Қазақстан • 21 Ақпан, 2019

Ғалымбек Кенжебаев қазақ боксшыларының финалдағы жеңілісін түсіндірді

850 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бокстан Болгарияда өткен «Странджа» турнирінен қазақстандық спортшылар бес күміспен оралды. Бұл бас бапкер Ғалымбек Кенжебаевтың ұлттық құрама тізгініндегі алғашқы халықаралық додасы болатын. Olympic.kz сайтына сұхбат берген команда бапкері София шаршы алаңындағы сәтсіздік себептерін түсіндірді. 

Ғалымбек Кенжебаев қазақ боксшыларының финалдағы жеңілісін түсіндірді

- Болгарияда бес боксшымыздың финалға дейін сүрінбегені жақсы нәтиже. Бірақ ақтық сында алтынсыз қалғанымыз аздап көңіл қынжылтады. Ұлттық құрама жігіттерін бірінші рет үлкен жарысқа бастап шықтым. Енді қай жерде кем-кетік барын анықтап, қай олқылықтың орнын толтыру керектігін саралаймыз. 

49 келідегі Теміртас Жүсіповтің үнділік боксшыға шамасы жетпеді. Мойындау керек. Үндістандық Амит Азия ойындарының чемпионы, тәжірибесі де, күші де көп екен. Теміртас өте мықты боксшылардың бірінен ұтылды. 

60 келідегі Зәкір Сафиуллиннің шаршы алаңда көргені көп. Финалда Ресей боксшысымен жұдырықтасты. Қарсыласы өзінен физикалық және тактикалық тұрғыдан басым. Бірінші раундта оның кілтін таба алмады, қалған кезеңдерде Сафиуллин бар күшін салса да, қарсыласын ала алмады. 

64 келідегі Саматәлі Толтаевты жеңілді деуге аузым бармайды. Меніңше, біздің бала соққының мықтылығынан да, жиі шабуылдау жағынан да алда болды. Алайда, төрешілердің өз айтары бар. Қазылар 3:2 есебімен жеңісті ресейлік боксшыға берді. 

91 келідегі Василий Левит пен ресейлік Садам Магомедов арасындағы жекпе-жектің тартысты өткеніне күмән жоқ. Қарсыласы агрессияға жақын болғандықтан, төрешілердің көңілінен шыққан сияқты. Басымен алға ұмтыла берді де, Левиттің бет-аузын жарақаттады. Тіпті, біздің боксшының маңдайы жарылып кетіпті. Василий қарсыласына жақсы соққы жұмсады, бірақ ресейлік спортшы Левиттің ыңғайына келмеді. Жүйкені тоздырған кездесу деп осыны айту керек шығар. Көптеген төрешілер жекпе-жекті бағалау кезінде агрессияға бой алдыратын боксшыларға оң баға беріп жатады. Ал енді бірі техникасы жоғары, таза жұдырықтасатын спортшыларды алға қояды. Бұл жерде қазылардың қызметін бағалау менің міндетім емес. 

69 келідегі Абылайхан Жүсіпов украиналық боксшымен өткен жартылай финалдық кездесуде жарақат алды. Бірінші раундтан соң қолының ауырып тұрғанын айтты. Жарысты әрі қарай жалғастырмай-ақ, тоқтатайын деп ойладым. Алайда, бір қолымен екі раунд жұдырықтасып, жеңіп кетті. Кейін дәрігерлер Жүсіповтің финалға жарамайтынын айтты. Бүгінде ол емделуде. 

56 келідегі Қайрат Ерәлиев пен +91 келідегі Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаң иелерінен ұтылды. Оларды таза жеңілді деп айтпаймын, бірақ жеңілістің аты – жеңіліс. 

Бұл біздің биылғы маусымдағы бірінші турнир. Жігіттердің әуселесін біраз байқадық. Енді Азия чемпионатына дайындаламыз, - дейді Ғалымбек Кенжебаев.