Демек, Шоң Торайғырдың ұрпағы Сұлтанмахмұттың жырлаған туы – осы Ту! Мемлекеттің тәуелсіздігін айғақтайтын алғашқы нышан – Ту. Енді, осынау ұлан-ғайыр атырапты мекен етіп келе жатқан мыңжылдықтардың мұрагері қазақ тарихындағы тулардың түсі мен таңбасы, тарихы жайлы айта кетсек.
Ұлы далада халықтарында «сүлде» (сулдэ) – рух жебеушісі саналған. Ол – Еке Моғұл Ұлысы, яғни Ұлы Моғұл мемлекетінің теңдессіз қағаны, қазақ хандарының түп атасы Шыңғыс ханның жебесі, туы, ғибадат ететін киелі байрағы болды. Моңғолша «сүлде» (рух деген мағына береді) және «туг» сөздері синоним. Біздіңше, Ту. Сұлұддин, тоғыз баулы ту, шашақты найза, рух культі.
Жалпы, Ту, байрақ, жалаудың ара-жігін ажырата білген жөн. Тарихшы Жамбыл Артықбаев «Төрелер шежіресі» кітабында «Ту дегеніңіз, көбінесе үлкен матадан жасалып не найзаның басына, не арнайы бақанға байланған рәміз. Тудың желегіне араб жазуымен жазылған Құран сөздері болады, бірақ сурет салына қоймайды. Оның есесіне жауынгерлік байрақтар әртүрлі болады. Байрақтарда қасиетті аңдар мен құстардың алтыннан жасалған мүсіндері, жылқының құйрығы сияқты заттар т.б. кездеседі. Мемлекеттің туы есебінде сол кезеңде жоғары билікке ие болып, тақта отырған әулеттің туы қызмет жасайды» дейді. Ал жалау дегеніміз найзаға немесе дулығаға тағылатын жаугершілік белгі болған. Ол әскердің, қосынның айырым-белгісі болса керек. «Жалаулы найза қолға алып, қоңыр салқын төске алып» (Ақтамберді) деген жыраулар поэзиясы осы сөзді айқын таңбалайды. Ал тарихшы ғалым Арман Қият болса «Шыңғыс хан заманына қатысты «Кер айғырдың кекілінен, кесіп алған байрағың» деген өлең жолы тудың жылқының қылынан тоқылатынын білдіреді. Кейде ескі жазуларда оны «Тук» деп атауы, яғни түктен жасалатынын меңзесе, «Жалау» жылқының жалын айтып тұрғандай» деп жазады. А.Қияттың осы деректер келтірілген «Қазақ сұлтандары» деген толымды еңбегінде төре тұқымдарының геральдикасына қатысты тегіс бір тарау арналған. Онда «ХІХ ғасырдың аяғында Құрбанғали Халид қазақ сұлтандарының тулары жайлы мәлімет береді. Оның дерегі бойынша, төрелердің арғы атасы Орыс хан қызыл ту ұстаған. Орыс ханның қызыл туы әз Жәнібектің Жәдік деген ұлынан туған немересі Шығай ханның қолына өтіп, сосын ұлы Есім ханның қолынан әрі Жәңгір хан, әз Тәуке хан, Полат хан, Әбілмәмбет хан, Әбілпейіздерге өтеді. Ал Шығайдың үлкен ұлы Ұзын Оқты Ондан сұлтан қызыл ту астынан шығып, ақ ту көтеріп, оның ұрпақтары «ақ тулы төрелер» атанды. Әз Тәукенің ұлы Полат хан Уәлидің ұлы Абылайға көк ту беріп бөлек шығарған. Абылайдың немере бауырлары Сұлтанбет пен Жолбарыс сұлтандар да оған ілесіп «көк тулы төрелер» аталған. Автор кейбіреулерден олардың туы көк емес жасыл болғандығын естігенімен көк туға жығылған. Ұлы жүзде Кенесары ханды жақтап, артынша қырғызбен соғысар шайқаста бөлініп кеткен Рүстем сұлтан «шұбар тулы» болыпты» деп бірнеше тарихшыларға сілтеме жасай отырып нақты жазады.
Ғалым А.Янушкевич: «Енді білдім, Құсбектің балгері бар екен. Ол Құсбектің келешегін жорып отырады екен. Құсбектің туы – ақ, Барақтың туы – қызыл. Кенесарының туы – жасыл. Кешке қарай жел басылды» деп қазақ төрелерінің туларына қатысты өзі білген мәліметтерді беріп кетіпті. Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы болса түрлі ақпарат құралдарында Алаш автономиясының мемлекеттік байрағы ретінде шынайы тұрақталмаған, дәлелденбеген бірнеше тудың суреттері жарияланып жүргендігін айтады. Ол бір деректерде жасыл делінсе, бір деректерде қызыл. Қайткен күнде де Алаш туында азаттықтың айбарлы көрінісі болғаны анық.
Қазіргі Туымыздың түсі көк. Оның шығу тарихы туралы Мұхтар Мағауиннің айтқаны бар. «Комиссия мүшелері әр тарапқа тартты. Шерхан Мұртаза бөрінің суретін салып әкелді. Ақселеу Сейдімбек басқа таңба ұсынды. Шота Уәлиханов Айдың суреті бейнеленгенін қалаған. Кейін барып қазіргі нұсқаны қабылдатты. Ал мен алдымен тудың түсіне келісіп алуды ұсындым. Жартылай қызыл, жартылай көк болғанын талап еттім. Содан кейін оның бетіндегі таңба төре таңбасы болуы керек деген ұсыныс айттым. Ол таңба төре руының таңбасы емес, ол бас таңба дегенді білдіреді. Бүкіл қазақ хандарының таңбасы, ол Шыңғыс ханнан бастап, Абылайға дейінгі таңба еді. Бірақ оған ешкімді көндіре алмадым. Негізінен дамыған мемлекеттердің туы қарапайым болады» деді.
Не десек те ширек ғасырдан астам азаттықтың ақ таңымен қоса желбіреп, егемен еңсемізді осы Туға қарап тіктеп келеміз. Көк түс – көп мағыналы бояу. Оның да түпкі мәні ежелгi түркітектес халықтардың «көк» сөзін қатты қадір тұтқанын аңғартып тұр. Онда бейнеленген алтын Күн де бағзы бабалардан қалған ырым-нышан. Күнге табыну көк Тәңірден жеткен белгі саналады. Оны кереге қанатымен көтеріп ұшқан қыран бүркіт – яғни бөрі құт та біздің көк бөріден тараған текті ұрпақ екенімізді айғақтай түседі. Арқар мүйіз ою-өрнек өз алдына үлкен мағына үстейді. Қошқар мүйіз, арқар мүйіз ол нақыш та қазақ хандарының арқар ұранды болғанын аңғартып тұрғандай. Туда тұтастық идеясы бар. Бір тудың астына жиналу бірлікті, тұтастықты, тұрақтылықты қалыптастырады.
Осы жерде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды» деген сөзі еске түседі. Шынымен де біздің тұтастығымыз румен емес, тумен өлшенуі керек қой!..
Жаратқан, әманда туымыздың тұғырын биік, шығырын берік қылғай демекшіміз!..
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»