Аймақтар • 22 Ақпан, 2019

Премьер-Министрдің орынбасары Солтүстік Қазақстанда болды

378 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев  жұмыс сапармен Қызылжар өңіріне келіп, бірқатар кәсіпорынды аралады.

Премьер-Министрдің орынбасары Солтүстік Қазақстанда болды

Үкімет басшысының орынбасары  «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ-да болып,  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама аясында  атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Зауыт телемеханикалық, радиобайланыстық бөлшектер жасаумен айналысады. Бүгінде сандық эфирлік және спутниктік телевидениеге арналған құрылғылар сұранысқа ие. Осыған орай ірі компаниялармен келісімшарт жасалып, технологиялық жаңғыртуға үлкен көңіл бөлініп келеді.

Асқар Қуанышұлы ұжыммен кездесу кезінде өңір экономикасының барлық саласына цифрлық озық әдістерді енгізу қажеттігін, мұның өзі еңбек өнімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етумен қатар сапа мен жеделділікке де әсері зор екенін атап өтті.

Бұдан кейін Петропавл ауыр машина жасау зауытына аялдап, негізгі жұмыс бағыттарымен танысты. Мұнда газ-мұнай саласына арналған жабдықтар мен құрылғылар шығарылады. Жаңғырту және техникалық өзгерістер шаралары дәйектілікпен жүзеге асырылып келеді. Цифрландыру ең маңызды бағыттардың бірі саналады.  Келісімшарттар нәтижесінде  тапсырыс портфелі молайып, жұмысшы-қызметкерлердің жалақысы көбейген.

А. Жұмағалиев өнеркәсіп өнімдерінің өндірісін технологиялық жағынан  үздіксіз жаңғырту, сапаны басты назарда ұстау, үздік жобаларға қолдау жасау, жаңа цехтарды іске қосу, инвестиция тарту мәселелері бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы