Кәсіподақтар – азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі
Сенбі, 21 шілде 2012 7:40
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы көптеген сауалдарға жауап іздеттіруде. Соның бірі бізге де тікелей қатысты дер едім. Өйткені, бүгінгі күні қоғамда мынадай сұрақтар жиі туындайды: кәсіптік одақтар немен айналысады, кәсіпорындарда еңбек дауларын шешудегі олардың рөлі қандай, жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде олардың функциялары қандай, кәсіпорындарда жұмысты ұйымдастыруда олар жұмыс берушілердің құралы болып табыла ма, еңбекті қорғау және қауіпсіздік шаралары оларға тәуелді ме, мемлекеттік органдармен өзара қатынастары қандай? Осы сұрақтардың барлығын бір пікірге біріктіруге болады – Қазақстан кәсіподақтары қазіргі заманғы азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі ме немесе тарихи күні біткен саяси жүйенің қалдығы болып табыла ма?
Сенбі, 21 шілде 2012 7:40
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы көптеген сауалдарға жауап іздеттіруде. Соның бірі бізге де тікелей қатысты дер едім. Өйткені, бүгінгі күні қоғамда мынадай сұрақтар жиі туындайды: кәсіптік одақтар немен айналысады, кәсіпорындарда еңбек дауларын шешудегі олардың рөлі қандай, жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде олардың функциялары қандай, кәсіпорындарда жұмысты ұйымдастыруда олар жұмыс берушілердің құралы болып табыла ма, еңбекті қорғау және қауіпсіздік шаралары оларға тәуелді ме, мемлекеттік органдармен өзара қатынастары қандай? Осы сұрақтардың барлығын бір пікірге біріктіруге болады – Қазақстан кәсіподақтары қазіргі заманғы азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі ме немесе тарихи күні біткен саяси жүйенің қалдығы болып табыла ма?
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ретінде маған және менің әріптестеріме осы сұрақтарға жиі жауап беруге тура келеді. Қазақстандық кәсіподақтардың біздің қоғамдағы рөлі мен мағынасы неде екендігін жақсы білетін адамдарды жиі кездестіру мүмкін емес екендігін мойындау қажет. Көпшілік үшін кәсіподақ ұйымдары әлі күнге дейін өзіне және отбасы мүшелері үшін шипажайлар мен демалыс үйлеріне, лагерьлерге жолдама алуға мүмкін болатын көз ретінде қалып отыр. Мұндағы парадокс келесіде. Дәл осы адамдар кәсіпорындарда қандайда бір даулы жағдайларды, мемлекет деңгейінде көтерілетін әлеуметтік мәселелерді шешкен кезде кәсіподақтар белсенді ұстанымды ұстанғанын талап етеді. Бір жағынан кәсіподақтарға кеңестік дәуірдегідей қарайды, екінші жағынан қазіргі заманның талаптарына сәйкес болу керек, бұл ретте өз құқықтарымызды өзіміздің белсенділігімізбен қорғау керек екендігі ұмытылып қала береді.
Осы негізде, кәсіподақ ұйымының бүгінгі таңдағы мәні мен рөлі неде екендігін талқылап көрейік. Бүкіл әлемде кәсіподақтар функциясы бірдей: өз құқықтары мен экономикалық мүдделері үшін күресте еңбекшілерді біріктіру, оларды жұмыс берушілердің озбырлығынан қорғау, жалдамалы еңбек адамдарының мұқтаждықтарына жауап беретін әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізу мақсатында мемлекетке ықпал ету. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізген сәттен бастап біздің түсінгеніміз: еліміздің жаңа қоғамдық-мемлекеттік құрылымында кеңестен кейінгі, дәстүрлі кәсіподақтар еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша өздерінің міндеттері мен функцияларын қайта қараулары тиіс.
Қазақстандық кәсіподақтарға бұрында ешбір қызметкер жүріп көрмеген жолды өту қажет болатын. Біздер жаңа «жұмыс беруші» және «жұмыскер» деген ұғымдары бар еңбек қатынастарының мейлінше жаңа жүйесін құрастыру бойынша нарықтың барлық «жарқын жақтарын» өзі көрген кәсіподақ қызметкерлерінің бірінші ұрпағымыз. Бір кездері қуатты, бірыңғай барлық мүлік мемлекеттік меншік кезіндегі баршаны қамтыған кәсіподақ жүйесі болған Кеңес Одағы ыдырады. Революциялық және эволюциялық қайта түрлену уақыттарының талабынан өту керек болды. Бұл жаңа ізденістер уақыты ғана емес, жаңа кәсіподақтар, жаңа Федерация құру уақыты болды, ол қарама-қайшы еңбек және капитал жағдайларында жұмыскерді әлеуметтік қорғаушы ретінде өзінің заңды орнын нақтылады десек артық айтқандық емес. Осы көпжылдық тайғақ жолдан өткен кәсіподақ қызметкерлерінің жүздеген аттарын, лауазымдарын тізіп айта беруге болады.
Бүгінгі жетістіктерімізге біз күреспен жеттік. Негізінен біздің елімізде кәсіптік одақтардың жаңа жүйесі құрылды, ойлау қабілеті жаңа, жұмыс беруші мен жұмыскердің өзара қатынастарына көзқарасы жаңа жүздеген кәсіподақ көшбасшылары тәрбиеленді және өсті. Жалпы, осы үдеріс оңай болған жоқ. Сәтсіздіктер де, қателіктер де, ойластырылмаған шешімдер де, өзара реформалар барысы бойынша түсініспеушіліктер де болды. Алайда, осының барлығын біздер жеңуге күш-жігерімізді салдық, соның нәтижесінде, бүгінгі таңда азаматтық қоғамның кемелді, қажетті және жауапты бөлігі болып қалыптастық.
Мен Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен кезінде, уақыт алдымызға қойған барлық әлеуметтік және саяси міндеттерді тұтастай алғанда орындай алды деп есептеймін. Біз 20 жылдық жолды лайықты өттік және өз міндеттерімізді орындауды өзіміздің азаматтық борышымыз деп санадық. Мұның барлығын елдегі қазіргі әлеуметтік ахуал да, қазақстандық қоғамдағы біздің ұйымымыздың іс жүзіндегі беделі де растайды.
Адам құқықтарын құрметтеу, қанағаттанарлық өмір сүру жағдайларын және қолайлы еңбек шарттарын қамтамасыз ету, еңбекпен қамтылу мүмкіндіктерін жақсарту, экономикалық тұрақтылықты арттыру – мұнын барлығы ҚР КФ барлық еңбекшілер үшін қамтамасыз етуге ұмтылатын әлеуметтік әділдіктің негізгі элементтері болып табылады.
Кәсіподақтардың басты ұраны «Еңбек адамына – лайықты өмір!». Кәсіподақтар федерациясының қызметінде ең төмен және іс жүзіндегі еңбекақы мөлшерлерін арттыру, оның уақтылы төленуі, еңбекақы төлеудегі кемсітулерге жол бермеу мәселелері, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу жүйелерін жетілдіру басым болып қалуда. Кәсіподақтар еңбек заңнамасының барлық нормаларының, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің қатынастарын регламенттейтін ұжымдық шарттардың бұлжытпай орындалуын қадағалауға міндетті.
Кәсіпорындар ұйымдастырушылық-құқықтық нысандарына және меншік нысандарына қарамастан, жұмыскерлерге тиесілі төлемдердің уақтылы төленуін қамтамасыз етуге, төлем мерзімі бұзылғаны үшін өзіне жауапкершілік алуға міндетті. Олай болмаған жағдайда жұмыс беруші мен меншік иесінің жауапкершілігін күшейту бойынша заңды шаралар қолдану кәсіподақтардың құзыретіне жатады.
Кәсіподақтар федерациясы мүше ұйымдармен бірлесіп, «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасын іске асыруға белсене қатысуда, халықтың толық және жемісті еңбекпен қамтылуына ықпал етуде. Осы жұмыста назар жастарға, әйелдерге, халықтың әлеуметтік қорғалмаған қатарына, зейнеткерлік жасқа жақындаған адамдарға аударылуда. Сондай-ақ жұмыскерлерді заңсыз жұмыстан босатулардан және жұмыс берушілердің кәсіпорында еңбек құқығының нормаларын бұзуынан қорғау да кәсіподақтардың назарында болуы тиіс. Бұдан басқа, ұлттық табыс құрылымындағы еңбекақы үлесін арттыру мәселелері де жиі көтерілетін проблемаларға жатады.
Жалпы алғанда, кәсіподақтардың басты функциясы – еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін бірінші кезекте мүше ұйымдары арқылы кәсіпорындар деңгейінде де, жалпы, қоғамда да қорғау. Кейбір ағайындар біздерді адамдарды көшелерге шығармайсыңдар, біздің талаптар туралы әрбір тиісті орындарға хабарламайсыңдар деп кінәлайтынына назар аудару керек. Мұндай біржақты қадамдар біздер әлеуметтік үнқатысу шеңберінде қол жеткізген оң нәтижелерге әкелер ме еді, тікелей тартыстар неғұрлым мәнді жетістікке жеткізер ме еді деген сұрақтар туғызады.
Менің және көпшілік кәсіподақ көшбасшыларының ұстанымы – жоқ олай болмауы керек. Жалпы алғанда, кәсіподақтардың ұлттық наразылығы Қазақстанның қазіргі жағдайларында тиімді емес. Біз оларды тарихымызда ең қиын-қыстау 90-шы жылдардағы құлдырау мен дағдарыс кезінде де пайдаланған жоқпыз, өйткені, бұл біздің еліміздің сол кездегі мемлекеттік тұрақтылығына зиянын тигізетінін түсіне білдік.
Күшпен шешілетін талаптар мен ұрандар бүгінгі күні де өзекті емес. Егер айтқан әңгіме мен істеген істің сәйкестігі туралы қозғалса, даулы мәселелердің барлығын бейбіт келісім жолы арқылы шешуіміз керек. Қазір велосипед ойлап шығарудың қажеті жоқ. Біздерге, кәсіподақ қызметкерлеріне әрқашан мынадай ұстанымдар жақын: «Еңбек адамына – лайықты өмір», «Еңбекшілердің құқықтары үшін, әлеуметтік әділдік үшін, әлеуметтік прогресс үшін», «Адамша өмір сүру мүмкіндігі үшін», «Жұмыс беруші мен жұмыскер түсіністігі жолында және тағы басқалар. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы 26 салалық кәсіптік одақты, 15 аумақтық (облыстық және Астана қаласындағы) кәсіподақ бірлестігін, оларда өз еркі бойынша біріккен 2 миллион 139 мың 683 мүшенің басын қосатын ел еңбекшілерінің неғұрлым өкілді қоғамдық ұйымы болып табылады. Кәсіподақтардың өз гимні, туы, гербі, кәсіподақ қызметкерінің этикасы, жыл сайын аталып өтетін мерекесі – Қазақстан кәсіподақтарының күні бар.
Қазақстандық кәсіподақ қозғалысының алдында тұрған барлық міндеттер Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының 2010-2015 жылдарға арналған стратегиясында өзінің көрінісін тапты. Біздің басты стратегиялық әрекеттеріміз бірінші кезекте еңбекақы төлеу саласындағы кәсіподақ саясатына негізделген. Кәсіподақтар өзінің табиғаты бойынша және қойылған талаптарға сәйкес лайықты еңбек және оның лайықты бағалануын қадағалап, жұмыскерлер мен олардың отбасыларының әл-ауқатының артуын тұрақты қамтамасыз етуге міндетті. Біздің мақсатымыз – экономиканың орнықты дамуына бағытталған кешенді де кең ауқымды әлеуметтік-экономикалық саясат қалыптастыру, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрақты еңбекпен қамтылу, Ұлттық өмір сүру стандартын енгізу есебінен Қазақстан азаматтары табыстарының артуына, кедейлік ауқымының қысқаруына тұрақты қол жеткізу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтардың өмірін сапалы жақсарту үшін жаңа тиісті тәсілдер қажет. Осы ахуалды ескере отырып, кәсіподақтар бірқатар заңнамалық актілерді әзірлеуді және қабылдауды талап етуде. Бұл тұтыну бюджетінің және ең төмен еңбекақы нормаларын реттейтін «Ең төмен тұтыну бюджеті туралы», «Ең төмен еңбекақы туралы» заңдарға қатысты. Біз жақын жылдары ішкі жалпы өнімдегі еңбекақы үлесін 5-6%-ға көтеруге және өнімнің өзіндік құнындағы еңбекақы үлесін арттыру арқылы еңбек пен капитал арасындағы қайшылықтарды нақтылы жұмсартуға атсалыспақпыз.
Кәсіподақтар федерациясы Стратегиясының шеңберінде оның мүше ұйымдары Ұлттық өмір сүру стандарты бойынша ұсыныстарды 2007 жылы әзірлеп, Парламентке, Үкіметке, «Нұр Отан» ХДП-ға жолдаған болатын. Олар ең төмен өмір сүру деңгейі (тұтыну кәрзеңкесі), еңбекақы төлеу (ең төмен еңбекақы), денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдениет, еңбекпен қамтылуды қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау сияқты әлеуметтік қатынастардың негізгі салаларын қамтиды. Біраз шаралар қабылданды, іс алға жылжи бастады. Парламенттің жаңа шақырылымының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің депутаттары кәсіподақтардың қатысуымен жұмыс тобын құрды және біздің ұсыныстарымызды қарауға кірісті, нәтижелі қорытындыға үміттенетін боламыз.
