07 Наурыз, 2019

ШҚО Глубокое ауданында 7 көпір салынады

1174 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр көктемде облыстың бірнеше аудандарымен қатар Глубокое ауданының да бірнеше ауылын су басқан еді. «Сақтансаң сақтайды» қағидасын ұстанған аудан әкімдігі тасқынның алдын алу жұмыстарына былтырдан бастап қамданғандықтарын айтады.

ШҚО Глубокое ауданында 7 көпір салынады

«Өткен жылғы жағдайды ескере отырып, біз тасқынның алдын алу шараларын мерзімінен бұрын жүргіздік. Арықтарды тазалау, өзендердің жағаларын бекіту жұмыстарына күзден бастап кірістік. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, қазіргі уақытта аудандық бюджеттен 90 миллион теңгеден астам қаржыны көктемгі тасқынға қарастырып отырмыз», - дейді Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жақында өңірдегі 70 ауылға тасқын қаупі бар екенін хабарлаған еді. Соның 9-ы Глубокое ауданында орналасқан. Қазіргі уақытта аудан әкімі өзі бас болып, әрбір ауылды аралап, тұрғындармен кездесіп, төтенше жағдай орын алған жағдайда не істеу керектігін түсіндіруде. Бұдан бөлек Белоусовка ауылындағы Глубочанка өзені үстіндегі көпір астына 5 су өткізу құбыры қойылып жатса, Прогресс ауылында аталған өзен жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кожохова ауылдық округінің әкімі Ерлан Райымханов бұл мақсатқа 200 тоннадан астам инертті материалды жеткізілгенін, жұмыс күні-түні жүріп жатқанын айтады. Ал Краснояр ауылдық округінің әкімі Олег Егоров былтыр Сметанинаауылындағы екі көшені су басқанын, жағдай қайталанбас үшін былтыр күзде өзен жағалауындағы артық ағаштарды кесу, өзенді тереңдету жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Өткен жылы ауылдарын су алған тұрғындардың көңілі биыл біршама жайлана түскендей. «Өткен жылы ауылымызды су басқан еді. Күзде ауыл іргесінде көлемі 400 метрден асатын жаңа арық қазылды. Сондықтан биыл былтырғы жағдай қайталанбайды деп сенеміз. Аудан әкімдігі тасқынның алдын алу жұмыстарына жақсы көңіл бөліп жатыр. Хабарласып, хал-жағдайымызды біліп тұрады», - дейді Предгорное ауылының тұрғыны Марат Қожахметов.

Қазіргі уақытта ауданның әр ауылдық округінде төтенше жағдайға дайындық штабы құрылып, әр ауылдың жанына тасқын кезінде қажет материалдар төгіліпті.

Ерекше атап өтерлігі, биыл аудан әкімдігі төтенше жағдай кезінде тұрғындарды бір жағалаудан бір жағалауға өткізуге мүмкіндік беретін мобильді, көпфункциялы жылжымалы көпір әзірлепті. «Темірден жасалған көпір өзен үстіндегі көпірлер бұзылып, тұрғындар қатынай алмай қалған кезде қажет. Төтенше жағдай орын алған жағдайда қайық, өзге де жүзу құралдарымен қатар осы құрылғыны қойып, үстімен тұрғындарды өткізуге болады. Азық-түлік жеткізуге де болады», дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жанар Қабидуллақызы.

Аудан орталығы – Глубокое кентінде де тасқынның алдын алуға ерекше көңіл бөлініпті. Ауыл арқылы өтетін Глубочанка өзені үстіндегі көпір астына қосымша үш су өткізу құбыры салыныпты. Глубокое кенті әкімінің орынбасары Ермек Құрқымбаев аталған өзенді үш метрге тереңдетіп, өзен жағалауын 10 метрге кеңейткендерін тілге тиек етті. «Жұмыстардың бәрі көз алдымызда жүргізілді. Өзен жағалауларын тазартты, артық ағаштарды кесті. Биыл енді бәрі дұрыс болатын шығар деп ойлаймыз», - дейді кент тұрғыны Людмила Корж.

Реті келгенде айта кетейік, Глубокое ауданында жөндеуді қажет ететін көпірлер де бар. Аудан әкімінің орынбасары Сергей Кимасов осы мақсатта аудан бойынша жеті көпір салу үшін 63 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірлегенін айтады. Жалпы, аудандағы барлық көпірлерді жөндеуден өткізу үшін 900 миллион теңгедей қаражат қажет екен, бұл мәселені шешу үшін республикалық бюжетке өтініп беріліпті.

Азамат ҚАСЫМ,

Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы