Іскер әйелдер бейресми жағдайда өңір басшысына өздерінің жұмыстары жайында айтып, көкейкесті проблемаларын талқылады, сонымен қатар, мемлекеттік қолдау үшін алғыс айтты.
Өз кезегінде облыс әкімі әйелдердің шағын және орта бизнесті дамытудағы рөлін атап өтті. Нәзік жандылар басқаратын кәсіпорындар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде жұмыс жасап жатқан ұйымдардың жалпы санының үштен бірін дерлік қыз-келіншектер басқарып отыр.
«Бизнеске ең үлкен көмек – бұл оның дамуына кедергі келтірмеу. Мен кәсіпкерлердің алдынан шығатын проблемаларды өте жақсы түсінемін. Әрине, биліктің араласуы қажет салалардың да бары сөзсіз. Бұл тұрғыда біздің қолдауымызға сеніңіз»,- деді ол.
Ақтөбелік әйелдер бүгінде жалпы өңірлік өнімнің 40%-ға жуығын құрайды. Олар шағын және орта бизнестің 23 мыңнан аса субъектісіне басшылық етеді. Кәсіпкерлікті қолдау – атқарушы органдардың жұмысында бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Оңдасын Оразалин әйелдер қашанда бизнестің нағыз адал өкілі болғанын және солай болып қала беретінін, салықты әрқашан уақытында төлейтіндерін атап өтті.
Бұдан басқа, кездесуге қатысқандар сөз алып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Осылайша, Дәметкен Жолмағамбетова қағаз қалталар шығаратын цех ашқан. Өндірісте мүмкіндігі шектеулі жұмысшылар еңбек етеді.
Ол: «Мен бір кездері қайғылы жағдайды бастан кешіріп - көру қабілетімді нашарлатып алдым. Қазіргі таңда біздің цехтағы жұмысшылардың үштен екісі мен сияқты азаматтар. Біз өзіміздің өнімімізбен және жетістіктерімізбен мақтанамыз»,- деп бөлісті.
Тағы бір табысты кәсіпкер келіншек Сәуле Дәулеталина. Ақтөбелік қыз өңірдегі 200-ден аса баланы балабақшамен қамтып, жеті мектепке дейінгі мекеме ашқан, сонымен қатар, аудандардағы әлеуметтік жобалармен айналысады.
Кездесудің шарықтау шегінде өткен жылы көзге түскен кәсіпкер қыз-келіншектер марапатталды. «Жылдың үздік тәлімгері», «Үздік ауыл жобасы», «Үздік бизнес-тренер», «Ең креативті жоба», «Жылдың ең батыл бизнес ледиі» және т.б. атаулармен облыстың 23 тұрғыны марапатталды.
Сонымен қатар бұл күні О.Оразалин өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген ақтөбелік қыздармен де кездесті. Үкіметтік емес ұйымдардың нәзік жанды өкілдері, түрлі сала ардагерлері, блогерлер, медиаторлар «шай» үстінде әңгімелесуге шақырылды. Әйелдер облыс әкімімен бірге өзекті тақырыптарды талқылады. Көпбалалы аналарға көмек көрсету, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың әрі қарайғы ынтымақтастығы, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мәселелері қозғалды.
«Маған қоғам пікірін уақытында естіген маңызды. Соған жедел әрекет еткен маңызды. Біздің мақсатымыз ортақ. Серіктестігіміз жемісті боларына сенімдімін. Біздің кездесуіміз Халықаралық әйелдер күні өтіп жатқаны бекер емес, гүлдене беріңіздер»,- деп өңір басшысы жиналғандарды құттықтады.