Кәсіподақтардың тағы бір төл міндеті – еңбек құқығы саласындағы заң шығару жұмысына тікелей қатысу. «Еңбек» кәсіподақтық депутаттар тобының тікелей қатысуы кезінде 2007 жылы күшіне енген Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің қабылдануы біздің еңбек заңнамамызды еңбек саласында жалпы танылған халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік берді. Оның құрылымы мен мазмұны елде еңбек қатынастарын құру мен реттеудің өркениетті тәртібін қамтамасыз етеді, ол халықаралық практикаға толықтай дерлік жауап береді, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер мүдделерінің теңгерімін сақтауға мүмкіндік туғызады. Кодекс кәсіподақтарға қажетті өкілеттіктер мен кепілдерді ұсынды және олардың функцияларын жүзеге асыру үшін құқықтық алаң құрады. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші ұжымдық шарт бойынша ұйымда әрекет ететін кәсіптік одақтың қызметіне жағдай жасайды.
Еңбек кодексінде, сондай-ақ еңбек қатынастарын реформалау көзделеді. Ол еңбек рыногының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, демократиялық және рыноктық түрлендірулерге жауап беретін және біздің елімізде бүгінгі күні туындап отырған халықаралық үрдістерге жауап беруге, БСҰ, Біртұтас экономикалық кеңістіктің тең құқылы мүшесі болуға мүмкіндік беретін экономикалық орындылықтың жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғаумен үйлесімді болуына бағытталған.
Кәсіподақтар федерациясына Конституцияда, халықаралық шарттарда кепілдік берілген азаматтардың барлық құқықтары мен бостандықтарын, еңбек еркіндігін, қауіпсіз еңбек шарттарына, еңбек үшін тиісті төлемді қамтамасыз етуді Еңбек кодексіне енгізуге барлық мүмкіншілігін пайдаланды. Заң бойынша төлем құқығын қамтамасыз ету мақсатында еңбекақы көлемі заңнамалы бекітіледі, оның шамасы жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, мөлшері мен сапасына қарай ажыратылып белгіленеді.
Кәсіподақтардың белсенді әрекеттерінің арқасында әрбір жұмыскерге оның үлесіне сәйкес лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету мәселесі еңбекақы жүйесіндегі 75 пайыздан кем емес тарифтік бөлікті бір мезгілдік ынталандыру төлемдерін ескерусіз қамтамасыз ету жолымен өз шешімін тапты. Жұмыс істейтін адам кедей болмауы тиіс! Бұдан басқа, Кодекске «Ең төмен еңбекақы төлеу стандарты (ЕЕТС)» ұғымы енгізілді, ол ауыр жұмыстарға, зиянды (аса зиянды) және қауіпті еңбек шарттарындағы жұмыстарға тартылған жұмыскерлердің көтермелі еңбекақысының нормасын көздейді. Еңбек кодексінде, сонымен қатар, әлеуметтік серіктестікке, ұжымдық шарттар мен келісімдердің рөлін күшейтуге ерекше назар аударылған.
Еңбек кодексі нормаларының шамамен 80%-ы жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы келіссөздер арқылы реттелетінін атап өту қажет. Осы талапты жұмыс беруші тарапынан елемеу кәсіпорындардағы даулы жағдайларға жиі әкеледі, жұмыскерлерді заңсыз әрекеттерге және наразылық акцияларына итермелейді. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін, сондай-ақ, трипартизм институтын барлық деңгейлерде жетілдіру және оларға жедел ден қою үшін мақсатты бағытталған жұмыс қажет.
Біз жұмыскер болсын, зейнеткер, студент және т.б. болсын, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын бағалаудың шешуші элементтерінің бірі ретінде ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын айқындау әдістемесін жетілдіру мәселесі бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз. Осы тақырыпқа ұлттық және халықаралық сарапшылармен дөңгелек үстелдер, жұмыс кездесулері өткізілді, ұсынымдар әзірленді. Таяу арада Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) өкілдері әлеуметтік серіктестерін өзінің осы жылғы есебімен таныстырады. Алайда, біз Үкіметпен осы бағытта нақты қадамдарға қол жеткізе алмағанымызды атап өту қажет. Бірақ, қазіргі заманғы қалыптасқан экономикалық, қаржы жағдайларын ескере отырып, заңнамалық деңгейде бекітілген қандайда бір үлгі-қалып қажет екендігін мойындауға тиістіміз.
