Руханиятты жарнамалайтын серіктестік
Жұма, 22 маусым 2012 8:24
Бизнестің ірі нысандарының бірі – «Динар-Электромаш» ЖШС-нің басшылары Василий Хмыров пен Сергей Вишнякті бұрыннан білетінбіз. Бизнесін дөңгелетіп жүрген жігерлі жігіттердің кәсіпкерлікті жетік меңгергенімен ғана таныс екенбіз. Сөйтсек олардың біз білмейтін қырлары да бар екен. «Динар-Электромаш» ЖШС-нің «Энергия» дүкенінің қабырғасына Мөңке бидің суреті салынған тақта ілгенін, Мөңке би ауылында биге арналып ас берілгенде материалдық көмек көрсеткенін, ал қаладағы дүкендерін киіз үй үлгісінде салғанын беделді азаматтардың өтінішін орындағаннан жасаған шығар деп ойлағанбыз.
Жұма, 22 маусым 2012 8:24
Бизнестің ірі нысандарының бірі – «Динар-Электромаш» ЖШС-нің басшылары Василий Хмыров пен Сергей Вишнякті бұрыннан білетінбіз. Бизнесін дөңгелетіп жүрген жігерлі жігіттердің кәсіпкерлікті жетік меңгергенімен ғана таныс екенбіз. Сөйтсек олардың біз білмейтін қырлары да бар екен. «Динар-Электромаш» ЖШС-нің «Энергия» дүкенінің қабырғасына Мөңке бидің суреті салынған тақта ілгенін, Мөңке би ауылында биге арналып ас берілгенде материалдық көмек көрсеткенін, ал қаладағы дүкендерін киіз үй үлгісінде салғанын беделді азаматтардың өтінішін орындағаннан жасаған шығар деп ойлағанбыз.
«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген рас қой, қос азаматпен бір сағаттың төңірегінде сұхбаттасқаннан кейін олардың ішкі жан-дүниелерін, қазақ ұлтына, тілі мен салт-дәстүріне деген ықыласын ұғынғандай болдық. Ата-баба рухын қастерлеудің қаншалықты маңызды екенін әдемілеп тұрып айтып бергенде, ризашылығымызды жасырып қала алмадық.
Батырдың жиені
Қазақтар айтады ғой: «Айтақырға гүл өспейді», деп. Солайы солай! Олай болмаса, осы екі азаматтан биік парасаттың, мәдениеттіліктің, зиялылықтың үлгісін көре алар ма едік. Туып-өскен жерлерін сұрай бастағанымызда Сергей Викторович: «Мына Василий Орынбордың казагы. Батырдың жиені», – деді. Сөйтсек, Василий Хмыровтың нағашысы Василий Козенков Кеңес Одағының Батыры екен. Яғни, анасының туған ағасы. Әкесі Анатолий Иосифович Хмыров Ақтөбе облыстық «Путь к коммунизму» газетінде ұзақ жылдар жауапты хатшы болып жұмыс істеген. Ол «Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер» болатын. Анасы Зоя Георгиевна мұғалім, мектеп директоры болған. Ол да «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағының иегері.
Ал Сергей Викторовичтің бүкіл балалық шағы Мәртөк ауданының Құмсай ауылында өткен. Қалаға көшіп келгеннен кейін де ауылды аңсап, каникул сайын ауылға тартып отыратынын айтады. «Мектеп білім беріп, тәрбиеледі ғой. Бірақ ауылдың тәрбиесі бөлек дүние, бөлек әлем», – дейді ол.
Рух риза болса, табыс өзі келеді
– Біз, адамдар, қызықпыз ғой, – дейді Сергей Вишняк. – Аз жұмыс істеп, көп пайда тапқымыз келеді. Ал өмірдің өз заңы бар. Пендешілікпен көп нәрсені аңғармай қалып жатамыз. Ал ісің оңғарылуы үшін ескеретін, бірақ көзге көрінбейтін жәйттер бар. Ол – ата-баба аруағы, рухы. Сондықтан да ата-бабаны құрметтеу – өзіңді құрметтеу, халқыңды құрметтеу болып табылады.
Сіздер жаңа Мөңке биге арналған іс-шараларға неліктен аса мән бердіңіздер деп шұқшия сұрадыңыздар. Мәселе былай. Халықтан шыққан, ел қорғаған, жер қорғаған батырларымыз бар. Оларға мазар тұрғызылып, ас беріп дегендей шаруалар атқарылып жатыр. Бірақ менің түсінігімде Мөңкенің жөні бөлек. Ол қару алып, жауға қарсы шапқан жоқ. Ол – бейбітшіліктің өкілі. Билік құрып, дау-дамайды қантөгіссіз шешкен. Ол – ғұлама. Ол – ұлағаттылықтың ұстазы. Көптеген батырлар мен билердің жерленген жері белгілі. Ал Мөңкенің жерленген жері белгісіз. Сіздер білетін де шығарсыз, Мөңке би қайтыс болардың алдында: «Мені жерлеймін деп әлек болмаңдар. Мені ақ түйе мінген ақ киімді адам келіп алып кетеді», – депті туыстарына. Шынымен де солай болған. Оның сүйегін ақ түйе мінген ақ киімді молда алып кетіпті. Қазір жерленген жерін ешкім білмейді.
