Үкімет • 21 Ақпан, 2019

СҚО-да екі қорғаныс зауытын жаңғыртудан кейін 150 қосымша жұмыс орны ашылады

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Петропавл қаласындағы жұмыс сапары кезінде отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жетекші кәсіпорындарына – Киров атындағы зауыт (КаЗ), Петропавл ауыр машина жасау зауыты (ПАМЗ) және "ЗИКСТО" АҚ барды.

СҚО-да екі қорғаныс зауытын жаңғыртудан кейін 150 қосымша жұмыс орны ашылады

Сапар барысында Асқар Жұмағалиев кәсіпорындардың өндірістік қызметімен және шығарылатын өнім желісімен танысты. Сондай-ақ, "КаЗ" және "ПАМЗ" АҚ басшылары министрді нәтижелері бойынша ішкі және сыртқы нарықтарға бағдарланған бәсекеге қабілетті жаңа өнім шығаруды игеретін технологиялық жаңғырту барысы туралы хабардар етті.

Өз кезегінде, вице-премьер таяудағы 2 жылда осы зауыттарды технологиялық жаңғыртуға 6,6 млрд.теңге салынатынын атап өтті.

"Мемлекет зауыттарды жаңғыртуға үлкен қаржы бөледі. Осының арқасында қосымша 150 жаңа жұмыс орны ашылады, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте маңызды. Өз кезегінде, біз сізден сапалы, бәсекеге қабілетті өнім күтеміз", - деді Жұмағалиев.

Ол сондай-ақ кәсіпорындарға қазірдің өзінде өнімді сату және ұзақ мерзімді кепілдендірілген тапсырыстар алу үшін экспорттық бағыттарды ойластыруды тапсырды.

Премьер - Министрдің орынбасары жұмыс сапары барысында "ЗИКСТО" АҚ-да да болып, зауыттың өндірістік цехтарын және кәсіпорынның өнімдерін аралап көрді. Зауыттарға бару қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ҚӨК кәсіпорындарын дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Жұмыс сапарының соңында Асқар Жұмағалиев Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қорытынды есеп беру кездесуіне қатысты.