Кәсіподақтар Федерациясы қазақстандық трипартизм жүйесінде толыққанды әлеуметтік серіктес болғанын атап өтуге болады. 2011 жылғы 29 желтоқсанда құқықтық акт күші бар Бас келісімге кезекті қол қою жүзеге асты. Сондай-ақ, келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Бас келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бір уақытта әзірленді. Осы жоспар Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын, Индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасын іске асыруға бағытталған.
Бастауыш ұйымдар деңгейінде елде 17 409 ұжымдық шарт қабылданған, бұл кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындар мен мекемелердің 95,4 пайызын құрайды. Олар да құқықтық акт болып табылады, оның шарттарының орындалуы үшін жұмыс беруші де, кәсіподақ та жауап береді.
Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы бүгінгі күні жүзеге асырып жатқан жұмыстың үлкені – бұл қоғамды нақты әлеуметтік түрлендірулер. Соңғы жылдардағы кәсіподақтар қызметіне қоғамдық қызығушылық, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің саны артқаны осыны аңғартады. Және де біздің қоғамда беделге ие болғанымызды, әлеуметтік үнқатысудың ажырамас бөлігіне айналғанымызды көрсетеді. Алайда, әрине, барлық проблемалар шешілді деп айтуға әлі ерте. Жұмысқа формальді көзқарас орын алатын тұстар, жұмыскерлерінің құқықтарын қорғау ісіндегі өзінің рөлін толық деңгейде түсінбеушілік, барлық деңгейлердегі кәсіподақ ұйымдары басшыларының, соның ішінде, бастауыш ұйымдары төрағаларының тарапынан әрекетсіздік фактілері бар екенін жасыра алмаймыз. Және де, егер ашық айтатын болсақ, жеке салалық және өңірлік кәсіподақтар арасында да келісілмеген әрекеттер орын алады, бұл біздің ортақ күш-жігерімізді біріктіруге кедергісін тигізеді.
Мынадай да пікір айтқым келеді. Қазақстан кәсіподақтарының көптеген көшбасшылары өз жұмысын кеңестік дәуірде бастаған. Мен сол кәсіподақ көшбасшылары мемлекет пен қоғамда болып жатқан жаһандық өзгерістерді түсінбейді деп айта алмаймын. Олардың көпшілігі нарықтық жағдайдағы кәсіподақ қозғалысының мектебінен өтті. Еңбек адамының тамаша өкілдері бола білді. Алайда, бірқатар жағдайларда жүріп жатқан үдерістерге немқұрайлы көзқарас кәсіподақ бірлестіктерінің жұмысын жергілікті жерлерде де, жалпы, Федерация деңгейінде де тежейтінін атап айтуға тура келеді. Әрине, мұндай жағдайды өзгеру үшін, соған бағытталған қажетті шаралар да белгіленген. Дегенмен, біз еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жаңа деңгейге шығаратын кәсіподақ көшбасшыларының жаңа ұрпағын дайындап, оларды қалыптастыру мәселелеріне көңіл аударуымыз керек екенін түсінеміз.
Қорытындылай келе айтқанда, біз қазіргі заманғы қазақстандық қоғамда, нарықтық экономикада, заманауи саяси шындықтарда, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы өзара қатынастарда, сондай-ақ мемлекеттік деңгейдегі трипартизм жүйесінде кәсіподақтар қандай рөлге ие деген сұраққа қайта ораламыз? Бұл сұраққа мәнді бір жауап табу, әрине, қиын. Әлі де көптеген проблемалар, ауқымды жұмыс «тырнақшада» қалып отыр. Және де бұл жағдайларда барлық кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділеріне бүгінгі күн туралы да, қазақстандық кәсіподақ қозғалысының болашағы туралы да, біздің еліміздің болашағы туралы да ойлану қажет болады және ол – ортақ азаматтық борыш.
Әлемдік жұмысшылар қозғалысы да күрделі уақыт сынынан өтуде. Қаржы-экономикалық дағдарыс, кең ауқымды жаһандану үдерістері, жұмыс орындарының жаппай қысқаруы, кәсіподақтар құқықтарына араласу еңбекшілердің көптеген наразылықтары мен ереуілдерін туындатып отыр. Мұндай құбылыстарды болдырмау үшін елімізде серіктестік қатынастардың барлық тараптарына: мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілер бірлестіктеріне және кәсіподақтарға жаңа әлемдік құрылыс алға қоятын барлық мәселелерді шешуде неғұрлым жауаптылықпен қарау міндеті ең өзекті мәселе екенін естен шығармауымыз қажет.
Сиязбек МҰҚАШЕВ,
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.