Аталған қалаларда арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен клиникалар бар. Науқастар сонда жеткізіледі. Жыл басынан бері 7 адам санитарлық авиация арқылы жоғарыда айтылған үш қалаға жеткізілген.

Жақында ғана облыстық медициналық орта­лықтың қызметкерлері Арал ауданына барып, сонда өте күрделі ота жасап қайтты. Облыстағы белді нейрохирург-дәрігер Шынжырбай Ораз­маханұлы науқастың жүруге жағдайы келмегеннен кейін ауданға арнайы барып, оның басына ота жасады.

– Біз Арал ауданында С.Ниязов деген аза­маттың басына ота жасадық. Жағдайы тұрақ­та­лып, өміріне қауіп төнбейтін болғандықтан, облыс­тық медици­налық орталыққа жеткіздік. Сонымен қатар, Қазалы ауданында да бір екіқабат әйелдің жағдайы тым ауырлап, құрсағындағы бала мен өзінің өміріне қауіп төнді. Біздің акушер-гинекологтар оның өміріне араша түсіп, аман алып қалды. Ол кісі де орталыққа жеткізілді. Қазіргі уақытта екі науқастың да жағдайы жақсы. Шүкір, – дейді дәрігер.

Санитарлық авиация талай тағдырдың денсау­лығын түзеп беріп, ажалдан арашалап қалып жатыр. Сол себепті осы бағыттағы жұмыстарға алдағы уақытта да тиісінше қолдау көрсетіле берсе деген тілек бар.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.