Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Бауыржан Байбек: Көпбалалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін барады

738 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда тұрмысы төмен отбасылар үшін екінші баласынан бастап балабақша тегін болады. Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбек тұрғындар алдындағы жыл сайынғы есепті кездесу кезінде жариялады.

Бауыржан Байбек: Көпбалалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін барады

Қала басшысы соңғы екі апта ішінде 600-ден астам анамен ондаған кездесу өткенін атап өтті.

«Жүздеген өтініштер сараланды, ең өткір мәселелер - тұрғын үй, коммуналдық қызмет төлемі, оқу мен жұмысқа орналасу. Барлық өтініштер, атаулы әлеуметтік көмек әдісінің өзгерісін қоса Үкімет жанындағы жұмыс тобына жіберілді. Әкімдік деңгейінде де қозғаушы күштер мен ресурстар бар, сондықтан біз бірқатар кешенді шараларды жасадық», деді әкім.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек көпбалалы немесе мұқтаж отбасылардың балаларын балабақшаға тегін апаруға мүмкіндігі болатынын айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, ата-аналар балабақшадағы баланың тамағы үшін 18 мың теңге ғана төлейді, қалған 27 мың теңгені мемлекет субсидиялауда. Тек өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша бала бақшадағы 51 мың орынға 16 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл сома 1,8 миллиардқа артты. Егер көпбалалы тұрмысы төмен отбасының екі және одан да көп баласы балабақшаға баратын болса, онда отбасылық бюджет жүктемесі де жоғары болады. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша тегін болады», деді Бауыржан Байбек.

Қазіргі кезде тұрмысы төмен отбасылардағы 14 мыңнан астам балаға мектептерде ыстық тағам беріледі. 3475 бала мектеп формасымен қамтылған, 2333 балаға қаржылай көмек көрсетіледі, 1050 балаға жазғы лагерьлерге жолдама берілді.