Сергей Викторович осылай дегенде, таңқалмасқа шарамыз қалмады. Осы аңызға ұқсас тарихты біздің өз қандастарымыз біле ме екен деген ойға қалдық іштей.
– Мөңке бір рудың емес, барша халықтың адамы ғой. Бізді осы қызықтырды. Содан Мөңке биге арнап дүкен ғимаратына мемориалдық тақта орнаттық. Басқа да биге арналған шараларға белсене қатыстық, – деді С.Вишняк тағы да.
Киіз үй – қазақтың киесі,
Жұма – қасиетті күн
Салт-дәстүрімізден, тілімізден айрылып қала жаздадық, енді сол қасиетті құндылықтарымызды қайтаруымыз керек деп жатамыз. Жиналыс сайын осылай деп шуылдаймыз. Ал ұлттық құндылықтарды бағалау, үгіт-насихат жүргізудегі Хмыров пен Вишняктің ұстанымдары мынадай. Қай жерде тудың, қай жерде өндің, ол сенің алтын бесігің, ошағың. Біз мемлекеттік тілді оқытып жатырмыз. Мемлекеттік тілді білгенің үшін ақша төлеп жатса, сыйлық беріліп жатса, құба-құп. Бұл моральдық көтермелеу болып табылады. Жақсы үрдіс. Бірақ мынадай да қағидаттар бар. Сен қазақтың ұлттық тағамдарын жақсы көресің, құрметтейсің. Бұл – патриоттықтың бір нышаны. Ал сол ұлттық тағамды жасауды үйренсең және оны ұлттық тәрбиемен қалай ұсынуды білсең, бұл патриоттықтың биік белгісі. Ал қазақтың киелі киіз үйін дәріптеу патриоттық тәрбие беру құралы болып табылады. «Мың рет қайталап айтқанша, бір рет көзге көрсеткен жақсы», – дейді бизнес өкілдері. Дүкеннің сыртқы және ішкі келбетін киіз үй пішіндес етіп салу идеясы осындай патриоттық тәрбие беру мәселесінен туындапты.
Қазақтар жұма күнін қасиетті күн деп есептейді. Осы күні аруақтарға арнап құран бағыштайды. Жеті нан пісіріп, иіс шығарады. Осы дәстүр «Динар-Электромаш» ЖШС-інде де қалыптасқан. Жұма сайын дүкен ауласында кәдімгі самаурын қайнап, ас асылады. Кез келген адам келіп, тегін тамақ іше алады.
– Бізге жұма күні тек жағдайы ауыр адамдар ғана емес, ауқатты азаматтар да келеді, – дейді Василий Анатольевич. – Қызық көріп келеді, отырады, шай ішеді. Мұны көрген сол ауқатты адамдар осындай игі істі жалғастыратыны анық. Біз өзіміздің ұжым мүшелері үшін мешіттерден имамдар шақыруды дәстүрге айналдырдық. Аягөз деген найб-имам үнемі келіп, бізге екі тілде дәріс оқиды. Дін ізгілікке, имандылыққа шақырады.
Айтпақшы, киіз үй құрылысын салудың қызығы бар. Дүкен киіз үй үлгісінде болса деген сызба жобасын жобалаушы мекемелердегі басшылар түсіне қоймайды. Мейрамхана, қонақ үй емес, өндірістік ұйымға киіз үйдің қатысы қанша деп қарсылық білдіріпті. Қаланың сәулетшісіне дейін барады. Ондағылар да мақұлдай қоймайды. Содан сол кездегі қала басшысы, қазіргі облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке барады. Сонда Архимед Бегежанұлы: «Хмыров пен Вишняк жобаласа, ізгілікті, пайдалы іс болады деп ойлаймын. Сондықтан мақұлдауларыңды сұраймын», – депті. Кейін жоба іске асып, киіз үй пішінді құрылыс аяқталғанда келіп көрген сәулетшілер мен жобалаушылар «Міне, керемет!» депті.
Хмыров пен Вишняк бізге ұжымда өткен мерекелік шаралар, Наурыз тойын тойлағандары туралы бейнежазбаларды көрсетті. Ән салып, «Қамажай» биін билегендер, басқа да өнер түрлерін көрсетіп жатқандар құдды бір кәсіби әртістер секілді. Ақшалары болғасын әртістерді жалдап алған ғой деген ой қылаң берді санамызда. Алайда, мүлде олай емес екен. Серіктестікте еңбек ететін өз адамдары болып шықты.
Жүзден астам ұлтпен ұлыс мекендейтін еліміздегі татулық пен бірліктің қазақстандық үлгісін осы ұжымнан көріп, көңіліміз марқайып қалды. «Тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір» дегенді осындайда айтса керек. Біз кәсіпкер жігіттердің бұл іс-әрекеттерінен «біз – қазақстандықпыз!» деген мақтаныш сезімін айқын аңғардық.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»,
Бердібай КЕМАЛ, журналист.
Ақтөбе облысы.